Отанды сүйсең, елді сүйсең, Сабырша сүй!
Ақтауда арқалы ақын, Президент сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Адайдың «Алтынзер» атты жыр кеші өтті.
«Үрей дерті» қандай дерт?
Рухани шара «Үрей дерті» спектаклімен басталды.
«Үрей дерті» — Сабыр Адайдың «Он сегіз мың ғалам және ксенофобия дерті» туындысының желісіне сүйене отырып, шығармашылық ұжымның импровизациясымен жасалған қойылым.
Қарақұрт, жылан, саз, қасқыр, сауысқан. Спектакль адамзатты осы 5 типке бөліп қарастырған. Табиғат пен Адам арасындағы үйлесімділіктің құрдымға кетіп бара жатқаны жақсы көрсетілген.
Үрей мен үміт. Сана мен елес. Жеті бөлімнен тұратын өмірзая — толғау. «Үрей дерті» деп аталатын туындының мәні осы. Қойылымда қазақ халқының басынан кешкен тоқырау жылдары мен қиындықтары көрсетілді. Сондай-ақ, жетімдер үйіне сәби өткізген опасыз ана, анасын қарттар үйіне өткізген безбүйрек бала, жатырға біткен баланы алдырып тастауға бекінген ананың жайы — емі жоқ дерт. Спектакльде қоғамның әлсіз тұстары: зұлымдық, надандық пен қайырымсыз адамдардың әрекеті әжуа, мысқылмен сипатталды. Мұны барлығын бір ғана нәрсемен жеңуге болады. Ол — имандылық.
18 мың ғаламды аздырған адам біткеннің түрлі жағдайдағы кейпін Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драмалық театрының әртістері ерекше жеткізді. Спектакльді жоғары деңгейде орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Өнерпаздардың өнеріне риза болған халық тік тұрып, қошеметтеді.
«Әр қазақ — менің жалғызым» деп жырлағаны күллі қазақтың ұранына айналған қаламгердің кешінде ине шаншар орын болмады. Шараға алыстан арнайы келген қаламдос замандастары, қазақтың маңдайына біткен марқасқалары мен жергілікті ақын-жазушылар қатысты. Сабыр Шеркешбайұлы маңғаз аймақтың рухани және қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі үшін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Құрмет» грамотасымен марапаттап, шапан жапты.
— Бүгін шын мәнінде қазақтың қара өлеңінің төрге шыққан күні. Сөздің киесі құрметтелген мерейлі де мәртебелі, рухани кешке куә болып отырмыз. Қазақ үшін сөз — кие, жыр — намыс, өлең — өмірдің мәні. Данышпан Абай айтқандай: «Өлең — сөздің патшасы!».
Тәуелсіздіктің туын тіктеп, халқымыздың рухын асқақтатып, ұлттың бірлігін күшейту жолында Сабыр ақынның «Әр қазақ — менің жалғызым» деген бір ауыз сөзі ұлтының ұранына айналды. Осы бір ұран-жырын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тіліне тиек еткен болатын. Осы киелі топырақта кіндік қаны тамған қазақтың көрнекті қаламгері, мемлекет және қоғам қайраткері, Әбіш Кекілбайұлы жиі айтатын бір сөз бар: «Ұлан-байтақ даланың төсінде, еркін өскен елдің жанын қорғаған бір қаруы білегінің күші, найзасының ұшы болса, арын қорғаған бір қаруы сөз болатын. Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған секілді жыраулардан басталатын Маңғыстау әдебиеті бүгін де тұлғасыз емес. Сабыр ақынның шығармашылығы — соның дәлелі. Біртұтас Қазақстан халқының ынтымағын жырлап, тыныштығын тілеу үшін де үлкен жүрек керек. Өз ұлтын шексіз сүйген, шынайы елшіл, отаншыл жүрек керек. Сондай жүректен туған жыр ғана халықтың арманымен үндеседі. Тәуелсіздікті алу қандай маңызды болса, оны сақтап тұрудың жауапкершілігі одан да зор екендігі туралы Елбасы жиі айтады. Бір кездері Бұқар жыраудан бастап қаншама ата-бабамыз азаттықты аңсап жырласа, жаңа заман ақындарының қаламына елдің еркіндігін, қазақтың дербес мемлекеттігін жазу бұйырды. Бұл — үлкен бақыт, зор жауапкершілік! Сіз осы жауапкершілікті арқалаған ақынсыз. Құрметті Сабыр Шеркешбайұлы! Өзіңіз жырлаған Махамбеттің сертіндей берік, семсеріндей өткір, өр рухты жырларыңыз ғұмырлы болуын тілеймін. Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер, қоғамда елдік идеясы айқын қайраткер, алаштың арлы азаматы деген абыройыңыз аса берсін, жасай беріңіз! Шығармашылық кешіңіз құтты болсын! — деді облыс әкімі.
