30-шы жылдардағы нәубетті ұмытуға хақың жоқ, ҚАЗАҒЫМ!

Менің марқұм анам Жұмагүл анау айтарлықтай әңгімешіл емес еді. Ол кісі жүрегі жұмсақ, қайырымды жан болатын. Ауылымызда үй-күйі жоқ қаңғыбас бірнеше кісі бар-тын. Солардың бірі «Мынауский» деген күлкілі аты бар, үнемі үсті-басы кір-кір болып жүретін, шашы, сақалы қудай арық шал. Көз алды жасаурап, іріңдеп жүретін бұл міскінді балалар мазақтап, артынан тас атып шөкелейтін. Қысы-жазы тастамайтын қалың шапаны жамау-жамау. Бояуы оңып, тозығы жеткен мәсісі де жетісіп тұрған жоқ: қырық құрау. Бұл кісіден жиіркене ме, әлде менсінбей ме, адамдар оны үйлеріне кіргізбейтін. Анамның қайырымдылығы емес пе, сол міскін жан келсе, күлімдеп қарсы алып, шайын, тамағын беретін. Көйлегін, кір-қоңын жуып, кейде әкемнің ескі киімдерін кигізетін. Біз, әрине, одан жиіркеніп, жақтырмайтынбыз.

«Апа-ау, оныңыз не? Сасық, жиіркенішті адамды неге кіргізесіз?» — дейміз біз ол кісі кеткенде жамырап. «Балаларым- ау, біріншіден, ешкімі жоқ жетім жанға көмектескен — сауап. Екіншіден, бұл кісінің аты Мінәуский емес, Қабыл. Әке- шешесі кезінде халық жаулары болып кетіп, өзі жетімдер үйінде тәрбиеленген. Сол кездері, менің түсінуімше, «халық жауының баласы» деп милисалар мұны ұрып-соғып, тепкілеп, зорлық-зомбылық көрсеткен. Зұлымдар тіптен мұның басынан текпілеп, қатты зақымдаған. Соғыс кезінде ауруханада емделіп жатыпты. Кәмелет жасқа толған соң, мұны бір зауытқа жұмысқа жіберген. Кейін ауыра берген соң, мүгедектік беріпті. Жасы ұлғая келе басы сыр беріп, жындыханаға да жатқан. Бұл кісінің негізінен есі дұрыс. Момын адам. Кейін елге оралған. Осында жамағайын туысы бар…»

Апамның айтқан әнгімесінен кейін біз оған түсіністікпен қарап, сыйлайтын болдық. Анамыздың ол кісіге жаны ашитын тағы бір себебі бар. Нағашы атамыз үлкен молда болған екен. Аты — Сүйіндік. Осы молдалығы, арап- ша танитындығы, құран оқитындығы атамыздың «халық жауы» болуына себепші болыпты. Анасы өліп, анам сегіз-тоғыз жасар әпкесімен шырылдап жетім қалады. Әпкесін біреулер асырап алады. Анам біреулерге еріп пойызға мінеді. Өзбекстанда қайырымды бір кісі кездесіп, қызы етіп қамқорлық жа- сайды. Үлкен атамыз да «халық жауы» ата- нып, түрмеде өледі. Әкеміз тағдыр айдап, ол да өзбек жеріне келіп, анаммен кездесіп, шаңырақ көтереді…

Отызыншы жылдардың зобалаңы мен нәубетін басқа елдерден гөрі қазақ көп көрді. Аштықтан соң аштық, қуғын- сүргіннен соң қуғын-сүргін! Солтүстіктегі шегір көз көршіміз қазаққа ерекше қадалды, ерекше қырғын жасады. Неге? Неліктен? Біз оларға не жамандық жасадық? Жеріміз бен көңіліміздің кеңдігі ме кінәлі? Әлде ынтымағымыз бен бірлігіміздің жоқтығы ма? Иә, біздің алауыздығымызды сыртқы жауларымыз, әсіресе Кеңес өкіметі шебер пай- даланды. Олардың басты мақсаты адамдарымызды қырып, сол зұлматы арқылы біздің кең байтақ даламызды емін-еркін иемдену еді.

5 млн-дай адам аштықтан қырылды (1921-1932 жылдары), 2 млн-дай адам қуғынға ұшырады, 100 мыңнан аса адамды «Халық жауы» деген атпен қаралап атты, итжеккенге айдады, түрмеде сүйектерін шірітті. Бұл нәубетке II дүниежүзілік соғыста еркектеріміздің тең жартысы қырылғанын қосыңыз. Енді олар қалған қазақтарды мәңгүрттендіріп, орыстандыруға тырысты. Ауған соғысына да қазақтарды басқаларға қарағанда көбірек тартты. Аллам тәуелсіздігімізді сыйламаған- да, онда біздің халқымыздың арғы тағдыры не болатыны түсінікті еді. Орыстың бодандығынан құтылғанымызға жиырма бес жыл болса да, әлі де сол сызды жылдардың зардабын тартудамыз. Солтүстігімізде басқа этностардың саны басым. Әлдекімдердің айтақтауымен Жириновский бастаған өсекшілер «Қазақстанның солтүстігі біздікі» деп көкіп жүр. Осыншама зобалаң салып, жасанды нәубет жасаған ата- бабаларының қанды тарихын олар ұмытқан сияқты.

31 мамыр — қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күні. Қаралы күн. Бірақ миллиондаған адамымыз аш- тан қырылып, жүз мыңдағанымыз қуғын- сүргінге ұшырап отырсақ та, осы күнге дейін оларды еске түсіретіндей үлкен мемориалды ескерткіш салмаппыз. Рас, КарЛАГ-қа байланысты мұражай бар. Бірақ ол тым шетте орналасқан. Алма- тыда осыдан жиырма жыл бұрын алып ескерткіш саламыз деп белгі қойғанбыз. Біздің мақсатымыз — ол қаралы тарих- ты кейінгі ұрпақ білсе деген ниет. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, кезінде қарға-құзғынға жем болған, сүйектерін оқ тескілеген миллиондаған қайран қазағымызды еске алу, құран бағыштау — біздің зор парызымыз. Билік ол боздақтардан қаржы аямауы тиіс. 31 мамыр күні бүкіл телеарналары- мызда қаралы саз ойнап, көшелерімізде қара жалаулар ілініп тұрғаны жөн деп білеміз. Жер-жерде митингілер өтіп, құрбандық шалынып, құран оқылса, қанеки. Әсіресе оқу орындарында, мек- тептерде ұстаздар осы қаралы тарихы- мыз туралы жастарға, балаларға әңгіме шертсе. Адамдарды бұл күні тәубеге келетіндей шаралар жасалуы тиіс. Иә, боздақ шаһидтеріміздің жатқан жерлері жайлы, иманы қасында, жандары жан- натта болуды Аллам нәсіп еткей! Әмин!

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ,

ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі