Санкт-Петербургтегі Уәлихановтар «салдырған» мешіт
Өзге елдің табалдырығын аттай сала, мешітін көрмекке ұмтылатын әдетім бар. Кейде мешіттің әлеуметтік жағдайы, ішіндегі жамағаттың аз-көптігіне байланысты жергілікті мұсылмандардың дінге деген ықылас-пейілін де байқауға болады.
Мешіт зәулім әрі сәулетті екен. Сыртқы көрінісі Өзбекстан мешіттерінің архитектурасын еске түсіреді. Күмбезі – көк. Санкт-Петербург мұсылмандарының негізгі құлшылық үйі саналатын бұл мешіттің құрылысына біздегі төре тұқымдарының, анығында Шоқан Уәлихановтың інілерінің қосқан үлесі бар дегенді естіп, мешіт тарихына қатысты біраз ізденіп көрдік.
Мешіт тарихы тереңнен бастау алады. Сонау 1798 жылы Санкт-Петербургте әскери қызметте жүрген 500-ге жуық мұсылман патшадан құлшылық жасайтын үй мен қаза тапқандарын көметін жер сұрайды. Ал 1803-1804 жылдары Андрей Воронихин мен Луиджи Руска мешіттің жобасын жасап шығады. Бірақ екі жоба да жүзеге асырылмаған күйі қалады. Намаз оқуға орын казармадан бөлінеді. Ал 1862 жылы чиновниктер әскери қызметтегі Мұхаммед-Әлім Хантеміров ахунның мұнаралы мешіт салу үшін ақша жинау туралы өтінішін қанағаттандырмай тастайды.
1869 жылғы санақ бойынша, Петербургте 1700 мұсылман тұратын. Оның 1585-і татарлар болатын. Бұл аз сан емес еді.
1881 жылы мешіт салу мәселесін жергілікті мұсылмандар қайта көтеріп, ақыры Орынбор округінің мүфтиі Сәлімгерей Тевкелевтің араласуымен рұқсат алынады. Алайда, мешіт салуға қаржыны мемлекеттің бөлмейтіні анық еді. Сондықтан қайырымдылық, садақаға үміт артуға тура келеді. Алғашында құлшылық үйін салуға қаржыны жергілікті татар мұсылмандар ғана жинады. Олар жыл сайын жиналған ақшаның есебін министрлікке беріп әрі Ресейдің түкпір-түкпіріне тарайтын Исмаил Гаспринскийдің «Тәржіман» газетіне жариялап тұруы тиіс болатын.
Санкт-Петербургте мешіт салынғалы жатқанынан жан-жақтағы мұсылмандар да хабардар болады. Қалада құрылған қайырымдылық қорына Шәмші Асадуллаев, Мұса Нагиев секілді көпестер, медицина докторы Әбдухалық Ахунов, сонымен қатар Санкт-Петербургте қызмет етіп жүрген қазақ сұлтандары ағайынды Уәлихановтар да өз үлестерін қосады. Жалпы деректе осылай делінеді.
Уәлиханов дегенге елең еткеніміз анық. Алғашында бұл фамилияны Шоқанмен байланыстырсақ та, кейін ол емес екеніне анық көзіміз жетті. Өйткені, ғалым Санкт-Петербургте 1859-1961 жылдары болған. 1860 жылы оны ІІ Александрдың өзі қабылдап, орденмен марапатталып, әскери шені жоғарылайды. Алайда, Петербургтің ылғалды ауа райы денсаулығына жақпаған Шоқан бұл қаладан кетуге мәжбүр болады. Осыған сәйкес мешітке қаржы бөлген қазақ сұлтандары Шыңғыс Уәлихановтың Санкт-Петербургте білім алған өзге ұлдары деген болжамға келдік. Ал белгілі ғалым Сейіт Кенжеахметұлы өзінің «Шоқанның әкесі – Шыңғыс» атты мақаласында сұлтанның өзге балалары туралы: «Шыңғыс пен Зейнептен «ата көріп оқ жонған» жеті ұл, «ана көріп тон пішкен» екі қыз өсіп ер жетті. Олар: Шоқан, Жақып, Мақы (Мақыжан), Ахмет, Махмұт, Қоқыш (Нұрмұхамбет), Сақып- керей, Ұрқия және Рақия. Шоқан белгілі шығыстан шыққан ұлы ғалым. Мақы (1844-1923) Петроград сурет училищесін бітірген суретші. Жұрт білетін сәулетші Шота Ыдырысұлы Уәлиханов – осы Мақының немересі. Махмұт (1848-1918) Омбы кадет корпусында, Петербургте оқыған, Г.Н. Потанин және басқа орыс жазушы, ғалымдарымен жиі араласқан. Сақыпкерей белгілі күйші-композитор. Басқа балалары көп оқымаған», – деп жазады. Осы мәліметке қарағанда, мешіт салуға көмектескен сұлтандар Мақы мен Махмұт төрелер болуы әбден мүмкін.
