Зекетті туған-туысқандарға беруге бола ма?
Ассалямуғалейкум! Жағдайы орташа туысқандарыма, көршілеріме немесе жетім туысқан бауырларыма зекет берсем бола ма? Жалпы зекетті кімдерге беруге болады немесе зекет қайда жұмсалуы керек? Жұмабек.
Уағалейкумуссалам! Жұмабек, Құран Кәрім бойынша зекет берілетін кісілердің қатарына «мұсылман хал-тұрмысы нашар кедейлер, мал-мүліктен жұрдай қайыршы пақырлар (міскін)»[1] жатады. Яғни, Алла Тағала осындай жандарға зекет беруді әмір еткен. Демек, туған-туысқандарыңыздың арасында осы санатқа жататындар болса, оларға да зекет беруге болады деген сөз. Тіпті, ғалымдарымыз зекет не садақаны әуелі жағдайы төмен туған-туысқан, бауырларына берген абзал деп санайды. Өйткені, бұл, бір жағынан, мұқтаж жанның қажетін өтеген болса, екінші жағынан туыстық қарым-қатынасты нығайтады[2].
[1] Тәубе – 60 аят.
[2] Әз-Зубайди, Жауһаратун Нәира – 235 бет.; Әл-Кәсәни, Бадаиғ – 2/484 бет.
Абдусамат Қасым