Қадір түнімен келген бақыт
(болған оқиға желісімен)
Биыл Айсұлудың тұрмыс құрғанына тура тоғыз жыл. Тоғыз жыл бойы Айсұлудың жүзінде қуаныштан гөрі мұңаю басымырақ. Жылдың қай мезгілі болсын қабағы түйіліп, Айсұлу үнемі ой үстінде, жүреді. Иә, бұлай жүруінің өзіндік бір себебі де бар. Әрбір қыз баласының тұрмыс құрғаннан кейінгі арманы – бала сүйіп, ана атану! Бұл арман кейбіреуіне оңай келсе, кейбіріне өз уақытында бұйыра бермейді. Әрине, бұл Алланың ғана қалауы. Жер бетіндегі әрбір құбылыс, тіпті жапырақтың үзіліп жерге түсуі де тек Алланың қалауымен ғана болатыны баршамызға мәлім. Міне, Айсұлудың көзіндегі мұң да – оның бала сүйе алмай жүргені. Шынында, Айсұлу тұрмысқа шыққанда барлық құрбылары оған қызыға қараған. Тіпті кейбірі қызғанған да болатын. Өйткені, Айсұлу мектепті жақсы оқып, университетке өз білімімен түсті. Университет қабырғасында да өзінің еңбекқорлығының арқасында көп жетістіктерге жетті. Мектепте сыныптастарының алды болып бітірсе, университетте де ең үздік студент атанып, оқуын қызыл дипломға бітірді. Кейін бітірген соң жақсы жігіт жолығып, жолы болып тұрмысқа да шығып кетті. Айсұлудың өмірде әрқашан жолы бола беруіне де қызығатындар көп болды. Алайда, шын бақыт ол – дүниеге сәби әкеліп, ана атану екенін сырт көз байқай бермейтін. Кеше ғана жөн-жоралғысымен ұзатылған Айсұлудың, тұрмыс құрғанына міне, тоғыз жыл толды. Оның балалы болу үшін бармаған жері, баспаған тауы болмады. Тіпті, ең мықты деген шетел дәрігерлерінен де ем алды. Бірақ, еш нәтиже болмай, салы суға кетіп, мұң үстіне мұң жамалып, жабырқау көңілі байыз таппайтын….
Күн артынан күндер сырғып, бір күні Айсұлу базарға барды. Азық-түлік алып жүргенде бір сатушы: «Қызым құрма алсаңшы, бүгін келген жаңа құрмалардың дәмі тіл үйіреді. Жақында айлардың сұлтаны – Рамазан айы келе жатыр. Сенің азық-түлік алып жүргеніңе қарап қасиетті Рамазан айына дайындалып жатқан шығар деп ұсынып жатақаным ғой» – деді. Айсұлу бұрын Рамазан айы туралы естісе де дұрыс мән бермейтін. Ата-анасы қаланың адамдары болып, өзі діннен хабарсыз өскендіктен бұл айдың келіп қалғанын да байқамады. Алайда, сатушының көңілін қимай құрмадан алып, қайтуға беттей бергенде, әлгі сатушы әйел: «Сауда жасағаныңа рақмет, ниетің қабыл болсын! Рамазан айында аңсаған арманыңа жет!» деп ізгі тілектерін айтып үлгерді. Міне, сол күннен бастап Айсұлудың ойына «Рамазан айы» деген сөз орала берді.
Таңертең ерте тұрып, Айсұлу мешітке қарай беттеді. Мақсаты – иамамдардан «Рамазан айы» туралы толыққанды мәлімет алу. Шамасы келгенше жабық киініп, басына орамал тағып Айсұлу алғаш рет мешіт табалдырығын аттады. Жүздері жылы мешіт жамағатын көріп қызық күйге түсті. Ол сол күні имаммен жолықты. Мешіт имамы үлкен қарт кісі болатын. Ол Айсұлудың мешітке алғаш келіп тұрғанын, әрі діннен еш хабары жоқ екенін бірден байқап, оған түсінікті тілмен Ислам діні жайлы біраз мәлімет айтып, «Рамазан айы» жайлы толық түсіндірді. Айсұлу бәрін зейін қойып, ықыласымен тыңдады. Имам: «Осы айда мың айдан да қайырлы «Қадір түні» бар, сол түнгі тілектердің барлығы кері қайтарылмай қабыл болады» деген кезде Айсұлудың көзінен жас шығып кетті. Өйткені, имамның айтқандарынан оның жалғыз арманының орындалатынын дәл сол сәтте шын жүрекпен сезді. Қатты жылағаны сонша имам сөзін тоқтатып, Айсұлуды сабырға шақырды.
