Асқар Жұмаділдаев: Орта мектепте барлық пәндер ана тілінде оқытылуы тиіс

Белгілі академик, математик Асқар Жұмаділдаев орта мектептегі барлық оқу пәндері ана тілінде өткізілу керектігін айтты.

Бұл туралы академик Қазақ әдебиеті басылымындағы мақаласында жазды.

– Менің ойымша, Советтік дәуір кезінде жаратылыстану ғы­лымдарын оқыту жүйесі өте жоғары бол­ды. Оны бүкіл әлем мойындайды. Аме­ри­каға бара қалсаңыз, әр университетте математикадан сабақ беретін не орыс, не еврейді табасыз. Мен Москвада оқыдым, курс­тастарымның жартысы Америкада. Аме­рикалық университет деген не? Аме­ри­калық университет деген, әзіл-қалжың ара­лас сөздермен айтсақ, орыстың профессоры математиканы Қытайдың сту­ден­тіне үйрететін университет. Ал қоғам­дық ғы­лым­дар идеологияға тәуелді болды.

Екінші мәселе – жаратылыстану ғы­лы­мына осындай өзгеріс жасау керек пе? Меніңше, жаратылыстану ғылымын бұлай өзгертудің қажеті жоқ. Біз батысқа елік­теу­дің екінші жағына тым көп далақтап кет­тік. Минус пен плюс қатар жүруі керек. Жа­ратылыстану ғылымы – математика, хи­мия, физика Совет Одағы кезінде өте жо­ғары деңгейде оқытылатын. Соның не­гізінде жаратылыстану ғылымын қазақ тілінде жап-жақсы үйретуімізге болады. Ғы­лым мен білімнің екі түрі болады. Бі­рін­ші – бастауыш мектеп, екінші – жоғары оқу орындары. Біздегі бастауыш мектептің деңгейі жоғары, ал жоғары оқу орындарына келсек, біз шетелден кейін қаламыз, оны мойындауымыз керек. Оның негізгі се­бебі – құрал-саймандардың болмауы, ғы­лымды әрі қарай дамытатын, бәсекеге бейімдейтін әдіс-айланың болмауы.

Мә­селен, Американы не болмаса Еуропа, Анг­­­лияны алып қарасаңыз, онда 12 класстық оқу жүйесі қалыптасқан. Біздің баяғыдағы 10 жылдық біліміміз шетелдің 12 жылды­ғы­нан асып түсетін. Өйткені, математиканы да, физиканы да жеке ғылым ретінде оқы­дық. Қазіргі біздің үкіметіміздің сая­са­ты бұл ғылымдардың бәрін ботқа қы­ла­мыз дегенге саяды. Математиканы, физиканы, химияны, биологияны қосып бір ғылым, қа­зақ тілі мен әдебиетін қосып бір ғылым, та­рих пен географияны қосып тағы бір ғы­лым шығарамыз дейді. Сонда біздің мұ­ғалімдеріміз әмбебеп болады деген әң­гіме айтады. Бұл негізінен дұрыс емес.

Ше­телдің біраз еліндегі бізден кеткен еврейлер мені шақырып, «Асқар, мына баланы оқытшы, шетелдегі мектептердің оқуы оқу емес, сен баяғы Советтік оқулық­тармен оқытып, сол есептерді шығартшы», – дей­ді. Сол кезеңдегі оқу жүйесінің мықты­лы­ғы­нан қазіргі қазақ балаларының көбі шет­елде оқып жүр. Оны көпшілік «Бо­ла­шақ» бағдарламасымен кетті екен деп ой­лай­ды.

Қазақ балаларының көп болса 20 пайызы «Болашақ» бағдар­ла­масымен оқуы мүм­кін, қалғаны өзі оқып жатқан уни­вер­ситеттің грантын өз білі­мімен ұтып алған немесе әкесі ақша төлеп отыр. Бұл біздегі білім жүйесінің, оның ішінде математиканы оқыту деңгейінің жоғары болғанын көр­сетеді. Осы жүйені алып тастап кері ке­те­міз деген сөз қалай алғанда да дұрыс емес. Мәселен, біз да­мы­ған 30 елдің қа­та­ры­на қосыламыз дейміз, 30 елдің барлығы, ішін­де ең мықтысы Америка болса, сол ел­дің тұрғындары гамбургер жейді. Білім са­ласындағы мына өзгерістер ендігі жерде біз қазы-қарта жемей, гамбургер жейміз де­генге үгіттейді. Қазы-қартадан гамбургер дұрыс деген сөз. Осы реформалар ар­қы­лы практиканы шыңдаймыз деген уәж ай­тады. Егер сіз ғылымды меңгерсеңіз, есеп шығаруды білсеңіз практиканы мең­геру қиын емес.

