ЭКСПО көрмесін аралаған кезде мыналарды естен шығармаңыз!
ЭКСПО көрмесі ашылғалы бері көрушілердің қарасы күн санап көбейіп келеді. Жақсыны көрмекке деп, көрмеде орналасқан павильондарды тамашалауға баратын көрермен халыққа пайдасы тиер деген ниетпен төмендегі кеңестерді ұсынып отырмыз.
- ЭКСПО-ға таксимен келсеңіз де, өз көлігіңізбен келсеңіз де «Mega Silk Way» ОСО жағынан (Қабанбай батыр даңғылы жағы) тоқтаңыз. Өз көлігіңізбен келсеңіз сол Мега, ЭКСПО-ның ақылы тұрағына қоясыз. Сағаты 200 теңге, әр кейінгі сағатына 100 теңге қосыла береді;
- Ыңғайлы аяқ-киіммен келіңіз. Әсіресе, қыз-келіншектер биік өкше дегенді ұмытыңыз. ЭКСПО кешені үлкен алаң. Билет құнын өтеп, уақытты тиімді өткізем десеңіз, көп көріп, көп жүруге тура келеді. Кешеннің ауласына Еуропа көшелеріндегідей брусчаткалар төселген. Жай табан аяқ-киімді жөн көргеніңіз дұрыс болар;
- Тамақтанып шығыңыз. Өзіңізбен алып шыққан суды кешенге кіргізе ме, білмеймін. Алайда, алаңдағы тіске басар, сусындардың бағасы әдеттегісінен қымбат. Туристердің қалтасына арналған. Мәселен, 0,5 л. тассай 450 теңге;
- 3-4 жасар әлі көп ешнәрсе түсінбейтін балаларды үйге тастап кетуге тырысыңыз. Себебі, оларға ғылым, мәдениет дегендеріңіз соншалықты қызық емес. Өзі де шаршайды, сізді де шаршатады. ЭКСПО-ға кіреберіс жағында балаларға арналған жалға коляскалар бар. Сағаты 500 теңге. Сіз кемінде көрмеде 3-4 сағат боласыз. Қанша төлейтіндігіңізді есептей беріңіз;
- Өзіңізбен бірге жеке төлқұжатыңызды ала шығыңыз. Кірерде төлқұжат талап етіледі деген. Бізден талап етпеді. Бірақ, велосипед, коляска жалға алатын болсаңыз, кепілге қалдыратын құжатыңыз болу керек;
- ЭКСПО павильондарының барлығын көруге тырыспаңыз. Барлығын бір күнде көру ауырлау болады. Өздеріңіз үшін қай елдер қызық болар еді алдын-ала жоспарлап алыңыз. Мәселен, мен көрген павильондардың ішінде Әзербайжан, Вьетнам, Жапония, Италия, Австрия, Словакия, Үндістан, Пәкістан павильондарын көруді сенімді түрде ұсынар едім.
- Бәрінен бұрын өзіміздің Қазақстанның павильонын көруді ұмытпаңыз. Біздің павильон шардың ішінде орналасқан. ЭКСПО демеушілері, Шанхай Ынтымақтастық Одағы, Венесуэла павильондарына уақыт шығындап қажеті жоқ;
- Алаңда немесе павильонның ішінде болып жатқан ұлттық өнер, ән-би қойылымдарын көруге кемінде 10 минут бөліңіз. Бұл ұлттарды күнде көріп жүрген жоқсыз. Сондықтан, ұлттың көңіл-күйін, рухын сезінуге, түсінуге тырысыңыз.
- ЭКСПО-ға билет құны демалыс күндеріне 6000 теңге, жұмыс күндеріне 4000 теңге, қыркүйекке дейін кез келген күнге 8000 теңге, 12 жасқа дейін балаларға 3000 теңге, 5 жасқа дейінгі балаларға тегін, студенттерге 50 пайыз арзан.
- Билет бір күнге жарамды. ЭКСПО алаңынан шығып кетсеңіз, қайтып сол билетпен кіре алмайсыз. Көрме алаңына 09.00 -22.30 аралығында кіре аласыз.
Динара Болаттың парақшасынан алынды