Ералы Тоғжанов «Үрей дерті» әфсанасына ерекше тоқталып өтті
— Бүгінгі кешке еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келген екен. Қош келдіңіздер. «Үрей дертінде» «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бастап, қазақтың басынан өткен талай қиындығы көрсетілді. Отаршыл саясат та болды. Алаш арыстарын жоғалтқан кез бен ашаршылықты да көрсетті. Тәуелсіздік келді. Еліміз аяғына тұрды. Діліміз оралды. Тіліміз келді. Жанымыз бен рухымыз қанаттасып, қазақтың даласында қазақтың баласы өсіп-өніп жатыр деп айтсам, артық болмайды. Қойылымда бүгінгі күннің қарақұрттары да, бүгінгі күннің жыландары да көрсетілді. Жетімдер үйі, тастанды бала да көрсетілді. Мұның барлығының емі — имандылық. Залда елдің симай жатқанын көріп, мен халықтың Сабырға, ақынға, өнерге деген сүйіспеншілігін байқадым, — деді Ералы Тоғжанов.
Кеш барысында Сабыр Адай сөз сөйлеп, жиналғандарға рақметін айтты.
— Ассалаумағалейкум, қадірлі қаракөз бауырларым! Бүгін өнер кешіне, өлеңнің, бірлік пен берекенің кешіне барлығымыз жиналып отырмыз. Өнер де, өлең де ата-бабалардан қалған мұра. Біздер соны ұрпақтан-ұрпаққа жалғаушылармыз. Өлеңді тек ақын жалғамайды. Өлеңді ұлт жалғайды. Кеш барлығымызға ортақ. Ең бастысы, қазақтың мерейі үстем болсын. Көрсетіліп жатқан құрметке рақмет! — деді ақын.
Сабыр Адайдың «Әр қазақ — менің жалғызым», «Маңғыстау — көздің қарасы», «Алтынзер» тағы да басқа көптеген авторлық өлеңдерін театр әртістері оқып, көрермен көңілін бір серпілтті. От ауызды, орақ тілді ақынның еңбегі қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік туындылар дейді шарада сөз алған кеш қонақтары.
— Қабырғалы Маңғыстаудың қадірлі ақыны Сабыр Адайдың шығармашылық тойына қош келдіңіздер. Келген қадамдарыңызға гүл бітсін. Жаңа заманның кеші болып отыр. Бұл кештен Маңғыстауға келген жаңа басшылықтың өнерге деген әдебиетке деген ынта-ықыласын байқауға болады. Бүгінгі мереке бұдан әсем, бұдан да мәндірек болып өтер еді. Егер Әбіш аға мен Фариза апа тірі болғанда. Екеуі о дүниеде Сабырды қолдап, қорғап жатқанына мен өз басым сенемін. Маңғыстауда Сабырдың соңынан еріп, өсіп келе жатқан ақындар көп. Мәселен, Рахат Қосбармақ, Анар Шамшадинова, Әнуар Бимағамбет, Асылбек Жаңбырбай сынды мықты ақындар бар. Мен осы таланттылардың қай-қайсысының да талай биікті бағындыратындарына кәміл сенемін. Бұл кешті мен Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен астасып жатқан дүние дер едім, — дейді ақын Есенғали Раушанов.
Ақын өлеңі арқылы киелі Маңғыстауға ғашық болдым
Содан кейін «Қазақстан ZAMAN» халықаралық газеті бас директорының бірінші орынбасары, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы сөз алып, ақынның кешіне лебізін білдірді.