Менің білуімше, Сингапур мен Малайзия математиканы ағылшын тілінде оқытады. Біздің басшылар осы елден үлгі алмақшы, неге Жапониядан үлгі алмаймыз. Кезінде жапон елі де өздерінің ие­рог­лифтерін өзгертіп жаңа әліпби жасап, жоғары сынып оқушыларына бүкіл ғы­лымды ағылшын тілінде оқытпақшы бол­ған. Бірақ ойласа келе, әліпбиді өзгертсек, ағылшын тілінде оқысақ, алғашқы кезде тез жылдам дамуымыз мүмкін, бірақ ұт­қанымыздан ұтылғанымыз көп болады д­егенге тоқтаған. Жапонияның мың­жылдық тарихы бар. Сонда біз неге кеше ғана құ­рылған елдерге жүгінуіміз керек.

Қазақстанның Конституциясында бас­тапқы білім беру үкіметтің міндеті еке­ні айтылған. Мәселен, сіз, бірінші сы­нып­қа ба­ламды бермеймін десеңіз, үкімет сізді сот­қа тартуына болады. Өйткені, сіз Конс­ти­туцияны бұзып отырсыз. Ал жоғары оқу ор­нына түсу, түспеу ол сіздің жеке ша­руа­ңыз. Екінші, ақпарат алу құқығы бар, яғ­ни кез келген Қазақстан азаматы қазақ ті­­лін­де, я орыс тілінде ақпарат алуға құ­қы­лы. Білім алу деген де ақпарат алу деген сөз. Демек, сіз оқу білімді өзге тілде бе­ре­мін де­сеңіз, Конституцияны бұзғаныңыз. Олай болса, жаратылыстану пәндерін ағыл­­шын тілінде өткіземін деген ми­нистр­ліктің ұсынысының астарында қазақ ті­лі­нің ғылымға икемі келмейді, қазақ тілі тек отбасы-ошақ қасы болып қалуы керек де­ген саясат тұр. Ал ол – Конституцияны бұзу.

Жаратылыстану ғылымының бар­лы­ғын қазақ тілінде үйретуге болады. Жақ­сы­лы-жаманды оқулықтарымыз бар (оның сапасы өте жақсы деп айта алмаймын), жақ­сылы-жаманды терминология жүйесі бар, ғылым туралы ойлау жүйеміз қа­лып­тасқан. Бұл – қазақ тілін сақтаудың үлкен бір саласы.

Тіл деген не? Тіл деген кұрал. Құралдың бес функциясы бар, ең алдымен – отбасы-ошақ қасы, бизнес, саясат, эко­но­мика, жаңа технология мен ғылым. Адам­ның дұрыс өмір сүруі үшін оның он екі мүшесінің барлығы сау болуыкерек. Кө­зіңіз көре тұрып құлағыңыз естімесе бір мү­кіс бар деген сөз. Ал тілге шек қою – адам­ның екі қолын немесе екі аяғын кесіп тас­тағанмен тең. Бұған жол беруге болмайды.

Орта мектепке барлық ғылым, барлық оқу пәндері ана тілінде жүруі керек. Егер ол пәндер Қазақстанда қазақ тілінде жүр­мейтін болса, қазақ тілінің де, Қа­зақ­стан­ның да ешкімге керегі жоқ. Сондықтан мен бұл реформаларға қарсымын және мұ­ны он-он бес жыл бұрын айтқанмын. Жаңа реформаларды қолға алмас бұрын сол реформаның оң нәтижесін көрген ел­дер­дің үлгісін алуымыз керек. Бұл тұрғыда біз­ге Малайзия мен Сингапурдан гөрі Жа­пон­ның үлгісі жақынырақ. Ахмет Бай­тұр­сынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұма­баев ­сынды ХХ ғасырдың басында өмір сүр­ген зиялы азаматтардың көпшілігі Жапо­нның үлгісін алмақ болған.