8 жасында «Мың бір түн» кітабын оқыған
Ол «біреуге пайдаң тимесе де, зияның тимесін» деген ұстаныммен өмір сүреді. Оқырмандар оның орыс тілінен аударған психологиялық жазбаларын іздеп жүріп оқиды. Әлеуметтік желілерде есімі көпке таныс аудармашы Шынар Әбілдә бізге өзі жайлы айтып берді.
Шынар Әбілдә 35 жаста. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміз балалық шағы туралы, «Ауылда немістер көп болды. Олармен көрші тұрдық, қоян-қолтық араластық. Олардың көбі орыс тілді болғандықтан, бізге де орыс тілі жат болмады. Кейін немістер өз Отанына көшіп кеткен соң, оларға қонақ болып барып қайттым. Қазақтардан «жұқтырған» қонақжай қасиеттерін жоғалтпапты. Бұл балалық шағымның жарқын елестері»,- дейді Шынар.
–Кітаппен бала кезден жақын дос болдым. 2-сыныпта «Мың бір түн» кітабын оқыдым. Ұзақ та қызықты хикая еді. Бүгінде сол кітапты қайта оқып шыққым келеді. Әр жаста әр түрлі әсер етеді ғой», –деп жымиды.
Белгілі бір азамат «Мың бір түнді» мектепте тығылып оқып жүрген жерінен ұсталып қалып, мектеп мұғалімдері жиналысқа салған екен. Ал Шынар болса, «Мың бір түнді» тығылмай-ақ оқыған. Ата-анасы оның оқып жүрген кітаптарына мән бермейді. Әйтпесе, ол заманда баланың қолынан көрсе бала «бұзылған» деп есептеген.
Шынардың негізгі мамандығы – журналист. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін тәмәмдаған.
Дегенмен ол журналист боламын деп алдына мақсат қоймаған. Түрік филологиясына оқуға түскен ағасына еліктеп, «шығыстану» бөліміне құжат тапсырғысы келеді. Мектепті «қызылға» бітіргендіктен, «қалайда оқуға түсуім керек» деген мақсат болды. «Өзімді тым қаталмын деп есептеймін, сондықтан қазақ тілі мен әдебиеттін оқып, мұғалім болғым келмеді. Күдігім көп болса да, журналистикаға тапсырдым, бағым жанды»,– деп еске алады студенттік жылдарын. Журналистика саласын таңдағанына еш өкінбейді. Психология саласына деген қызығушылығы оны психологиялық аудармалар жасауға итермеледі.
«Әзірге орыс тілінен аудармалар жасап жүрмін. Көркемөнер, әдебиет маған жақын. Дүниедегі ең қиын нәрсе адам жанын зерттеу. Біреулер, тікелей аударасың деп жатады. Бірақ мен аударып қана қоймай, оған ішімде буырқанған сезімімді, көзқарасымды қосуға тырысамын.
Осы ізденісімді, еңбегімді оқырманым жақсы қабылдағаны қуантады. Бүгінде өз аудиториям бар, – дейді.
Шынар Әбілдәнің аудармалары топтастырылған «Өзгеріс ойдан басталады» деген парақшасы әлеуметтік желі қолданушыларына жақсы таныс.
Аударған жазбаларын бір жерге жинақтау туралы ұсынысты белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила айтқан. Бүгінде парақшаның бес мыңнан астам оқырманы бар.
Кез-келген адам психология саласына қызыққанымен ішіне еніп кете алмайды. Ішіне еніп кетуге шешім де қабылдай алмайды. Ал Шынардың психологиялық жазбаларды аударып, оны көпшіліктің назарына ұсынуы–оның өз әлемі бар екенін және өз әлемін қорғай алатынын көрсетеді.
Тұрақты оқырманы, жақсы сырласатын сіңлісі Алия Шынар туралы былай дейді: «Жан түкпіріміздегі пернелердің нүктесін дөп басатын жазбалар болады. Оны оқып болғаннан кейін, авторы туралы ойланасың. Қандай адам екен, менің көңіл-күйімді қайдан біліп қойған, мүмкін менің басымдағы жағдай оның өмірінен де айналып өтпеген шығар деген ойлар келеді. Автормен жүздесу ерекше сезім. Бір күні сүйікті авторыммен жолықтым. Ұзақ әңгімелестік. Ол адам жанына бойлап қана қоймай, өзінің күнделіктерінен де сыр бөлісіп отырды. Шынар апай әрі ақылшым, әрі құрбым»,-деп ағынан жарылды.
Үш жыл бұрын, бір жиында оқырманы келіп, амандасқанда еңбегінің еленгеніне қуаныпты. Аударма оның өзін дәлелдеуге, өзіне қарата айтылған жағымсыз пікірлерді елемеуге көмектесіп, әрі жанының жарасын емдеуге көмектескен. Алғашқы аудармасы «Қоңыр мұң» деп аталса, ең көлемді аудармасы «Робин Шарманың 200 кеңесі.»
Ол болашақта қазақ мультипликациясының дамуына үлес қосқысы келеді. Орыс тіліндегі мультфильмдердің көптігіне алаңдайды. Шынар журналистикадан, аудармадан кетіп қалған жағдайда балалармен жұмыс істейтін педагог-психолог мамандығын игергісі келеді. Болашақта аударған дүниелерін жинастырып, кітап шығару – оның үлкен армандарының бірі.