Кітап оқыған балада кілтипан болмайды
Мына зымыран уақыт біздің көз майымызды тауысып кітап оқытуға мүмкіндік бере бермейтіні рас. Десек те, «соңғы оқыған кітабыңыздың аты қандай?» деп қапелімде сауал қойсақ, кібіртіктеп қалатыныңыз кәдік. Дегенмен, дерекке жүгінейік.
ЮНЕСКО-ның Статистика институтының мәліметі бойынша, адам басына шаққандағы кітапханасының көптігі жағынан бүгінде әлем бойынша Грузия мемлекеті көш бастап тұр. Бұл елде 1 мың адамға шаққанда 16 335 кітаптан келеді екен. Алғашқы ондықта бұрынғы Кеңес одағы елдері ішінен Армения, Эстония, Литва елдері де бар. Кітап қоры жөнінен Қазақстан әлем бойынша 41-орында тұр. Еліміздегі әрбір мың тұрғынға 249 кітаптан келеді екен. Бұл да жақсы көрсеткіш. Жалпы кітап оқуды дәстүрге айналдырғанның пайдасы көп. Қазақстанда бірнеше жылдан бері «Бір ел – бір кітап» акциясы тұрақты өткізіліп келеді. Оның аясында «Жыл кітабы» шарасы да өтті. 2015 жылғы таңдауға 250-ге жуық кітапханалар желісі атсалысты. Ұйымдастыру комиссиясының отырысында «Жыл кітабы» болып Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы таңдалды. Расында да мұндай акцияның пайдалы жағы көп.
Ел кітап оқудың құндылықтарын жете ұғынады. Мемлекеттік бағдарлама аясындағы бұл шарадан соң таңдалған «Жыл кітабы» еліміздің барлық кітапханалары мен мектептерінде дәріптеліп, оқырман қауымға кеңінен насихатталады. Бұл дұрыс жол. Бірақ… Дамыған ел газет оқиды, дамушы ел радио тыңдайды, дамымаған ел теледидар көреді деген қанатты сөз бар. Расында да ойлы сөз. Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында кітапты көп оқитын ел ретінде танылған Қазақстан бүгінде сол деңгейден көріне ме? Жоқ. Назардың барлығы теледеидар мен интернетке ауып кетті. Кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келеді. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз қажет. Бірақ қалай? Оның басты кілті – ата-анада. Сондықтан тәрбиеде басты көңіл балаға аударылуы керек. Жалпы өмірде балалық, жастық және орта жасқа келгенде, бір кітапты қайталап оқитын жайттар жиі кездеседі. Өйткені әр ұрпақтың, әр кезеңнің пайым жасап, кітапты әрқалай немесе қайталап оқуында сыр бар.
Кітапқұмар жұртшылықтың бір кітапты қартайған шағына дейін бірнеше рет қайталап оқуының себебі мынада: Өйткені оны әр жаста оқыған сайын адамның түйсінуі бөлек болады. Қайыра түйсінеді, пайым жасайды, ой қорытады. Бірақ кітапты қалай оқу керек? Әркім әрқалай, біреу жылдам оқиды, екіншілері қарап шығады. Соңғысы түйсіну емес. Бірақ кітап оқыған адамның жан дүниесі терең, сөз саптауы ерек, ойы сергек болатыны сөзсіз. Алайда солай деп біржола кесім шығаруға бола ма? Жоқ. Кейбір адамдар білгенін шешендікпен айта алмауы мүмкін. Дегенмен, олардың жазғанынан, ойынан бәрібір тереңдік көрініп тұрады. Негізі кітап оқудың өз жолы әртүрлі. Біреу кітапты жылдам, екіншісі асықпай оқиды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ересектер орташа есеппен минутына 180-250 сөз оқиды екен. Зерттеушілер бұл көрсеткішті көбейтуге болатынын айтады. Алайда адамның миы оқыған кітабының мазмұнын 100 пайыз қабылдай ала ма? Мәселе – сонда. Психологтардың айтуына қарағанда, адам кітапты асықпай оқыған кезінде ондағы жазылған мәтіннің 60 пайызын ғана қабылдай алады екен. Ал жылдам оқитын жандар да бар емес пе? Мамандардың зерттеуіне қарағанда, жылдам оқу сәтінде кітапқұмар жан туындының 80 пайызын түсінуге мүмкіндік алады екен.
Сарапшылар жылдам оқылған ақпарат санаға тез қабылданып сіңетінін айтады. Бірақ кітап оқып отырып, бір нәрсеге мән бере бермейді екенбіз. Атап айтар болсақ, жылдам оқығанның зияны жоқ. Ал адам кітапты асықпай оқыса, көз тез талады екен. Мына бір мысалға мән бермеуіміз ықтимал. Қарапайым адам кітап оқып отырып, қарағанда 10 әріптік белгіні көруі мүмкін, яғни сіз бір мезетте 1-2 сөзді көре аласыз. Ал осы көріністі жылдам қайталайтын болсаңыз, бір зер салғанда 200-500 белгіні, яғни 33-83 сөзді бір-ақ көреді екенсіз. Сондықтан жылдам оқығанның пайдасы да көп. АҚШ-тың он алтыншы президенті А.Линкольн «Табысқа жетудің бір ғана жолы – кітап оқу» деп бекер айтпаған. Адамның өмір сүру барысында бір кітапты бірнеше рет қайталап оқитын сәті көп. Грек философы Демосфен әйгілі тарихшы Фукидиданың шығармасын жете түсіну үшін 8 рет оқыған. Гете адамдарды оқыған кітаптарына қарай бағалаған.
Қазақтың философ Абайды жиі қайталап оқитыны бекер емес. Боямасыз өмір, философия, тіршілік, адамдық қарым-қатынас, бәрі, барлығы – Абайдың қара сөзінде. Әрине, жақсы кітап – жан азығы. Абайды оқыған пенде азбайды, жаны тозбайды. Иманы артады. Иманы бар адам ибалы. Қоғамдағы қылмыс – бүгінгі тұрмыс. Абайды оқыған адам азғындыққа бармайды. Соны түйсіну ләзім. Тәрбие – талбесіктен, өскен ортадан. Қозғалыстағы асау тіршіліктің ағынын пайымдай білуден.
Ойын қорыта алмаған бала жалтақ.
Қоғамдық пікірі жоқ жас қорқақ. Адамның ішкі рухани түйсігі терең болса, зиялылығы да жоғары. Бірақ бүгінгі қатыгез қоғам адамды әртүрлі етіп тербиелейді. Өрісі биік бала өседі, өресі тар бала өшеді. Мәселе – баланы қалай тәрбиелей алуда. Оның келешегін бағалай білуде. Кейбір бала немесе жастың ішкі түйсігі мықты болып, оны көрсете алмай булығып өсуі мүмкін. Бір ғана мысал, 20 жасында мектепті зорға бітірген Карл Линнейді мектепте мұғалімдер білімсіз деп санаған. Ол кейін табиғаттану саласының білгірі ретінде әлемге танымал а швед ғалымына айналды. Гоголь мектепте шығарманы 2-3-ке жазған. Кейін ол орыстың ұлы жазушысы болды. Чарльз Дарвинді әкесі «сенің қолыңнан тышқан аулаудан басқа түк келмейді» деп үнемі тұқыртып отыратын болған. Бірақ талант қашан да тас жарады. Дарындылардың аты ақыры дүниеге мәшһүр болады. Оның себебі білім, ізденіс, кітап оқудан шығып тұр. Бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек деген – осы. Сондықтан олқылығыңызды кітап оқып толтырыңыз. World Culture Score Index-тің мәліметіне сүйенсек, әлемдегі ең көп кітап оқитын ел Үндістан (бірақ соншалықты өркениетті емес) екен. Орташа есеппен алғанда, бір күннің 10 сағат, 42 минуты кітап оқумен өтеді екен. Одан кейін, екінші болып Тайланд ( 9 сағат, 24 минут) тұрса, үшінші орын қытайлықтардың (8 сағат), ал төртіншi, бесінші орын Филиппин (7 сағат, 36 минут) мен Чехияның (7 сағат, 24 минут) еншісінде. Жалпы ізденістен, кітап оқығаннан зиян шеккен ешкім жоқ. Мысалы, Максим Горький минутына төрт мың сөз оқыса, Наполеон минутына екі мың сөз оқыған. Сталин бір күнде оқыған 400 бетін өте төменгі көрсеткіш деп есептеген. Бірақ кітап жаныңды сергітеді, жан сарайыңды кеңітеді. Әрине, біреу тез, екінші біреу асықпай оқиды. Үшіншілері астын сызып, ұнаған жерін қойын кітапшасына көшіріп оқиды. Кім қалай оқысын, түйсініп оқығанға жетпейді. …Қысқасы, кітап оқыған балада кілтипан болмайды.