Президент тапсырмасына мойынсұнбайтын шенеуніктерге қандай жаза лайық?

Мәжілісмен Кеңес Абсатиров үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын алға тартып, «Қазақстан — 2050» стратегиясында айтылған отандық өндірушілерді қолдау кемшін түсіп жатқанын еске салды. Оның сөзінше, мемлекеттік органдардың көлік өндірушілерге ресми талаптары туралы ақпарат жоқ. Мемлекет отандық автомобиль өнеркәсібіне үлкен қаржы құйып отыр, сондықтан талап қою орынды. Депутат осы талаптар арқылы көліктерді мемлекеттік органдар үшін ғана емес, қарапайым халық тұтынатындай жақсартуға болады деген ойда.

Депутаттық сауалда мына мәселеге қатты ден қойылғаны байқалады: Президенттің «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» атты мақаласындағы прагматизм қағидасы әлі жүзеге аспай жатыр. Бүгінгі кереғар істерге күйінген депутат: «Біздегі шенеуніктер бәрін керісінше істейді: халықтың ақшасын шашып, бірі-бірінен асып түсуге тырысады», — деп ашынады. Сондай-ақ, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан қызметтік көлік алуға бағытталатын мемлекеттік сатып алу мәселесін қайта қарастырып, Елбасының тапсырмасын елемеген мемлекеттік орган басшыларын жауапқа тартуды сұрайды. Мәселенің анық-қанығын нақты білу үшін депутатпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

— Кеңес Ғарапұлы мырза, сізден Үкімет басшысы Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалыңызға қатысты бірнеше сауал қойғым келіп отыр. — Мен дайынмын. Бірақ қазақшам аздау еді, кей ойларымды жеткізе алмай қалмасам…

— Қысылмаңыз, қиналған жеріңізде ресми тілде жосылта беріңіз, аударып аламын.

— Онда қоя беріңіз сұрағыңызды.

— Елбасы ертеректе шенді-шекпенділерге шетелдік қымбат көліктерді сатып алғанша, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдап, Қазақстанда шыққан көліктерді мінуге шақырып еді. Сіздің жан айқайыңызды осы тұрғыда түсінуге болатындай. Сонда бізде шынымен-ақ Елбасының бастамасына бағынғысы келмейтін шенеуніктер көп пе? Сіз қандай фактілерге жүгіндіңіз?

— Құр босқа сөйлемейміз ғой. Қостанай облысында шығатын «Новая газета», ұмытпасам, 17 ақпанда 2017 жылы Қазақстан бойынша қандай көліктер сатып алынатыны туралы зерттеу жүргізіпті. Сонда көп мәліметтер келтірілген. Шынын айтайын, мемлекеттік орган өкілдерінің көбі шетелдік көліктерді көптеп сатып алып, Елбасының тапсырмасын елемей отырғаны шындық. Жыл басынан бері шенеуніктер 400-ден аса қымбат шетелдік көлік сатып алғанын дәлелдей аламын. Соның ішінде ең жаңа Land Cruiser 200 және Land Cruiser Prado маркалары, 100-ден аса Toyota Camry бар. Бұл шектен шыққандық емей немене? Қарапайым ғана бір-екі мысал: атыраулық музыка колледжі таяуда Land Cruiser Prado сатып алды. Жамбыл облыстық филармониясы да олардан қалыспай Land Cruiser 200 алды. Не болды сонша, музыкалық мекеме жетекшілері 80 мың долларға көлік алмаса жүре алмайтын болғаны ма? Олардың шығармашылық ұжымында басқа қиындықтар жоқ па, бюджет қаражатын қайда жұмсарын білмей отыр ма? Мұндай фактілер жетіп артылады. Осыларға бір тоқтам айтатын кез келді ғой.

— Дұрыс айтасыз, өкпеңіз орынды. «Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік» демекші, тіл ұшына келген сауалды айтпасыма болмай тұр. Өзіңіз қызмет жасайтын Парламентке де ағылып келіп жататын қызметтік көліктердің көпшілігі шетелдік қымбат көліктерге ұқсайды.

— Парламенттегі қызмет көліктерінің дені Қазақстанда шығатын «KIA» көліктері. Мұны сеніммен айта аламын. Бір жолы көлік жүргізетін жігіттермен сөйлескенде мұны анықтағам. Әрине, ескі 2005 жылы алынған шетелдік көліктер де жүр. Қып-қызыл ақшаға алынған оларды қолданыстан шығарып тастау әжептәуір шығын ғой. Сондықтан олар өздерін ақтағанша жүре береді деп ойлаймын. Рас, Парламент гаражында қымбат жаңа шетелдік маркалар болуы мүмкін. Бірақ олар шетелдік делегацияларды күтіп алуға, мерекелік шараларға арналған.

— Құпия болмаса, өзіңіз қандай көлікпен жүресіз?

— Менде «Опел Астра» көлігі. 2008 жылғы. Бұл көлікті қолдан сатып алдым. Маған машинаның маркасы қажет емес. Маған жүретін болса жарап жатыр.

— Депутаттық сауалыңызға оралайын, осы біздің шенеуніктер өзімізде шығатын жеңіл көліктерді алуға неге құлықсыз? Олардың да айтар уәждері бар болуы мүмкін ғой?

— Менің білуімше, олар Қазақстанда жасалған көліктер қолдануға ыңғайсыздау деген сылтаулар айтады. Бұл — қате пікір. Жаны ашымастың сөзі! Менің жеке көзқарасым бойынша, қазақстандық көліктер жайсыз деп менсінбейтіндер және сылтау айтып ақталатындар «Forbes» журналындағы ауқатты бизнесмендер сияқты шалқып жүргісі келетіндердің мысық тілеуі. Бұл жерде бір айырмашылық бар. «Forbes» журналына шығатын бизнесмендер қажетіне өз қаражатын жұмсайды, біздің шенеуніктер халықтың қаржысын шашады.

— Кешіріңіз, сөз арнасынан сәл ауытқығым келіп отыр. Сіз секілді еркін ойлы депутатпен күнде кездесіп жатқан жоқпын ғой. Мүмкіндікті пайдаланып, халық арасында сөз болып жүрген депутаттардың айлығы туралы сұрағым келіп тұр. Депутаттардың жалақысына үстеме қосылып, миллионға таяғаны құпия емес. Осы жайлы бірнеше сауалға жауап беруге қалайсыз?

— Біріншіден, айлық мәселесін біз шешпейміз ғой. Екіншіден, бұған жауап бере алмаймын. Біз келістік қой, тек депутаттық сауалдағы көтерілген мәселе бойынша деп. Енді бұра тартпаңыз.

— Жарайды онда, Президент Жолдауларын халыққа кеңінен насихаттау үшін елді мекендерге шығасыз, халықпен жүздесесіз. Ел-жұртты қандай мәселе толғандырады? Қарапайым жұрттың бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Тым болмаса осы жайлы айта кетіңіз.

— Мен осы жылы Жамбыл мен Батыс Қазақстан облыстарына сапарлап қайттым. Халық жаман тұрмыс кешіп жатқан жоқ. Көбіне кәсіпкерлермен жолықтым. Олардың айтатыны — «гос закупканы» құрту керек. Расымен-ақ, 90жылдары ол керек еді. Бәрі шашылып кеткен еді ғой. Қазір өз кәсіпкерлеріміз бәрін шығарады. Сондықтан осыны бір жолға қоятын кез жетті.

— Шыныңызды айтыңызшы, өзіңіз аралаған облыстардың әкімдерінің жұмысына көңіліңіз тола ма?

— Қалай десем екен, көп жағдайда біз әкімдермен емес, қарапайым адамдармен кездесеміз ғой.

— Сол жердегі кісілердің әкімдерге деген көзқарастары қалай дегенім ғой?

— Меніңше, әкімдердің көбісі қолдарынан келгендерін жасап жатыр. Су жүргізіп, жол салып жатыр. Халықпен жүздесіп, арыз-шағымдарын қарап жатыр. Сөзіңізге орай айтайын: мен жүздескен халық әкімдерін жамандап көрген жоқ. Олар жеке бастың проблемасын емес, жалпыға ортақ нәрселерді айтады. Мысалы, қатынас жолдарын салу, су мәселесі, мектеп туралы көп айтылады. Жұмыс жасайтын әкімдер шамаларына қарай істеп жатыр. Оларды жамандай беруге болмайды. Бәлкім, олардың орнына бізді әкім сайласа, олар секілді жұмыс жасай аламыз ба? Соны да ойлайық.

— Қазақшаңыз жаман емес қой, Кеңес мырза. Министрлердің ығына жығыла бермей, мемлекеттік тілдің абыройын көтере беруіңізге тіліктеспін. Сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет!

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК