Экологиялық мәдениетті қалыптастыратын «экологиялық идеология» қажет
Аптаның басы экологтардың төл мерекесімен басталды. Яғни, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңында көрсетілгендей, «5 маусым — Экологтар күні». Бәлкім, жәй ғана сәйкестік шығар, осы аптаның демалыс күндері «Жасыл Экономика» деп ұрандатқан «ЭКСПО — 2017» басталады. Елорданың экологиясы жөнінде де ой қозғауды жөн санап, Астана қалалық Экология департаменті экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Ермахан Қозыбаевпен сұхбаттасқан едік.
— Ермахан мырза, қоршаған ортаны қорғау маманы ретінде Астанамыздың экологиясына қандай баға бересіз?
— Елорданың экологиялық жағдайы тұрақты болғандықтан, «қанағаттанарлық» деген баға беруге болады. Өйткені қоршаған ортамызға үлкен зиянын тигізетіндей, басқа қалалармен салыстырғанда өндіріс орындары аз, жазда ЖЭС-тың жұмысы аздау.
— Десе де, қыс кезінде түтінге тұншығатынымызды жоққа шығармайтын боларсыз?
— Иә, ол — жылда қайталанатын проблема. «Смок» дейміз ғой, сол қаланы басып алатыны рас. Оның өршіп кетуіне ЖЭС-тен бөлек, қаладағы пеш жағатын тұрғындардың үйінен 24 сағат тоқтаусыз шығатын түтін және жыл сайын күрт көбейген машиналар да себеп болып отыр. Ұзақ кептелістердің кесірінен көліктерімізден бөлінетін зиянды заттар ауаға таралады. Баламалы энергия көздерін пайдалануды біртіндеп болса да қолға алып жатырмыз. Мәселен, тұрғын үйлерге табиғи газ жеткізу мәселесі шешіліп жатыр. Сондай-ақ, ЖЭС-тің жұмысына күн энергиясын пайдалану да оңтайлы шешім болмақ.
— ЭКСПО — 2017 көрмесінің де тақырыбы сол жел, күн энергиясы емес пе?
— Дұрыс айтасыз. Энергияның альтернативті көздерін пайдалану тамаша дүние болғалы тұр, жүзеге асып жатса, келешекте тек қана оң нәтижесін береріне сенімім мол. Электр энергиясын алу үшін жел, күн энергиясын пайдалану бәріміз үшін тиімді болмақ. Оның үстіне баламалы энергия көздерінен қуат алатын батареялар өзімізде өндіріліп жатқандықтан, қолжетімді болары анық.
— Тұрғындардың экологиялық мәдениеті қалай? Нені елеп, нені ескермей жүрміз?
— Біз де ұлттық идеология деген ұғым бар. Яғни, туған халқыңның тарихы арқылы дүниетанымыңды жетілдіру. Сол секілді бізге бүгінгі күні «экологиялық идеология» деген ұғымды қалыптастыру қажет болып тұр. Балабақша, мектептен бастап, ЖОО-да қоршаған ортаны қорғау туралы үгіт-насихат айына бір немесе жылына бір рет емес, күнде айтылуы тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана экологиялық мәдениет қалыптасады, өзі тұрып жатқан жерден бастап, аяғы басқан әрбір орынға құрметпен қарау, ең азы қоқыс тастамау — мен айтып отырған экологиялық идеологияның негізі. Жалпы алғанда, тұрғындардың қоршаған ортаға деген «махаббаты» төмен деңгейде.
— Сіздің департамент нақты қандай жұмыстарды атқарып отыр?
— Біз Астана қаласы бойынша қоршаған ортаға зияны тиеді-ау деген жағдайлардың алдын алу және оны халыққа ескерту жұмыстарымен айналысамыз. Сондай-ақ, ҚР «Экология туралы» Заңнамасына сәйкес, жеке немесе заңды тұлғалардан келіп түскен арыз-шағымдар бойынша тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Мәселен, жыл басынан бері тек қана арыз-шағыммен 70-ке тарта тексеру жұмыстары жүргізіліп, орын алған фактілер бойынша зияны анықталды. Тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қалпына келтіру жөнінде өз нұсқауымызды көрсеттік. Қаламызда құрылыс нысандары көптеп салынып жатқандықтан, арыздардың басым бөлігі соларға қатысты тіркелгенін айта кетейін.
-Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Ермұрат Назарұлы