— Бүгінгі той маңғыстаулықтардың ғана емес, күллі қазақтың тойы. Әр қазақты жүрегіне сыйдырған Сабырдың тойы. Сабыр — бүкіл қазақтың ақыны. Қазақтың мақтанышы. Шығармашылық кездесуді ұйымдастырып отырған ұйымдастыру орталығына, соның ішінде Сабырдай ақынның өнерін бағалаған Ералы Тоғжанов мырзаға рақметімді айтамын. Қазақта ақын ортақ, батыр ортақ дейді. Сабыр тек адайдыкі емес, Сабыр барша қазақтікі. Манағы көрсеткен «Үрей дерті» қойылымы арқылы өнердің құдіретін білдік. Рас, мен Сабырдың өлеңімен, Сабырдың бүкіл болмысымен киелі Маңғыстауға ғашық болдым. Себебі Сабыр жәй ақын емес. Арқалы ақын, намысты ақын, рухты ақын. Ырымшыл қазақпыз Елбасының кешегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруды» да мен тағы да Сабырмен байланыстырамын. Сабыр, сен бақытты ақынсың. Сен Тәуелсіз Қазақстанның ақынысың. Көп сөйлер едім, адайлардың алдында қобалжып тұрмын. Сабыр сені алақанына салған қазақтан айналайын. Ана не тілейді? Ана елінің амандығын тілейді. Ана жұртының тыныштығын тілейді. Ана сендей ақынға тек қана денсаулық тілейді. Денің сау болсын. Барша қазақтың еркесі болып жүре бер. Сабыр Адай — барлық құрметке лайық жан.
Сабыр біздің «Қазақстан ZAMAN» газетінің де жанашыры. Сабырдың алпысында, жетпісінде кездесейік. Мен де сексенге, тоқсанға келіп, соның куәсі болайын. Отанды сүйсең, елді сүйсең, салт-дәстүрді, діліңді Сабырша сүй дегім келеді. Аман болыңыздар!
Ахмет Аляз, түркітанушы:
— Сабыр аға, шығармашылық кешіңіз құтты болсын. Осыдан бір-екі ай бұрын жол түсіп, Маңғыстауға келдік. Сонда Сабыр Адай бізді күтіп алып, Бекет ата, Шопан ата, Отпан тауға апарған еді. Маңғаз аймақтың тарихын айтып берді. Сол кезде Сабыр аға бір тілек айтып еді. Жылда наурыз айының 14-де Отпан таудың басында «Амал мерекесі» тойланып, жұрт бір-бірімен көрісетіндігін айтып, бұл үрдістің күллі түркі әлеміне таралғанын қалайтынын жеткізді. Бүкіл түркі балалары осында келіп көріссе деп тілегін айтқан. Лайым, соған жеткізсін. Қойылымдағы айтпақ ойыңыз бойынша қарақұрттар қоғамнан алшақ жүрсін дегім келеді.
Бердібай Шалабаев, әдебиеттанушы:
— Мереке баршаңызға құтты болсын. Бұл кеш — болашаққа бағдар беретін, рухани жаңғыруды одан әрі әсірелей түсетін үлкен жыр кеші. Рухани азық алғандарыңызға қуанамын. Сабырдың әкесі Шеркешбай — менің ұстазым. Талай жақсы тілектер айтылды. Сабыр — Алаштың айбатты ақыны.
Ислам Жеменей, тарихшы, филология ғылымдарының докторы:
— Сабыр Адайдың шығармашылығын тәуелсіздік жылдарымен байланыстырамын. Сабыр Адай да елдің тәуелсіздігін сағынған сирек кездесетін ақындардың бірі. Оның жаны ұлттың жанымен, Отанның жанымен үндес. «Әр қазақ — менің жалғызым» деген сөзді айту үшін үлкен жүрек керек. Оған терең ой керек. Батылдық керек. Кез келген адам мұндай қанатты сөз айта алмайды. Сабырдың поэзиясы — жол көрсетуші поэзия. Сабырдың поэзиясында Махамбеттің батырлығы мен Абай Құнанбайұлының терең философиялық ой мектебі жатыр. Батылдық пен ойшылдықты қоса алып келе жатыр. Өжеттілік бар. Мінез бар.
Кеште Салауат Исахаев пен Нұрлан Мұсаев сынды айтыскер ақындар да төбе көрсетіп, айтыс өнерін паш етті. Сондай-ақ, Есенбай Құли, Роза Айдарбаева, Асанәлі Көшеров те ән айтып, жиналғандарға ерекше көңіл күй сыйлады. Шарада «Сегіз арыс Адай» қоғамдық қорының ұйғарымымен Сабыр Адай «Адай ата» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, ақындар Сабыр Адайға жырмен сый жасаса, ал «Қазақстан ZAMAN» газетінің Сәуле Мешітбайқызы бастаған ұжымы картина, қалқан мен қос семсер сыйлап, алғыс хатпен марапаттады.
