Маңғыстаулық ардагерлер ЭКСПО-ны тамашалап жүр
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, әлем жұрты асыға күткен «Aстана ЭКСПО — 2017» көрмесі басталғанға дейін жұрттың көңілі күпті болғаны да шындық. Көптен күткен мереке басталғаннан бері алаңдаған көңілдер орнына түсіп, ЭКСПО-ның таңғажайыптарына тамсанып жатқан адамдардың да қарасы қалың. Айтулы шара бастала салысымен-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен Астанаға ағылған қонақтардың қарасы молайып келеді. Көрмені тамашалауға келеді деп мөлшерленген 2,5 миллион адамның 85 пайызы ел тұрғындары. Көрмені ұйымдастырушылардың болжамы рас болса, еліміздің әр облысынан елордаға келетін саяхатшылардың аяғы қыркүйекке дейін басылмақ емес. Ал Астана болса, кімді де болсын ұялмай күтіп алуға дайын секілді. Біз де өз тарапымыздан еліміздің абыройын асқақтатар айтулы шараға бір кісілік үлесімізді қосуға ниеттеніп отырмыз.
Осы ретте көрмеге алғашқы болып ат басын тіреген қонақтардың арасында алыстағы әулиелі мекен Маңғыстаудан келген қонақтармен жүздесіп, алған әсер, көңілге түйген сырларымен бөлісіп қайтқан едік. Біздің жолыққан жолаушыларымыз Түпқараған ауданының ардагерлері екен. Облыстық және жергілікті әкімшіліктің қолдауымен елордаға келген ақсақалдарымыздың алған әсерлері де ерекше. 3 күн бойы ЭКСПО қалашығымен қоса қаланың көрікті орындарын аралап көрген ардагерлер көңілге түйген ойларын жасырған жоқ.
Түгелбай Жеткізгенов:
— Түпқараған ауданының Таушық ауылынан келдім. Көп жылдар әкім болып, мектеп директоры болып қызмет істедім. Мынау халықаралық көрмені өткізіп отырған елімізбен мақтанамыз, әрине. Кешегі аласапыран кезеңдерде талай қиыншылық өтті ғой. Осы ЭКСПО өтеді дегеннен бері де әркім әртүрлі пікірлер айтып жатты. Біраз адамдарды қаржылық қиыншылықтар алаңдатқан тәрізді. Біз де алаң болып жүруші едік. Осы жолы сәті түсіп, облыс әкімінің, аудан әкімдерінің қолдауымен Түпқараған ауданынан 15 адам көрмені тамашалауға келіп отырмыз. Өзім Астанаға соңғы рет 2001 жылы келіп едім, қазір қарасам, Астана керемет өзгеріп, жайнап кетіпті. «ЭКСПО қалашығы», «Хан шатыр», «Ақорда» — барлығы сәулет өнерінің биік көрінісі дер едім. Қаланың тазалығы, тәртібі барлығы ұнап жатыр. Кеше ЭКСПО қалашығын аралап көрдік. Шетелдік қонақтар өздерінің ұлттық салт-санасымен, дәстүрімен, өнер табыстарымен келіпті. Барлығын 12 күнде аралап шығу мүмкін емес екен. Өзіміз жақсы әсер алдық, бейбітшіліктің арқасында болып жатқан шара ғой, сондықтан да тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай деп тілеймін! Елге барғасын кезінде айтылған алып-қашпа сөздің барлығы дақпырт екендігін, Қазақстанның абыройын әлемге асқақтатқан шараның барлық қазақстандықтарға мақтаныш болатынын айта жүремін, — дейді.
Тұтас өмірлерін қайнаған еңбекпен өткізген ардагерлердің бейнетінің зейнетін көріп, бейбіт күннің берекелі шағын өткізіп жатқан сәттеріне қызыға қарадық. Өмірінің 56 жылын теңіз кешіп өткізген Тәуірхан Канжанов аға:
— Маусымның 7-сі күні Маңғыстаудан шығып едік. Қазақтың кең даласын ұзақ жүріп, Астанаға да жеттік. Өзім мұнда алғаш рет келуім еді. ЭКСПО-ны да, өзге жерлерді де аралап көріп шықтық. Астана маған қатты ұнады, алған әсерім де керемет! Қарсы алып жатқан адамдарға да, барлық қонақтарға тік тұрып қызмет көрсетіп жатқан қыз-жігіттерге алғысым шексіз… Осындай үлкен көрме өткізіп, елімізді бүкіл әлемге тереңдей таныстырып жатқан Елбасымыздың еңбегі деп білемін. Сол кісінің танымалдылығының арқасы шығар. ЭКСПО-да 116 елден келген көрме бар екен. Соның тең жартысын ғана аралай алдық-ау деймін. Әр мемлекет өз шама-шарқынша энергетика саласындағы жаңалықтары мен жетістіктерін алып келіпті. Өзіме Жапонияның, Қазақстанның павильондары қатты ұнады. Жалпы, бұл көрмені ұйыымдастырушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. 14 жасымнан еңбекке араласқан адаммын. Мамандығым — кеме механигы, 50 жылдан астам Каспийде жүріппін. Енді мынау құрметті демалыстағы кезімізде осындай мерейлі мерекенің куәсі болып жатқанымды қуаныш деп білемін. Алғаш рет Астанаға келіп отырмын, 25 жылда мынандай жетістікке жету оңай шаруа емес қой, — деді.
Тәуелсіз Қазақ Елінің теңдессіз әлеуетін әлемге паш еткен айтулы көрме еліміздің халықаралық беделін өсіріп қана қоймай, әрбір қазақстандықтың жүрегіне елінің ертеңіне деген сенім мен жігер ұялататыны сөзсіз. Ал жас мемлекеттің «Болашақтың энергиясына» деген көзқарасы тұтас әлемге ықпал етері тағы шындық…
Ерқазы Сейтқали