Апам менің…   

Сіздің де апаңыз дәл менің апамдай болғанын ішім сезіп тұр. Сізде, өз апаңызды дәл мендей сағынып, еске алып, дұға оқып жүргеніңізді білем! Сондықтан да сіздерге апам жайлы шағын эссемді жолдап отырмын. …Апамның сұрау белгідей иіліп, қартайып қалған кезі. Қазір, іи салып, киіз басып, жүн түтіп, жіп есіп, кесте тігіп, ұршық иірмейді. Бұрынғы дәурені өткен. Иіретін жіпте, есетін арқан да, өріс толы мал да, өнім де жоқ. Қолдағы бар түліктің көбін ұры-қары, одан қалғанын көрші-қолаң жымқырып, ұрлап бітірген… Сауын екі сиыр, бес-алты қойдан басқа тігерге тұяқ қалмаған бір жүдеу шақ. Колхоз тарап жатыр. Тиген үлес жоқ. Ағам жұмыссыз. Біз оқудамыз. Елдегі нарық тек бізді емес, бүкіл елді есеңгіреткен. Жұт — жеті ағайынды. Қыс — аяз, боран, қар. Жаз — қуан, құрғақ ыстық. Мекемеде істейтіндер айлап жалақы алмайды, алса олары қарыздарынан аспайды. Тіпті, үйде ұн-шай, май жоқ болатын күндер болған. Бидай, арпа қуырып жейтін сәттерді де ұмытқан жоқ ел. Нарықтың аты — нарық. Ебін тапқандар, елдің мүлкін тонағандар байып, қалаға көшіп жатыр. Сол кезде байығандардың көбі — колхоз бен совхоздың дәулетін басып қалғандар. Кейін солар әкім, депутат болды. Ұрлық — асқынып тұр. «Бір елі балықты екі елі балық жұтқан заман». Жоқшылық адамды аздырады һәм пісіреді, ойландырады. Қиын күндерге шыдамай ішімдікке салынып кеткендер қаншама? Қиын-қыстау күндерде бізді мойытпаған, өмірдің бұралаң жолында адастырмаған апамның қажыр-қайраты мен ақылы деп ойлаймын! Апам ылғи: «Алланың жамандығы кетеді, адамның жамандығы болмаса…» деп отыратын. Бұдан да қиын заман болғанын айтатын. Бізді, болашаққа үмітпен қарауға үйрететін. Біздің ауылдың аты — Азнабай. Атақты Азнабай болыстың мекені болса керек. Ауыл Азнабай атанғанымен мұнда «Азнабай» болысты білетіндер тым аз. Маңайымыздың көбі мың шатыс өзге ұлттар. Көршіміз татар, оның көршісі украин, оның көршісі орыс, оның көршісі неміс…кете береді… Қазақтардың көбі қазақша білмейді, білсе де сөйлеуге құлықсыз… Бізде бұл ауылға көшіп келгенбіз. Жер мен ауыл тұрғындарының қыр-сырын білмейміз. Адал еңбек, маңдай терімізбен жан сақтап жатырмыз. Ешкімнің ала жібін аттап көрген жоқпыз. Тәрбие солай. Шама-шарқымызша көршілерге көмектесеміз. Олар бізді «ағайын» дейтін, бірақ жақсылық жасауға өте сараң еді. Көршілердің кішкентай балаларының өзі есіктің алдындағы күрек, айыр, қамшы тіпті сыпырғышты да ұрлап тоқтатпайтын. Таң қалатын едік!.. Кейде күйініп, қызып кететінбіз, апам басу айтып тоқтататын. Апамның бірінші сөзі: «көрші ғой, ұят болады». ⁃ Көрші болса олар неге ұялмайды дейміз? Апам: «кәпір ғой енді» дейтін. Өмірімізде бірен-саран болмаса өзге ұлт көрмеген басымыз, кәпірлер осындай болады екен-ау, деп ойлайтынбыз. Өзге ұлттар мен ұлыстарда да адал, шыншыл, ақиқатшыл адамдар бар екенін кейін білдік қой. Бәлкім, бәріне жоқшылық кінәлі? Қоғам? Ата-анасы кінәлі болар?.. Ұрлықпен байығандарды көрдік, соңының қайыры болғанын көргеніміз жоқ. Қазақ: «ұрлық түбі — қорлық!» деп бекер айтпаса керек. Біз, бұрын «Абай жолы» романынан оқығаныңыздай көшпенділікпен еркін өмір кешкен, кекілін ерке самал қана сыйпаған, аузын ашса жүрегі көрінетін, ақкөңіл, қонақжай, даладай дарқан мінезді, баладай аңғал жұрт едік. Басқасын айтпағанда бір қана апамның өзі үлкен өндіріс болған екен. Бренд — дүниелер жасапты. Оны өзі қана жасамай өзгелерге де үйретіпті. Бұл, бабалар дәстүрі, ұрпақ сабақтастығы. Қолдағы бес түлік малдың бәрі тіршіліктің көзі. Сауын малдың сүтін алайықшы: шайды демдейді, пісіреді, айран ұйытады, шалап жасайды, ақ, қызыл ірімшік, іркіт жинайды, одан май алады, құрт қайнатады, құрттың сарысуын ійге құйып терілерді жұмсатады, ол теріні илеп, иін қандырып ішік, тон, бешпент тігеді, саба, күбі, торсық жасайды, өгіз бен бураның терісінен арқан тіледі, қайыс жасайды, қайыстан жүген, шылбыр, тұсамыс, шідер, басқа да тұрмысқа қажетті құралдар өндіреді. Апам үшін малдың кішкентай жүнінің өзі далада жатпайтын құнды зат. Ол — жеке фабрика. Оның фабрикасынан: жіп, жіп арқан, қыл арқан, көген, көгеннің бұршағы, қолғап, байпақ, кеудеше, жейде, шалбар, шапан, сырмақ, текемет, терме бау, желбау, түскиіз, киіз үйдің туырлығы, түңлігі тұрмысқа қажетті дүниенің бәрі шығады және өте сапалы. Осының бәрін кішкентай көмекшілеріне үйрете жүріп, апам ыждағаттылықпен атқаратын. Апам, қолдан сабын өндіретін. Қыстаудан алыс жайлауға көшеміз. Сол кезде иесіз, елсіз қалған қыстаудың маңайы құлпырып көктейтін. Иісі тамаша-ақ! Гүлдің, жусанның, алуан түрлі шөптің иісі мұрын жарады. Ыстық үйдің артына жал-жал тезек, қи жиналатын. Қи мен тезек жатқан жердің арғы жағы сары көң. Көңнің шеті қиыршық тастар, арғы жағы дөң, дөңнен ары мойнақ, тау. Жартылай көң жатқан жерге «алабота» деген шөп өсетін. Ащы, сортаң шөп. Алаботаны басқа малдар емес, түйе құнығып жейтін. Оның сортаң екенін біз содан білетінбіз. Күзеуге қона апам сол алаботаны бізге жинатып ап, кептіретін. Кепкен соң өртеп, күлін алатын. Апам, сабын жасау кезінде тұмшаланып бірақ оранып алатын. Маңайына ешкімді жақындатпайтын. Бойын таза ұстап, дұға оқитын. Онсыз бұл іске кіріспейтін. Алаботадан алған күлді қайнататын. Қайнатылған күлді тұндырып, тұнбасын сүзіп алатын. Сол тұнбаны суалып қойылғанша қайната беретін. Әбден суалып, қоюланған тұнбаны қолдан жасалған дорбаға салып, тұндыратын. Тұнған тұнба аппақ боп қатып қалатын. Бұл аппақ затты енді «саxар» дейді. Қазір ойласам апамның химиялық қабілеті де ерекше болған екен. Саxардан сабын жасау үшін бізге бүлінбеген және бөлінбеген жылқының екі құмалағын алдыратын. Сосын, тағы да оранып маңайына жан баласын жолатпай, күбірлеп ісіне кірісетін. Саxардың ашуы жаман деп айтатын. Біз оны онша білмейтінбіз. Саxарға май қосып, жылқының екі құмалағын қосып тағы қайнататын. Оны өте жылдамдықпен тез араластырып тұратын. Қойылып, су алған саxарды илеп, иін қандырып, домалақтап әртүрлі қалыптарға салып сабын етіп шығаратын. Қазақ оны «кір сабын», «қол сабын» деп атаған. Апам, біз секілді балаларына кішкене етіп «бұзау шық» жасап беретін. Мақтанып, үнемі сол бұзаушықпен жуынатынбыз. Апамның қолынан шығатын әр өнім сапалы және пайдалы болатын. Қара сабынның емдік қасиеті мол дейтін, қара сабынмен жуынған адамның денесіне анау-мынау бөрткен, жара жоламайтын. Апам, өзге көршілерден қарағанда көрші татар келіншекті тәуір көретін. Тәуір көретін себебі, татар келіншектің әжептәуір қазақшасы бар еді. Тілі майда «апалап» тұратын. Үйге үнемі бірдеңелер сұрап келетін, не баласын жүгіртетін. Есіктен кім қараса да апам тамақ ауыз тигізбей жібермейтін. Барын өзі жемесе де қонақтың аузына төсеуші еді. Өзі де қыдырғанды жек көрмейтін. Кейде белін тарс буып ап, маңайдағы көршілерді, туыс-туғандарды аралап кететін. Ондайда бір жасап қайтатын. Бірде үйде шай ішіп отырғанбыз. Көрші татар келіншек келді. Кір жуатын сабын сұрай келіпті. Заман қиын. Сол жылдар. Жеңгеміз бірден жоқ, деді. Апам, шай ішуге шақырды. Шай ішті. Апам, бөлмесіне кіріп кеткен. Сандығынан тығып қойған ертеде өзі былғап жасаған «кір сабынды» беріп жіберді. Ана келіншек таң қалып, алып кетті. Ертеңінде апамның сабынын мақтап кетіпті. Апама, бұл сабынның жасалуын жолын үйретіңіз, депті. Содан бері апамда маза жоқ, қой қамалған қоралардың аржақ-бержағынан сабын былғауға жарайтын алабота, жусан, итемген секілді ащы сортаң шөптер іздеп жүр. Қасында көрші келіншек. Ұзын-ұзын жусандар, тағы соған ұқсас бір шөптер жинап, тазаланып, оранып көрші келіншекке сабын былғауды ақыры үйретті. Көршілерден көршілер естіп таң қалысты. Апамның құрметі арта түсті. Күллі, ауылға апа атанды. Бәрі, «апалап» тұратын. Сол апам, біршама науқастанды. Кәрілікте бар. Ақыры күш бермей туған жеріме барып, шалымның қасына жатам деп, Ойғырына аттанып кетті. Тілегі қабыл болса керек, қайтып оралмады… Кейін басына барып құран оқыдым, апам, бір уыс топырақ болып, монтиып жатыр…
Ербол Бейілхан.