Маңғыстау облысында 61 ескерткіш реставрациядан өтті
Маңғыстау облысында 61 ескерткіш реставрациядан өтті. Олардың қатарында «Дауысты», «Айғыр», «Айтман», » Долы апа» сынды күмбез тамы бар. Мұны Маңғыстау облысының мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Пәния Сармурзина мәлімдеді.
Реставрациядан өткен ескерткіштің бірі — Қараман ата жер асты мешіті. ХІІ-ХVІІ ғасырға жататын діни сәулет нысанына жөндеу жұмысы 2015 жылы жасалды. Нәтижесінде жарылған қабырғасы тегістелген. Маңайы қоршалып, белгілер қойылған. Жалпы, бұл жер асты мешітінің жаңғыртылуына 15 млн 600 мың теңге жұмсалды. Өңірде реставрацияны талап ететін 975 ескерткіш бар. Бірақ нысандарды қалпына келтіру кезінде тарихи маңызы негізге алынуы тиіс. Яғни, артық қыламын деп тыртық қылмауды Ералы Тоғжанов қатаң ескертті.
—Реставрация жасаймыз деп мағынасы мен мәнін жоғалтатын болсақ, онда құндылығы қайда қалды бұл нысандардың. Сондықтан талап-тілектердің барлығын ортаға салып, бір шешім қабылдау керек. Мемлекеттің ақшасы бөлінгеннен кейін ол сол талаптарға сәйкес жасалу керек. Талаптарға сәйкес келе ме? Келмей ме? Оны қарастыру керек,-дейді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ, мәслихат шешімімен 16 ескерткіштің қорғау аймағы бекітілген. Ал, 22-нің жобасы жасақталған. Сонымен қатар, мәдениет басқармасының өкілдері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1500 орындық концерттік зал, 3000 орындық амфитеатр мен тарихи-мәдени парк салуға ұсыныс берді.
—Бұл парктің ішінде тек қана тарихи-мәдени ескерткіштермен танысу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен бірге, мұнда шағын музейді осында салуға болады. Этнографиялық орталық пен демалыс орындары мен балаларға арналған демалыс орталықтарын салуға болады,-дейді МО мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Пәния Сармурзина.
Айман Оңғарбайқызы