«Астана» 5 минөттік киносымен халықты қорлады
Зейнеткерлердің, әсіресе жалпы ауыл адамдарының бір ермегі — көп сериялы фильмдер. Бұл жөнінен түрік ағайындарға мың рақмет: айтары аз, тәрбиелік мәні жоқ, кәдеге аспайтын, таусылып бітпейтін көп сериялық фильмдері — зеріккен зейнеткерлерге мың да бір дауа. Кейінгі кездері үнділіктер де түріктерден қалыспайтын дәрежеге жетіп келеді. Олардың ең алғашқы «Бродяга» (қаңғыбас) фильмі көпке қатты ұнап еді. Соңғы уақытта олардың көп сериялы «Келін» фильмі алғашқы кезде көптің көңілінен шыққандай болып еді. Келекеле ол да жалықтыра бастағандай. Өйткені бір оқиғаны бастап келеді де, бірден басқа оқиғаға көшіп кетеді. Әңгіме онда емес, оның көркемдігі мен айтпақ идеясы, әртістердің ойнауы, сценаришісі пен режиссердің әрекеті туралы өз алдына бөлек әңгіме. Әрине, мен фильмдерді көркемдік шеберлік, тәлімді тәрбие алу үшін көремін.
Негізгі айтайын дегенім: осы фильмдерді телеарналар, операторлар халыққа қалай көрсетіп жүр? Көптің көңілінен шығу оңай емес. Сонда да болса халықпен, оның көңіл-күйімен, уақытымен санасып отыру басты міндеттері болуға тиіс. Біз сөз еткелі отырған үнділік «Келін» фильмін «Қазақстан» ұлттық арнасы екі жыл бойы бірсыдырғы уақтылы жақсы көрсетіп келді. Оның ішінде, әрине, 50 минуттық көрсетілімнің 15 минуты, яғни үштен бір уақыты жарнама көрсетумен жұтылып жатады. Осы жерде айта кететін ұсыныс: телеарналар неге жеке жарнама арнасын ашпайды? Сонда, әркім өзіне керекті жарнаманы көретін болар еді. Ал қазіргі жағдайда телеарналар керекті-керексіз жарнамаларды көркем фильмдердің арасына зорлап тықпалай береді. Сол «Келін» фильмін жаңа жылдан бастап «Астана» телеарнасы «Келіннің соңы» деген атпен көрсете бастады. Алдымен «Соңы» деген сөзге түсінбей «Атаманның ақыры» дегендей, дал болдық. Ананди байғұс өліп қалды ма деп ойладық. Жоқ, тірі екен. Сонда не үшін қолданды бұл сөзді? Осы сөзді жөндейтін «Астанадан» бір журналист табылмағаны ма? Қалай дейсіз ғой? «Қазақстан» телеарнасы фильмді 1 минуттық қана таныстыру беташарымен бастаса, «Астана» телеарнасы оны 3-4 минутқа созып көрсетеді. Бір сорақысы — алғашқы кезде бір көрсеткен сериясын келесі күні дәл сол уақытта қайталап көрсетті. Одан кейін бүгінгі көрсеткен серияның бір бөлімін келесі күні түгелдей қайталап көрсетті. Бұл не сұмдық?! Бұл — көрерменді қорлау!
Одан да сорақысы — соңғы кездері 50 минуттық көрсетілімнің уақытын 25 минутқа түсіріп тастады. Оның өзінде алдыңғы айтқанымыздай, фильмнің беташары бар, алғашқы бөлімін қайталап көрсетуі бар, жұртты жалықтырып жіберетін жарнамасы бар, көпшіліктің көруіне тек 5 минуттай ғана уақыт қалады. Сонда, бағдарлама жасаушылар, операторлар көпшіліктің уақытын жеп, неге алдайды? Халықпен есептесіп, осы мәселені қалыпқа келтірер бір жан табылар ма екен?
Абдрахман Асылбек,
ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері