Бауыржан Момышұлының Мұхтар Әуезовке жазған хаты

АРДАҚТЫ МҰХТАР АҒА!

«Абайдың» бірінші кітабының жарыққа шығуына да өте қуаныштымыз, бұл хабар қазақ әдебиетінің түңғыш ұл баласының қайта туғанындай болып естіледі, амандық болса, оқып көріп, пікірімізді адал ниетпен айтармыз деп үміттенем.

Әрине, үмітсіз адам болушы ма еді. Соғыс бітсе, біз жеңсек, аман-есен елге тірі қайтып, жақын ағайын-туғандардың дидарын қуанышпен көрсек дейміз. Ол үшін жан-тәнімізді аямай қан майданға қызу кірісеміз. Егер де ол ниетке жетсек, әңгімені дастан-дастан етіп айтып беруден біз қашпаймыз ғой, бірақ та майдан өмірдің қыл көпірі емес пе? Ол көпірден жанның бәрі аман-сау өте бермейді ғой. Сол тар жол, тайғақ кешуде мыңды бастаған өте қиын ғажайып міндет емес пе?

«Білмеймін қандай асу алда жатыр,
Құз ба екен, қия ма екен таңдай татыр?
Сыйынып аруақ пен бір Құдайға,
Ұстадым етегіңнен, баста, батыр»,— деп сөйлетпес пе едіңіз. Сіз бастаған бұқара, солдат өзінің қолбасына осыны айтып, сеніп, сыйынып артына ілеседі. Мыңның істеген ісін ізсіз тастап кету қолбасына үлкен сын емес пе? Ол көзі тірі кезінде айтып, жазып беріп үлкен борышын орындаған болып табылмай ма? Сондықтан мен асықтым, толық етіп айттым кімге?

«Знамя» дейтін журналдан Александр Альфредович Бек дейтін жазушы қайтадан келіп, айтып бергін деп телміріп отырып алды. Зерікпестен бір жарым ай ілесіп жүрді. Жаман да болса, әйтеуір, қағаз бетінде қалады ғой деген оймен мен оған бастан өткен соғыстардың барлығын Мәскеуге дейін толық етіп, әрбір соғысты 2-3 сағаттан баяндадым. Бір жарым ай дегенде Бек менің айтқандарымды бұлжытпай жазып алып, жақында ғана кетті. Екінші бөлімін қайта келіп жазбақ. Бек — үлкен жазушы емес, жақсы стенограф, айтқандарыңды айтқанша жазады, оның қасиеті сол.

Кетерінде мен оған былай дедім:
— Сен жазатын кітаптың қысқаша мазмұны мынау:

Мен істедім дегенше,
Мың істеді десеңші.
Ер істеді дегенше,
Ел істеді десеңші.
Мен мыңдікі болмасам,
Ер елдікі болмаса,
Кім істеді дер едің?

Қызметіңді, Бек, ешкімнен қызғанба, жасырма. Сен айтқанымды жазып алдың, бірақ та түсінген жоқсың, себебі сен мен бастаған мыңның кім екенін, менің кім екенімді, қазақтың салт-санасын, әдет-ғұрпын білмейсің. Мен айтқан қазақтың халық мақалдарын жазуға сенің қаламың шорқақ, тілің қысқа. Байқа, ақылдас,— деп едім. Бек:

— Кіммен ақылдасайын. Сіздің ойыңызды бөліп, жазып алған нәрсеге сізді қайта әурелеуге ұялдым,— деді.

— Кіммен ақылдасуыңды Мәлік пен Құрманбектен сұрағын,— дедім мен.

Мәлік пен Құрманбек сізді ұсынғанға ұқсайды. «Қырық мақал» дейтұғын бір нәрсе жазып едім, егер де оны Құрманбек жүріп кетсе, тапсырар. Уақыт, жағдай белгілі ғой. Ойдағымызды түгел етіп жазуға жағдай қайдан келсін, айып етпеңіз.

Хатыңызға, талантыңызға бас иіп сәлем беруші — Бауыржан.

Әбділдә мен Әлжаппарға сәлем айтуыңызды сұраймын.

18.10.1942 ж.