Қазіргі еркек пен əйелдерге арналған өлең. Ащы шындық
Біз еркектер…
Кейде біздер түсінбейміз əйелді,
ƏЙЕЛ — ана тербететін əлемді.
Жұдырықтай жүрекпенен сүймесек,
Жұдырыққа болмас олар тəуелді.
Біз еркектер көп нәрсені қалаймыз,
Өзімізді ханнан артық санаймыз.
Үйімізді жарық қылып тұратын,
Күнімізге күңіміздей қараймыз.
Шайтан суды ішіп алсақ мына біз,
Аяқ асты батыр болып шығамыз.
Күштілерге күшімізді көрсетпей,
Күштері жоқ əйелдерді ұрамыз.
Қайтсін енді байғұс əйел шыдайды,
Таяқ жеген қай адамға ұнайды?
Үлкен күнə жан жарыңа қол жұмсау,
Ұмытпайық көріп тұрған Құдайды!
Сабайтындай соншалықты несі бар,
Кейбір еркек өз қатесін кеш ұғар.
Əйеліңе жұмсар кезде жұдырық,
Өз анаңды, өз əпкеңді есіңе ал.
Белімізді буатын да сол — əйел,
Киіміңді жуатын да сол — əйел.
Кеш келсекте асымызды жылытып,
Баламызды туатын да сол — əйел.
Қабағыңнан ұғатын да сол — əйел,
Күтіп алдан шығатын да сол — əйел.
Сағат түнгі он екіден асқан соң,
Хабарласып тұратын да сол — əйел.
Сүйіп қана көрсет оған шамаңды,
Тек махаббат көркейтеді адамды.
Əйел — ана, өз анаңдай қарасаң,
Ол да сенің құрметтейді анаңды.
Жазған жырым сәйкес келмес баршаға,
Отбасы бар жұрт қарайтын тамсана.
Бағасы жоқ еркек те бар өмірде,
Санасы жоқ əйелдер де қаншама.
Біз еркекпіз ар-намысты бір беткей,
Жүрейікші сол атауды кірлетпей.
Əйелдерді аялайық əрқашан,
Жанарларын жасқа малып мұңды етпей.
Жыламасын жүректегі мұң кетсін,
Көрсете біл сүйіп алсаң құрмет шын.
Араларың берік болып бастысы,
Отбасыңды өзге жандар үлгі етсін.
Ердің ісі — өз əйелін қарату,
Тамырына сезім нəрін тарату.
Сен еркексің, озып тұрған онсызда,
Əйеліңнен озам десең бала ту.
Тыңда мені, аға-іні, бауырым,
Алла артқан бізге жүктің ауырын.
Жүгімізді көтерісіп жүретін,
Ренжітпейік əйелдердің қауымын.
Оған деген жүрегіңді жылы ұста,
Көзбен ұқтыр ешқашанда ұрыспа.
Əйел деген қабырғаңнан жаралған,
Қабырғаны түзеймін деп тырыспа.
Сен еркексің өр кеуделі, еңселі,
Сол еңсеңді түсірместен тік ұста!!
Дұрыс па???
©Торғайлық ақын — Саят Əбенов
Əй-əй əйелдерге…
Текті қайдам, тексіз туса тектіден,
Епті қайдам, епсіз туса ептіден.
Күйеуінен қорықпайтын əйелді,
Құдайдан да қорықпайды деп білем.
Көріп жүрміз əйелдердің түр түрін,
Баласынан артық күтер кірпігін.
Ал, əйелдер, айтыңдаршы еркексіз
ертегідей өтеді ме бұл күнің?
Сенбеңіздер қиял толы ертекке,
Ертекке емес сену керек еркекке.
Еркектерсіз өткен өмір — өкініш,
Өкініштен бармақ тістеп, жер теппе.
Еркек деген — бостандықты қалайды,
Көз болған соң қаракөзге қарайды.
Қарай берсін қараса да бəрібір,
Сені ғана періштеге балайды.
Оған бола түспесінші еңсеңіз,
Ең бастысы оны сүйіп, сенсеңіз.
Алдамайды, қарамайды басқаға,
Жүрегіне сəл тыныштық берсеңіз.
«Қыдырсын» деп үйде жалғыз қалдың ба,
Берілмеші қызғанышқа, əр мұңға.
Хабарласып ала берме мазасын,
Ұят болар достарының алдында.
Хат жазып қой оған сол да жетеді,
Еркек деген — əркез елең етеді.
Кейде түзу, кейде қисық кетеді,
Өз төсегі оралатын мекені!
Əйелдер-ай, көз іздейтін соқырдан,
Соқырдың да көзі əйелден шоқылған.
Аталарым аттанғанда соғысқа,
Əжелерім үйде күтіп отырған.
Ең бастысы адал — Сенім, асқақ — Ар,
Екеуінсіз ойды шайтан басқарар.
Күйеулерің достарына аттанса,
Керісінше үйде соғыс басталар.
Ақылменен шешіңіздер — ақылым,
Өмір қысқа өлшеп берген шақырым.
Кейде шаршап жұмысынан кеш келсе,
Асын беріп жатқыза сал ақырын.
Еркек деген — өз балаңдай тұңғышың,
Еркек деген — бақыт құсың, жыл-құсың.
Еркек түзде жүргеннен соң қашанда,
Жан жағынан жасалады мың қысым.
Түсін оны… сыры-қайғы, мұңы-шер,
Ол сияқты тағдыр уын кім ішер?
Еркек деген — айфон сотка сияқты,
Сипап қалсаң өз ісіне кірісер.
Еркек ғана — бұйрық берер Патшаңыз,
Еркек ғана — жеміс төгер бақшаңыз.
Мұрынымды кесіп сізге берейін,
Сол еркектен артық біреу тапсаңыз.
Еркек деген — еркелетер күйеуің,
Еркек деген — сүйенерде сүйеуің.
Дəрі-дәрмек уытына кетпейтін,
Еркек деген — жүректегі сүйелің.
Бұйырғанмен қыдырыстың мың сәті,
Сізге закон сол кісінің рұқсаты.
Бір сатыға төмен болсаң бағынып,
Күйеуіңді көтергенің бір саты!
Айтатынын қабағынан ұғыңдар,
Артық кетсе бəрін ішке тыныңдар.
Жылы сөзді анда-санда еститін,
Еркектерді еркелетіп тұрыңдар!!
©Торғайлық ақын — Саят Əбенов