Қоғам қайраткері Дүйсенбі Әріпов, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Бектұр Төлеуғалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші Сержан Шәкірат, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының директоры Нұрнияз Мұқанов, кинорежиссер Сергей Әзімов, Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы, кеш ұйымдастырушысы Бекмұрат Жүсіпов, «Қазақстан.kz» сайтының бас редакторы, түркітанушы Доған Йылдыз және басқалар ақынға жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Кеш барысында қазақтың белгілі күйшісі Айгүл Үлкенбаева күй тартса, әнші Айгүл Қосанова әнін әуелете орындап, жұртшылыққа керемет көңіл күй сыйлады.
«Алтынзер» кеші жырмен көмкерілді. Зал лық толып, ине шаншар орын болмады. Бұл да болса, өнер сүйер қауымның ақын жырына деген құрметі. Тағы бір жайт, кеште түрегеп тұрғандардың басым көпшілігі жастар болды. Бұл да жас өрендердің өнерге, өлеңге деген құрметі деп білемін.
Ұлттық рухты танытып, түп-тамырымызды жырлаған ақынның кеші араға жиырма жыл салып болып отыр. Шараға жиылған қауым ақынға қошеметін көрсетуден жалықпады. Бұл — халықтың сөз өнеріне деген сүйіспеншілігі.
Шығармашылық кеш «Нұр Плаза» мейрамханасында жалғасты. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов ақын мен оның қонақтарының құрметіне ақ дастархан жайды. Онда жергілікті ақын-жазушылар, Маңғыстаудың Құрметті азаматтарынан бастап, Алматы, Астана, Көкшетаудан келген қонақтар жылы лебізін білдірді. Шара барысында кейбірі Сабыр Адайға арнап өлеңдерін оқыды. Солардың бірі «Президент және халық газетінің» Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі, ақын Маусымжан Байқұлқызы және де басқа ақындар Сабырға арнап жырларын оқыды.
Шара соңында кеш иесі Сабыр Адай сөз алып, игі тілектерге рақметін айтты.
— Бұл кешті қазағымыздың өз ұлына, ұлттық өнерге деген пәк көрінісі дер едім. Әр тілектеріңіз үшін рақметімді айтамын. Өлеңді сыйлаған қазаққа басымды иіп, алғысымды айтамын. Осыншама ықылас ниеттен ақын болып, көктемеу мүмкін емес. Осы кешті ұйымдастыруға атсалысқан жандарға ерекше алғысымды білдіремін. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановқа, «Қазақтелекомның» Маңғыстаудағы филиалының бас директоры Ержан Сәрсембаевқа, мені қолдап, тілеуімді тілеп жүрген «Қазақстан ZAMAN» халықаралық газеті директорының бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызына, кештің ұйымдастыру алқасындағы Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Бекмұрат Жүсіповке, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драмалық театрының директоры Нұрнияз Мұқановқа және тағы да басқа аты аталмай қалған құрметті жандарға ерекше рақметімді айтамын. «Үрей дерті» спектаклін сахналаған жергілікті театр әртістеріне де рақмет. Сондай-ақ, менің бір ауыз сөзімді жерге тастамай, алыстан келген қонақтарға алғыс білдіремін.
Түйін:
Сабыр Адай — Тәуелсіз Қазақстанның арлы, рухты, намысты ақыны. Өткір тілді, ораз ауызды ақынды ХХІ ғасырдың Махамбеті десек, артық айтқандық емес. Оның өлеңдерін Елбасының өзі жоғары бағалап, ерекше ілтипат білдірген. Бұл оның озықтығын, өз заманынан аса туғандығын білдіреді. Ол өлеңдерімен бар қазақтың бойынан ұлттық намысты, рухты оятады. Сабыр Адайды халқы сыйлайды, құрметтейді. Оның шығармашылығы қашанда жоғары бағасын алып отыр және болашақта да жоғары бағасын ала береді де. Өлеңді пір тұтқан Сабырдай ақыны бар қазақ қандай бақытты!
Айман Оңғарбайқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсаин және Серік Майемеров