«Қырық қызға» бардың ба? (фото, видео)
Еліміздің Оңтүстік өңіріндегі Қазығұрт тауында бүгінде отыздан аса археологиялық ескерткіш бар. Солардың ішінде «Қырық қыз» деп аталып кеткен ғажайып екі тас мүсін бар. Көп жылдардан бері саяхатшылардың қызығушылығын танытып отырған бұл ескерткіштер Өгем тауының баурайында орын тепкен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Біріншісі — Тұрбат ауылының солтүстік-шығысындағы Аққұм өзенінің бастау алар жерінде орналасқан. Ауылдан 5-6 шақырым жердегі сарқырама жардың қасынан көруге болады. Тас мүсін көп замандардан бері табиғаттың өзі жаратқан киелі ескерткіш болып саналады. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, бұрынғы жаугершілік заманда жау шапқыншылары елден тысқары Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп келе жатқан 40 қызды көреді. Кейін соңдарынан қуса керек. Сонда қыздар Құдайға «Елімді, жерімді жауға таптатқанша, мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр!» деп жалбарынған екен дейді. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау әскері тасқа айналады. Ол жер қазір Қаратас деп аталады. Ал қыздар әсемдене тізілген қайталанбас ескерткішке айналған деседі. Бүгінде бұл ескерткіштерді көруге келетіндердің қатары күн санап артып отыр. Себебі, табиғаттың ғажайып туындысы кімді де болса қызықтыратыны белгілі.
Ал, «Қырық қыз» деп аталатын екінші тас мүсіндер Өгем қойнауына түсе беріс жерде — Қазығұрт тауының Шығыс мүйісінің («Орда қонған») оңтүстік-шығысында 4-5 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Етегінде Өгем өзені ағып жатқан қойнауға түсе беріс жер күрт ылдилап кететін бұралаң жолға айналады. Тас мүсіндер осы мүйістердің бірінде тізіліп тұр. Аңыз бойынша бұл тасқа айналған қырық қыздың бейнесі. Мұнда да жаугершілік заманы тілге тиек етіледі. Оған сенсек, ертеде бір бай қызын бесікте айттырылған адамына ұзататын болыпты. Қызының бойжетіп, басқа ауылға келін атанарына амалсыз көндіккен әке перзентінің алдындағы парызын өтемекке кіріседі. Атан-атан түйеге жүк қылып жасау тиеп, қызын күйеу баласына аманаттап тұрған шағында «жау шаптылап» келген шабарманның айғайы дүйім елді дүрліктіреді. Осы кезде тау басында тұрған қырық құрбысын ерткен бойжеткен: «А, Құдай, ақыры арыстай азаматтарымызды алған екенсің, бізді жау қолына жетектетіп, күң еткенше, тас қыла гөр!» деп жалбарыныпты. Ол бір қарғыс пен алғыстың, тілек пен ниеттің қабыл болатын шағы екен. Бір сәтте қырық қызға қоса қалыңдық та тасқа айналып кетіпті-мыс. Сонымен қатар тағы бір аңызда елінен ұзап кеткен қалыңдық көшінің алдынан қалмақтың қанішер қоңтайшысы шығып, қыз нөкерлерін қырып тастайды. Бойжеткендерді күңдікке алмақ болғанда қырық қыз құдайдан: «Бізді мына итке қор қылғанша, тас қып қатыр»,- деп жалынған екен. Сол мезетте тасқа айналған қырық қызға қоса қоңтайшы да тас мүсінді итке айналыпты. Сондықтан, көзкөргендер қатпар-қатпар таудан тек қыздардың сұлбасын емес, итке ұқсас бейнені де аңғаруға болады, — дейді.
Осындағы сарқыраманы да жұрт Қырық қыз сарқырамасы деп атап кеткен. Ол Қаржантаудың Бәйдібек шоқысы маңындағы сілемдерден бастау алады. Тау шатқалдарынан өтетін Қарабау өзенінің арнасы сарқырамадан кейін кеңейіп, үлкен шатқалға ұласады. Сарқырама тек тас мүсіндердің қасында болғандықтан емес, кей аңыздарға байланысты осылай аталып кеткен деседі. Аңыз бойынша сарқырамада қырық қыз шомылып жүргенде ауылға жау шабатыны айтылады. Жаудан жапа-тармағай қашқан қыздар осы сарқырамадан өрлеп бара жатқан бойы тасқа айналады. Айта кетейік, Сарқырама 43 метр биіктіктен ағады. Бұл Қазығұрт ауданындағы ең биік сарқырама саналады. Биіктен құлаған су төменге жеткенше тастан-тасқа соғылып, ұсақ су тамшыларына айналады. Тастай суық судың төменге түсетін жерінде бассейн іспетті орын жасалған. Жаз жетіп, шомылу науқаны басталғанда алыс-жақын ауыл-аймақтардан суық суға түсуге арнайы ат арытып келетіндер көп. Ал сарқыраманың шығыс беткейіндегі ортағасырлық қонысты жергілікті тұрғындар «Қырық қыз әулие» немесе «Қырық қыз қорғаны» деп атап кеткен.
Жалпы, «Қырық қыз» туралы аңыздар өзге ұлттарда да кездеседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарақалпақстанның Беруни қаласынан 27 шақырым жерден біздің дәуіріміздің ІІІ-VI ғасырына жататын қалашық табылғанын естіп едік. Қаланы зерттеген ғалымдар онда «Қырыққызқала» атты қамалдың болғанын айтады. Сондай-ақ, қарақалпақтарда, жоғарыдағы айтқанға ұқсас аңызға саятын «Қырық қыз» атты дастан да бар екен. Тек бұл ғана емес, көрші өзбек ағайындарда да Сұрхандария қаласы аумағында, Әзербайжан елінде осымен аттас жерлер бар.
«Қырық қыз» туралы аңыз көрші қырғыз фольклорында да кездеседі. Профессор Сұлтанғали Садырбайұлы өзінің еңбегінде мынадай деректерді алға тартқан: «Қырық қыз» туралы аңыздың бірі «Мұзарт тауы» деп аталады. Мұзарт қырғыз еліндегі тау аты, мұзды тау дегенді білдіреді. Ол Нарын облысының Жұмғал ауданы мен Қошқарата тауының ортасында тұр. Байырғы заманнан айтылып келе жатқан аңыз бойынша өткен заманда қырық қыз Қошқарата жаққа тойға бармақшы болып, Жұмғал жақтан шығады. Олар ауылдан шыққанда аспан ашық, тауда шөкімдей де бұлт болмайды. Қыздар тойға барамыз деп, сәнденіп, жеңіл-желпі киініп шығады. Бұлар ауылдан қозыкөш ұзап шыққан соң биік таулардың басына көтеріледі. Сол кезде қарсы беттен ақтүтек боран соғып, айналаны сұрғылт тұман басады. Сол сәтте қырық қыз бастарын түйістіріп, біріне-бірі ықтап, қорғана бастайды. Бірақ, иесіз тауда оларды кім аясын, таудың іші ұлыған үрейлі үнге толып кетеді. Сол жерде Мұзарт тауының басында қырық қыздың 39-ы мұзға айналып, тек түйе жүн, жыртық шапан киген кедейдің қызы ғана аман қалыпты. Екі туысқан елдің аңыз-әфсаналарында осындай ұқсастықтар кездеседі. Барлық жерде қырық қыздың аянышты тағдыры айтылады.