1902 жылы татар жамағатының қоржынында 44 мың рубль бар еді. Сол жылдың 12 сәуірінде болған мұсылмандар жиналысында жиналған сомамен мешіт құрылысын бастау қолға алынды. Осыдан кейін-ақ мешіт қорына жан-жақтан қаржы құйыла берді. 1907 жылы Ресей бойынша жиналған қаржы 103 мың рубльге жетті.
Мешіт жайдан-жай салына салған жоқ. Сәулетшілер арасында арнайы конкурс ұйымдастырылды. Ақыры архитектор Николай Васильевтің жобасы жеңіп шығып, мешіт салына бастады. Мешіт 1913 жылдың 22 ақпанында Бұхар әмірі Саид Мир Әлім хан мен Хиуа ханы Саид Асфендияр Богадурдың Санкт-Петербургке келіп, арнайы қатысуымен салтанатты түрде ашылды.
Үлкен қиындықпен салынған мешіт жамағатқа толықтай қызмет етіп үлгерген жоқ. Бұл өлкеге Кеңес үкіметінің орнауымен сенім иелерін қудалау басталды. Мешіт көкөніс, жеміс сақтайтын қоймаға айналды. Соғыс жылдарында медициналық заттар да осында сақталды. Жергілікті татарлар жұма намазын Волковский зираты жақта, қабір арасында жиналып оқуға мәжбүр болды.
Татарлардың қоймай шағымдануының арқасында 1949 жылы мешіт Эрмитаждың бір бөлігі ретінде, Орта Азия мұралары сақталатын музей болып қайта ашылды. Ақыры не керек, Сталин өлгеннен кейін, тек 1955 жылы мешіт мұсылмандардың қолына қайтарылып берілді.
Міне, біз бүгін 100 жылдан астам тарихы бар, талай зұлматты бастан кешірген мешіттің алдында тұрмыз. Мешіттің екі мұнарасы бар. Биіктігі – 48 метр. 5000 адам сияды. Әлемдегі барлық мешіттер секілді мұнда да бірінші қабатта ер адамдар намаз оқиды. Екінші қабат әйелдер қауымына тиесілі. Мешіт қабырғалары Құран аяттарымен безендірілген.
Жұма болған соң адам көп жиылыпты. Мешіт толды десе де болады. Имамға ұйыған жамағат әп сәтте намазды оқып болып, жан-жаққа тарасып жатты. Санкт-Петербург туристер көп аялдайтын қала болғаннан кейін бе, мешіттен де туристерді кездестірдік. Түркиядан келген апайлармен әңгімелесіп, намаздан соң сәл аялдап қалған едік. Астыңғы қабаттан құлағымызға мешіттің жабылатынын айтып, шығуды талап еткен дауыс естілді. Бір мұсылман алдына жайылған Құранына үңіліп: «Тек бір бет, бір-ақ бет оқып тастайыншы», – деді өтінген үнмен. Көңіл алай-дүлей болып кетті. Өзге дін өкілдерінің арасында тұрып, емін-еркін дініңді ұстана алмау қандай қасірет! Төменге түсіп, мешіт «Расымен жабық тұра ма?» деп сұрап едім, тек құлшылық кезінде немесе арнайы мейрамдарда ғана ашылатынын айтты.
Үстіміздегі жылдың 3-сәуірінде Санкт-Петербург қаласында террорлық жағдай орын алып, метрода жарылыс болғаны белгілі. Сол да әсер етті ме екен, қалада тексеріс күшті. Метроға кірген-шыққанда сөмкемізді арнайы тексеріп отырды. Жалпы халықтың көзқарасы мұсылмандарға жаман емес десек те, сақал қойғандар мен орамал таққандарға үрке қарайтын болған. Міне, осындай жағдайда мешіттің ашық тұруы, жамағаттың құлшылығын өтеп жатуының өзі үлкен жұбаныш еді…
Әрі бұл мешітте қазақтың да кіп-кішкентай үлесі бары қандай мақтаныш!
Марфуға ШАПИЯН