ОҚО-да индустриаландыру бағдарламасымен биыл 17 жоба ашылады
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының Оңтүстік өңірінде жүзеге асырылуы мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында брифинг берді.
Онда әкім айқын межені бағындырып, экономиканы өркендету жолында Оңтүстік Қазақстан облысының да қосар үлесі мол болатынын айтып, өткен жылдың қорытындысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны сақталғанын жеткізді. Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,1% артып, 2 трлн. 808,4 млрд. теңгені құраған.
Экономикалық дамудың жаңа моделіне тоқталған аймақ басшысы Оңтүстік Қазақстан бірқатар салаларда елімізде көшбасшылық орындарда келетінін атап өтті. Мәселен, республикада облыстың ауыл шаруашылығының өнім көлемінің үлесі 12,3%-ды құрайды. Жекелей тарқатып айтсақ жылыжайлар — 1123 га, республикадағы үлесі — 80%, мақта — 286,7 мың тонна, үлесі — 100%, бақша – 1 млн 264,5 мың тонна, үлесі — 61,1%, жүзім — 51,4 мың тонна, үлесі — 68,5%, жеміс — 90,7 мың тонна, үлесі — 37,8%, көкөніс — 944,2 мың тонна, үлесі — 25%.
Мұнан соң, облыс басшысы Жолдауда айтылған цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету бойынша өңірде атқарылатын жұмыстарды баяндады.
Оның айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының көрсеткіштеріне сәйкес 2020 жылы компьютерлік сауаттылық деңгейін 80 %-ға жеткізу керек болса, 2016 жылдың қорытындысымен ОҚО-да бұл көрсеткіш 79,2 %-ды құраған. Ал, «Ақылды қала» жобасы аясында «Smart Ontustik» жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, ол индустриалдық-әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталатынын мәлімдеді.
«2015-2019 жж. Индустриаландыру бағдарламасы аясындағы республикадағы 630 жобаның 135 немесе 21,4% облысымыздың үлесінде. Бағдарлама облыста іске асырылғаннан бері жалпы құны 206,6 млрд. теңгеге, 9,5 мың жаңа жұмыс орнын құрайтын 159 жоба іске қосылып, 101 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ағымдағы жылы бағдарлама аясында 37 млрд. теңгеге 17 жобаны іске қосу, 900-ден астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Осы жылдың үш айында 1,7 млрд. теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асты», — деді әкім.
Мұнан бөлек, Оңтүстік Қазақстанда тоқыма кластерін дамыту мақсатында құрылған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылып, 1056 жұмыс орны ашылған. Бұл аймақта орналасқан 2 кілем фабрикасы өңірде алғаш рет заманауи технологияларды қолдана отырып сәтті жұмыс істеп келеді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі