Біз қандай ата-анамыз?
Бұрынғылар баланы «Алланың аманаты, халқымның азаматы, елім мен тегімнің абыройы, шаңырағымның иесі, ғұмырымның жалғасы, ақыреттік азығым — артымдағы іздеушім, дұға бағыштар жанашырым» деп, үлкен жауапкершілікпен, бұлтақсыз сенім, қатаң талаппен тəрбиелеген. «Жақсы ұрпақ — артта қалған із, жаман ұрпақ — жараға сепкен тұз» деп түсінген. Тəрбие өте жүйелі түрде жүргізілген. Тұңғыш немеренің «кенже бала» болатын дəстүрді айтпаған күннің өзінде, келесі немерелердің бəрі дерлік ата-əженің алдынан өткен. Жастықмастықтың буында жүрген, өздері əлі балалық-шалалықтарынан арылмаған əрі тұрмыс түзеу, дүние түгендеуге көңілдері көбірек ауып тұрған жас жұбайлардың естері жиылып, ентікпелері басылғанша, ұрпақ тəрбиесі үлкендердің мойнында болған. Шын мəнінде, бұл өте дұрыс шешім еді. Бала тəрбиесімен айналысуға құлқы да, уақыты да, тəжірибесі де жоқ жастардан гөрі өмірден көргені мен түйгені мол, абыройы артық, айтары бар ата-əженің алақаны бала үшін қай жағынан да артық екені даусыз. Атасымен ілесіп жүріп, ақсақалдардың əңгімесін аузы ашылып тыңдаған, əжесінің тізесінде отырып, аңыз-ертегілерді құлаққа құйған, үлкендердің жүріс-тұрыс, бітім-болмысына еліктеп өскен өркен көркем болып ержетер еді. Өйткені жауапкершілігі жоғары, намысы нар, «Өнегелі қарты жоқ елдің өнерлі жасы да жоқ» екенін жақсы білген қариялар немерелеріне нан табуды ғана емес, əуелі ар табуды, құлқынның құлы емес, Құдайдың құлы, халықтың ұлы болуды үйретуші еді.
Қазір, өкінішке қарай, атаəжелер мектебі жойылып барады, əсіресе қалалық жерлерде. Үш буынның өкілдері: ата-əже, əке-шеше жəне балалар — бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен дəстүрлі отбасылар азайып кетті. Тұрмысқа нарық еніп, батыстық өмір салты үлгі болғалы көпшілік ата-ананың негізгі мақсаты «елден қалмау» сылтауымен тұрмысты түзеу, дүние жарыс, мақтан марафоны болса, ал тəрбиенің түрі ақша беріп, күнделік тексеруден аса алмай қалды. Қаржыландыру тəрбие беруді ауыстырды. Тəлімгер тəрбиешінің рөлін теледидар мен ғаламтор, кітаптың орнын компьютерсмартфон мен «саржағал» газет-журнал басты. Ал олар арқылы жеткіншектің санасына қандай у мен қоқыстың құйылып жатқанын бəріміз білеміз. Теледидардың гипноздық əсеріне сана-сезімі жетілмеген жеткіншек, жақсы-жаманды айыра білмейтін бала түгіл, санасында «сүзгісі», «рухани иммунитеті» бар біздер — үлкендер де арбалып, алжаса бастағанымызды мойындайық. Көгілдір экранның алдында көсіліп жатып, көбік сериалдардағы келеңсіз, ессіз, ұятсыз көріністерді келін-кепшік, балашағамен бірге көре беруді «демократия» деп, стакан түйістіріп, тост айтуды «мəдениет» деп, əйтеуір ақша тауып киіндіріп, ақысын беріп оқуға түсіріп, ақша беріп сессиясын жауып, пара беріп жұмысқа тұрғызуды, сол арқылы өз күшіне, ақыл-парасатына емес, «ақша» деген пұтқа сенетін бозөкпе, бос белбеуді сомдап шығуды «əкелік қамқорлық» деп, «Жас күніңде, базарыңның барында ойна да күл, жүріп қал, күліп қал, бірақ байқай ғой» деп, жүкті болмаудың жолын үйретіп, қиянатқа баулуды «аналық ақыл», «ағалық кеңес» деп кеңкелестеніп кеттік-ау, шамасы. «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояптының» кері осы болар…
Біз дене тəрбиесінен бөлек сана-сезім, рух тəрбиесінің бар екенін, адамды Адам ғып тұрған ішкі мазмұн екенін естен шығарып алғандаймыз. Бізге «баланың көйлегі көк, қарны тоқ болса болды, өзі-ақ адам болып кетеді» деген тұманды түсінік тəн. Ал аталарымыз «Ғалым болу оңай, Адам болу қиын» деп түйіп қойыпты…
Бабалардан мұра болған хақ дін Ислам қағидаты бойынша атаананың балалары алдында мынадай міндеттері бар екенін қайталап қою артық болмас:
1. Балдырғанның болашақ анасын немесе əкесін дұрыс тандау;
2. Шақалақтың адал бітіп, дұрыс жетіліп, дүниеге таза келуіне жағдай жасау;
3. Сəбиге жақсы ат қою;
4. Имани тəрбие беру;
5. Үйлендіру.
Бала ата-анасының айтқанымен емес, көріп өскен өнегесімен өсетінін ескерсек, көп күшті өзімізге салуымыз керек екені өзінен өзі шығады. Иə, тəрбиелеу үшін тəрбиешінің өзі тəрбиелі болуы керек. Түптеп келгенде, əр ата-ана — өз баласына идеал, яғни балапаны үшін сұңқар, құлыны үшін тұлпар болуы керек. Асыра айтсақ, өз ұл-қызына рухани ұстаз да бола білуі керек…
Ең қатты құнттайтын мəселе: «Ата-ана баласына өнегелі тəрбиеден артық ештеңе де калдыра алмайды» деген мағынадағы хадистің қадіріне жетіп, амал қылу. Біздің қателігіміздің де, қасіретіміздің де тамыры танымның таяздығында, «қасиет», «кие» деген қастерлі ұғымдардан ажырап, «реалист» боламыз деп жүріп, көкіректегі көзден айырылып қалғанымызда, өзіміздің рухани жұтаңдығымызда.
Алғадай Əбілғазыұлы