Айсұлу іштегі жарасын имамға айтып, ең соңында мына сұрақты қойды: «Уа имам, сіздің түсіндіргеніңіз сүйегімнен өтіп, жүрегімде үлкен үміт оятты. Егер сіз айтқандай осы Рамазанда бар ықыласыммен тек Алла разылығы үшін ораза ұстап, Қадір түнін құлшылықпен өткізсем, менің енді орындалмастай болған арманым орындала ма? Ол мүмкін бе?» – деді. Имам: «Алланың құдіреті мен мейірімі шексіз! Барлық нәрсені жоқтан бар еткен Алла сенің арманыңды орындауға күші жетпейді деп ойлайсың ба? Әлбетте олай емес, Алла өте мейірімді әрі Оның құдіреті шексіз! Құлы бар ықыласпен құлшылық жасап, қалағанын сұраса Алла сұрағанын береді», – деді. Айсұлудың жүзі бірден жадырап сала берді. Ол имамнан Рамазан айына неше күн қалғанын сұрады. Рамазанға бар болғаны тек үш күн қалғанын білген соң, бірден осы айда ораза ұстап, әрі мүбәрак айды құлшылықпен өткізуге серт берді. Мешіт имамынан естіген бар жауабын жарына айтып, осы Рамазанда Алла разылығы үшін ораза ұстайтынын айтады. Күйеуінің де үміті қайта жанып, жарына рұқсат беріп, әрі өзі де сол айды барынша ықыласпен өткізетіне уәде берді. Рамазан айы басталып, ерлі-зайыпты екеуі де ораза ұстайды. Бірақ, Айсұлудың құлшынысы мен құлшылығы ерекше еді. Ол осы Рамазан айы үшін жұмысынан демалыс алып, бар уақытын намаз үйреніп, мешітке жиі баруға арнады. Жары екеуі Рамазанның әрбір күнінде ерекше сезімде болды. Ауызы берік жамағатқа ауызашар да берді.
Айсұлу имамның «Мың айдан да қайырлы Қадір түні тілеген тілек қайтарылмайды. Алайда, ол күнді Рамазанның соңғы он күндігінің тақ күндерінен іздеу керек» дегені жадында болатын. Міне, Рамазан айының соңғы он күндігі де басталды. Айсұлу «Қадір түні – Рамазанның соңғы он күннің тақ күндерінің бірінде» дегенді естісе де, ол күнді күніге күтті. Күн сайын Алладан кешірім сұрап, дүниеге сәби әкеліп, ана болуды тіледі. Тіпті күніге тілеген тілектерін көркем түрде сұрап, әрі Алладан шын үміт етіп, көз жасын төгіп сұрады. Мұны байқаған көршілерінің: «Айсұлу, өзің алғаш рет ораза ұстап отырсың, өзіңді аясаңшы, түнімен ұйқы көрмейсің, сәл демалсаңшы» дегендерін естігенде: «мен Алланың разылығы үшін ораза ұстадым, ол разылыққа шаршауым әсер етпейді. Мен өзімді қанша қинап құлшылық жасасам Алла да соншалықты менің сыйымды беретініне сөзсіз сенемін» дейтін. Отыз күн де өте шықты. Айсұлу Рамазанмен қоштасқысы келмеді. Осындай керемет айдың қасиетін бұрын неге білмегенмін деп өзін жазғырып та қояды. Ол Рамазаннан кейін өзгеріп шыға келді. Оның жүзіндегі риясыз қуанышты көрген адам Айсұлуды танымай қалды. Жүзі де нұрланып, көздері де жайнап шыға келгенін көршілері де бірден байқап, ол үшін қуанды. Айсұлу Рамазаннан кейін де құлшылықтарын тоқтатпай тақуалығы арта түсті. Діни сауатын барынша жетілдіріп, өзін құлшылыққа арнаған ол көп ұзамай ана атанарын білген соң нағыз бақыт Исламда екенін ұқты…
Астана қаласы