Ұят пен «ұят»
Ұят емес пе? Не ұят емес пе? Алдымен осыны ажыратып алайық. Себебі біз тырнақша ішіндегі «ұят» пен шынайы ұяттың арасын ажырата алмай қалдық. Бабасы шежіресін балбал тасқа қашап жазған ұлттың ең қасиетті сөзі «ұят» еді. Себебі аталы сөзге тоқтап, аталы сөзден тәлім алған көшпелі жұрттың ары – жанының садағасы болатын. Ал қазір солардың ұрпағы нені ұят көріп жүргеніне тоқталып өтсек.
Ұят емес пе! «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Өзге тілді білу керек-ақ, бірақ өз туған тіліңде сөйлей алмау ұят емес пе!
«Жеті атасын білмеген жетесіз». Ата-тегіңді білмеу ұят емес пе!
«Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без». Ақ сақалды қарттың алдына түсіп, алдымен сөз алу ұят емес пе?!
«Тәрбие – тал бесіктен». Ата-ананың, үлкеннің бетінен алу ұят емес пе?!
«Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі». Қандай ортада болсаң да, ойыңа келгенді айта салу, аталы сөзге тоқтамау ұят емес пе?!
«Бөрі соғар жігіт бөркінен белгілі». Ерге тән мінезбен әйел баласына қол көтеріп, былапыт сөздің астына алу ұят емес пе!
«Қыз – ұлттың айнасы». Әуретті жері жабылмай, өзгенің көзі түссе ұят емес пе!
«Еңбектің наны тәтті». Әйел – үйдің, ер – түздің адамы. Екеуінің орны ауысып кетсе, ерге ұят емес пе!
«Ұят» емес пе?! Орыс тілін білмей тұрсаң, достарыңнан «ұят» емес пе?!
Соңғы шыққан қол телефоның болмаса, «ұят» емес пе?!
Көлігің мен үйің болмаса, кездесіп жүрген қызыңнан «ұят» емес пе?!
Кілемді далаға алып шығып қағып тұрсаң, қыздар не ойлайды… қойшы, «ұят» емес пе?!
Жұрттан «ұят» емес пе?! Бәрі қысқа киіп жүрген кезде қымтанып алсаң, «ұят» емес пе?!
Модадан қалып қойсаң, «ұят» емес пе?!
Ата-ана ештеңе емес, қыдыруға ақша таба алмасаң, «ұят» емес пе?!
Қала көрмеген, қартайған анаңды достарыңның ортасына алып келу, «ұят» емес пе?!
Оларда бар дүние менде жоқ болса, «ұят» емес пе?!
Көпшілік ортада әйелің мен балаңды ертіп жүрген, «ұят» емес пе?!
Он-ақ түрлі көйлегің бар, киетін басқа ештеңе жоқ, «ұят» емес пе?!
Дастархан басына ішімдік қоймасақ, қонақтардан «ұят» емес пе?!
Ұялу керек, «ұялмау» керек!