Рамазанда да шарап ішіп, сасып жүргендерге не дерсің?!

Қазір Рамазан айы. Ораза ұстаған жандарды көріп, қуанасың. Бірақ кейбір келеңсіз, көңілсіз көріністерді көргенде жабырқап қаласың. Өткен аптада сапарлап қайттым. Пойызда көрген үш оқиға жүрегімді ауыртты. Екі қара домалағын ерткен қырықтың о жақ бұ жағындағы жігітпен купеде көрші болдық. Әп-әдемі жігіт. Бірақ екі аяғына әзер мініп тұр. Шайқалақтап екі баласының демеуімен купеге әзер кірді. Арақтың сасық иісі купенің ішін алып кетті. Өзі бауырмал екен. Мені көріп, қос қолын ала жүгірді. Өкінішке қарай, үстіме қарай жалп етіп құлады. Көрші орыс келіншегінен ұят болды. Ұйқыдан тұрған соң, әлгі жігітіміз сайрады дейсің. Төрт баласы бар екен. Бәрін күшті, керемет тәрбиелеп жатқан көрінеді. Мен осы жерде шыдамай кеттім. «Сен қалай тәрбие беріп жүрсің мына түріңмен? Тәрбие беру үшін өзің тәрбиелі болуың керек қой…» — деп біраз ақыл айттым.

Екінші көрініс те осыған ұқсас. Таң атпай айқайшу шықты. Ол шу жолсеріктердің купесінен шығып жатыр. Жолаушылар үрпиіп, үйшіктерінен шығып, болып жатқан оқиғаны бақылады. «Мен Желтоқсан көтерілісінің батырымын. Менің көрмегенім жоқ. Таяқты да, тепкіні де көрдім. Тәуелсіздік біздің арқамызда келді. Енді мені аздап жүз грамм ішкенім үшін қамамақсыңдар ма?» — дейді полицей інілеріне. Даусы зор екен. Пойыздың түңлігін желп-желп еткізді…

Үшінші көрініс те арақ ішіп, аузына не келсе соны айтқан елудің үстіндегі басын қырау шалған жігіт ағасының келеңсіз жағдайы. Әйелі әпәдемі киіндіріп жіберген ол батырың да жұрттың наразылығынан кейін, кір-кір төсекте сұлқ жатып, Алматыға келгенше ұйықтады…

Басқа — басқа, сол азаматтардың қасиетті Рамазан айында арақ ішіп жүргендері көңілге сыймады. Төртінші көрініс тіптен жаман. Үйге келіп, теледидарды ашқандағы көрініс төбе шашымды тік тұрғызды. Аты дардай, даңқы жер жарған сексендегі ағамыз сұхбат беріп отырған журналиспен рахаттанып коньяк ішіп отыр екен. Ол кісіні жақсы көріп, мақтаныш ететінмін. Мына оқиғадан соң… Ал бұл келеңсіздіктерді, әдеттерді қалай тоқтатамыз? Түбімізге жететін, өмірімізді тозаққа айналдыратын, отбасымызды тұздай құртатын ішімдік дегенді қалай жоямыз? Айтыңыздаршы, ағайын!

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ,

ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі