Айша бибіге тағзым
Марқұм анасы көзі тірісінде ұлына үнемі əруақты орындардың шапағатын көп айтатын. Ұлы білсе де, артықтық етпес деп, өнегелі жағына ертіп əкететін. Қай ана ұлының мұздай қару асынғанын ұнатады. Қару қан іздейді. Қан аққан жерде қайғы бар.
Жанына науқасы батқанда баласына:
— Қарғам, Сен Қоңыраттың Алатауы емес,
Қазақтың Алатауысың!
Елің үшін, жерің үшін толарсақтан саз кештің.
Екі əруақ, бір құдай қолдады.
Қасында болдың Тектінің.
Заманың асаудай тулады.
Қадамын жаса көптің,- деуші еді.
Тараз — Əділқазылар Ордасы! Небір кеудесін қаққан, аузын Айға білеген хандар, билер Таразға барғанда тəубасына келген.
Аналардың Анасы — Айша бибі Анаға бар. Топырағына бас иіп, дұға оқы. Атадан озып туған əулие ғой, балам,- деп тілек айтқанын батыр есінен шығармаған.
Мамыражай кезгі мезгілде тіршіліктен мойын босағанда Алатау жанына Қарасай батырды ертіп, Айша бибінің басына баруға сапарға аттанды.
Қарасайдың туған жері — «Бөрілі»(қазіргі Бурное темір жол станциясы) еді. Сол маңда үйірлі қасқыр жортады екен. Қараңғылық қоюланғаннан ұлып, айналаны сілкіндіріп, елді үрейлендіріп жүрген. Бір түні қасқырлардың түнгі ұлысының түрі бөтен болып, ауыл ұйқыдан үдере оянса, таудан сел көшіп келеді екен. Халық ертерек қам жасап, шығынсыз аман қалады. Содан кейін қасқырларды атпайды. Қасқыр қойға шапса, көктемде егізден төлдей бастайды. Ел бұл құбылысты да жақсылыққа жориды. Қасқырды киелі санайды. Осыны естіген дұшпандар — киелі азу қасқырдың «киесін» қашыруға амал ойлап, адамның етіне дəніккен қасқырды ұстап əкеп қосады. Аузына дəмін алған бөрі жұртқа шабады. Амалсыз халық қарсы қимылға көшіп, тау асырады. Қасқырлар қырылған жерді «Қаралы сай» атайды. Қарасайдың кіндігі де осы өңірде кесілген.
Алатау батырға жол үстінде əңгіме етіп, ауылын таныстырады, ары қарай:
— Батыр, Самарқанда есігім,
Бөрілі де бесігім.
Алатауға ілессем,
Ұлы Жүздің көшімін.
Ел жаңғыртар есімім,- деп толқып басылады.
Пайғамбар жастан асқан батыр ағаның шашбауын көтеріп, жанында жүргеніне Қарасай батыр баладай қуанады.
Айша бибі Ананың басына барып, дұға оқып, зиярат жасап тұрғанда Алатау батырға кимешегі малынып, еңкіш тартқан ана жолығады. Батыр анасына жолыққандай, жүзіне қуаныш нұры құйылып:
— Уа, амансыз ба ардақты ана,- деп қос қолын ұсынып сəлем береді.
— Бақытты бол, балам. Егделіктің есігінен сығалап тұрсаң да, тура мен сияқты ғасырдың жүгін арқалаған кейуанаға баласың ғой,- деп иегіне күлкі үйіріп, əңгімеге тартқан:
— Ниеттерің қабыл болғай, Ерлерім! Ауыл шалғайда болар, еріндеріңді жел кезертіпті. Қай туғансыңдар? Алатау сауалына сыналап үн қатты:
— Уа, ақсамайлы Данаш- ай,
Өзіңіздей ананы көргенде,
Қанша Алатау болсам да,
Құдіретім Сізден аласа- ай.
Мен Баһадүр болғанмен,
Сізден садаға қу жаным,
О, халқының тілеуін тілеген,
Сəбилердің панасы -ай.
Айша бибі Айкерүлім əулием,
Əз — Анаға жолықтым,
Əруақтың қолдағанын қарашы -ай!
Бейтаныс Əз -Ана көңілі толқып былай депті:
— О, Перзентім, Тоқсан баулы Қоңыраттың асыл бұлағынан шыққан екенсің. Ой, өтіп бара жатқан дəурен -ай. Сенің текті аналарың қандай қасиетті кісілер еді. Сөйлесе тереңнен ойлаған, асауды құрықсыз айдаған, бұрымдарын қырық тараудай өріп, күмістен шолпы байлаған оларды неге білмейін,- деп кейуана сарнап, текті аналарының аттарын атап, өзінің өмірін жыр етіп, жылап та алады.
— Қарақтарым, мен ғасыр табалдырығын аттаған аналарыңмын. Өзім Ашамайлы Керейдің жиені, Борайдың келінімін. Халық берген атым — Құс бике. Күйеуімнің аты — Шартық. Көктің ұлының қызымын. Анам — Ізілік Ұрнай мен сіңлісі Ізілік Мінəй, екеуі əкеден егіз екен. Керей Ханның туған ағасы — Бек тоғашыр Қансабаттың қаһары қатты болады. Дінге берік жан. Меккеге қызмет жасайды. Сөйтіп, кіші қызы — Ізілік Мінайды он тоғыз керуенмен сыйлық əкелген Халифаттың жетегіне таңады. Əкем елу жасында көз жұмады. Өзім төрт шарананы дүниеге əкелгенмен, Тəңір табанына жер бастырмады. Көкірегім өрттей қайнап, Аллаға жалбарынып, Меккеге жаяу тарттым. Бір сəбидің исі үшін жалғанды жалпағынан басып, қасиетті өңірге тəу еттім. Сол жерде қабырғаға ойылып жазылған анамның егізінің сыңарының аты- жөнін оқыдым.
Жаратушы ием тілеуімді беріп, беліме құмалақ байланып, жаяу келе жатып, «Шəйнек»- деген бұлақтың басында ұлды болып, атын «Бөрік асу» деп атап, жол үстінде жолыққан дуананың шапанына орап алдым. Туған жерім — Бестораңғылда тоғыз ұл, жеті қызды болдым,- деп ағынан жарылады. Қос батыр орындарынан тұрып, үрмет білдірді:
— Уа, «Би Анас!» Қажылық жолда Қызыр жолығады. Қарғыс ериді. Алғыстан ақ баталы жол түседі, — дегенді естігенмін. Ал, қажылық «Нəзірде» нəресте арқалап, ақ отауға қуаныш алып келгенді алғаш естуім, Алла жасыңызға да, жолыңызға да қарауылын бақтырған жан екенсіз. Сізге жолыққаным Бір Алла мен Əруақтың қолдауы деп білемін.
Ежелгі Қазақ халқының салтында Қажылыққа барып келген қыз немесе əйел азаматына «Би Анас»- деген құрметті шен берілген.
Қос батыр осылайша көп жасаған Анаға құрмет көрсетіп, Аруанасына отырғызып шығарып салады.
Ақпантай Байғұтов
Асан Тұрабаев
Ғалым Шәбдезім фб парақшасынан