ОҚО-да төлебилік бағбан интенсивті жаңа технологиямен тастақты жерде жүзім өсіруде
Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы, Тасарық ауылында жүзім өсіру ісі қолға алынды. Жеке кәсіпкер Сабыржан Танабаев тастақ жерді тиімді пайдаланып, 2016 жылы жаңа технологиямен 10 гектарға жүзім еккен. Ал биыл қосымша 10 гектар жерге 16 мың түп көшет отырғызыпты. Шаруашылыққа қарасты 20 гектарға жалпы саны 32 мың түп «Таифи-Розовый» асханалық жүзімі егілген. Қазіргі таңда түркиялық мамандардың көмегімен бетон тіреуіштер орнатып, тамшылатып суару жүйесін қондырып жатыр.
«Жүзім егу ісін 2016 жылдың сәуір айында бастадық. Ең алдымен тастақ жердің алғашқы қыртысын сырып тастап, құнарлы топырақ төсеп шықтық. Мұнда егілген көшеттерді Сарыағаш ауданынан арнайы алдырттық. Алғашқы 16 түп көшеттің 98 пайызы тамыр алып, өніп шықты. Қазіргі жүзімнің жағдайы өте жақсы. Қыс бойы жер астына көмілгендіктен бүгінде жер бетіне қайта шығарып, тіреуіштер орнатып жатырмыз», — дейді шаруа қожалығы директорының орынбасары Нұрғиса Дербісов.
Жобаның жалпы инвестициялық құны — 50 млн теңгені құрайды. Бұл қаржының тең жартысын «Даму» бағдарламасы аясында «Максимум» аймақтық инвестиция орталығынан алған. Қожалық басшысы 10 гектар жерді сатып алса, 10 гектар жер мемлекет тарапынан 49 жылға жалға берілген.
«Былтырғы жылы жүзім алқабының әр гектарына мемлекет тарапынан 750 мың теңгеден субсидия берілді. Бұл бізге үлкен көмек болды. Жүзімбағымыз биылғы жылы алғашқы өнімін бере бастайды. Алдағы жоспарымызға сәйкес, гектарына 35-40 тоннадан өнім алу ойымызда бар», -дейді Нұрғиса Дербісов.
Бүгінде жүзімбақта 20-ға тарта адам еңбек етіп жатыр. Жалақылары орташа есеппен 60 мың теңгені құрайды. Ал, маусымдық жиын-терім мезгілінде мұнда 60-қа жуық адам жұмысқа тартылатын болады.
Айта кетейік, қожалық алдағы жылдары жүзімді қайта өңдеу ісін қолға алып, жүзімбаққа жақын маңнан көкөніс сақтау қоймасының құрылысын бастамақ ниетте.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі