Тегіне тартқан екен

Әкесі жақсы қандай-ды!..

Үйде теледидар көріп отырғанмын. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Пернешқызы Қожамжарованы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі атағын алуымен құттықтап жатыр екен.

«Ойбай-ау, мынау біздің Дария ғой» — деп орнымнан ұшып тұрдым өз-өзімнен. Қуанғаным ғой. Қалай қуанбайын, Дария – менің балалық шақта тай-құлындай тебісіп бірге өскен досым Пернештің қызы. Біз оны кішкентайында «Бота» деуші едік. Өте пысық, қылықты қыз болатын. Інісі Қайрат соңында құлдыраңдап  жүгіріп жүретін. Енді, міне, екеуі де елге танымал азаматтар. Дария – академик, Тараздағы жоғары мәртебелі оқу орнының ректоры, Қайрат – жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте.

Олардан кейінгі қарындастарым да ілім, білім саласында жауапты қызметтер атқаратынын естігенмін. Біз олардың әкелері Пернешпен кішкентайымызда бірге өскенбіз. Кейін есейіп, үйлі-баранды болғанда да қарым-қатынасымыз, барыс-келісіміз үзілген емес. Анда-санда көргенде бірге туған бауырлардай шұрқырасып табысатынбыз. Қазір Пернеш ортамызда жоқ. Бақилық. Балалардың анасы Әтіркүл ұл-қыздарының алдында, ұрпақтарының ортасында бақытты өмір сүріп жатыр.

…Менің Байдос атам, әкемді ата деуші едім, жылқышы, Сәдуақас, Әбсамат, Әміркен жәкемдер қой бағатын. Үйлеріміз жаз жайлауда, қыс қыстауда қатар отырушы еді. Әміркеннің баласы Жарас бізден үлкендеу. Сәдуақас пен Әбсаматтың балалары Пернеш пен Тұрлыбай үшеуіміз – қатармыз. Екеуінің менен бір-екі жас үлкендігі бар. Оны ескерген емеспіз. Бірге ойнаймыз. Атам мені жаз күндерінде «үйде жалғыз өзінің іші пысып кетті, балалармен екі-үш күн ойнасын» деп кейде Әбсаматтың, кейде Сәдуақастың үйіне апарып тастайтын. Артына мінгестіргенде арқасы құйрығымды қажайтын болғандықтан, аттың жонына тік тұрып, атамның иығынан қапсыра құшақтап алушы едім. Атамның арқасы – маған бала жасымнан үйреншікті жайлы орын. Намаз оқығанында арқасына жабысып алатынмын. Еңкейіп сәждеге бас қойғанында да, отырып-тұрғанында да арқасындамын. Апамның айтатынындай, аш кенеше жабысып қаламын.

 

Мен атам алып қайтқанша бірде Тұрлыбайдың, бірде Пернештің ауылында өз үйімдегідей емін-еркін сайрандап жүре беретінмін. Біз, балалар, бір-бірімізді Пернетай, Тұрлышжан, Әстай деп атаушы едік.

Олардың аналары Тазакүл мен Есенкүл бар мәзірін менің аузыма тосады. Ол кісілер жастарына әрі жолдарына қарай менің шешем Айымбаланы ене деуші еді. Оларға Әміркеннің әйелі Ажар қосылып, төртеуі достар болатын. «Абысын тату болса, ас көп» деген ғой, қай үйде мал сойылып, қазан көтерілсе, бәрі жанұясымен сол үйден табылатын. Сыйластық, татулықты осыдан-ақ көре беріңіз.

Әлгі екі-үш күн «қонақ» болып қайтқанда аңғарамын ғой, Пернеш жастайынан есте сақтау қабілеті ерекше мықты, шаруаға пысық болып өсті. Алты-жеті жасар бала кезінде-ақ үлкендермен бескарта, алтылық ойнағанда кімнің қолында қандай карта барын біліп отыратын. Зерделілігі ғой. Ал, Тұрлыбай оқуға бейім, есепке жүйрік болды. Кейін Пернеш технологиялық институтты бітіріп, ұзақ жылдар ет комбинатында жауапты қызмет атқарған. Сонда қарамағындағылардан ол туралы теріс пікір естіген емеспін. Бәрі де тек мақтап отыратын. Сол жақсы адам қалпында дүниеден озды марқұм. Топырағы торқа, жайы жәннатта болсын!

Тұрлыбай институттан кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін Жамбыл статтехникумында ұстаздық етті. Балалары да оқыған-тоқыған жандар. Тұрекең Құдай қосқан қосағы Мамыркүл екеуі ұрпағының рахатын көріп, солардың ортасында ойнап-күліп отыр.

Мен жастайымнан еңбекке араласып, мал шаруашылығында еңбек еттім. Сонда Пернештің әкесі Сәдуақас жәкеммен қоныстас, малымыздың өрісі бір болатын. Әзілқой, қалжыңға жақын кісі еді. Орнымен айтқан әзіл-қалжыңы ортаның ажарын кіргізіп отырушы еді.

Бірде біздің үйге айттап келген. Ас ішіліп болған соң, апам: «Ал, енді қайным, құран оқып жібер», — деді. Сонда Сәдуақас жәкемнің: «Бәрің тірісіңдер ғой, кімге құран бағыштаймын?» — деп отырғандарды ду күлдіргені бар. Оның сыртында ол кісінің сезімталдығы, аңғарымпаздығы жатыр. Бұл оның жеңгесіне «әруақтарға бағыштап» деген сөзді тастап кеткенін ескерткені.

Мен Қожамжар атамызды көрген жоқпын. Ал, оның баласы Сәдуақас жәкем қапсағай денелі үлкен сары кісі болатын. Әзілкеш, қуақылығы бола-тұра аңғалдығы бар еді. Бірде ол кісі көмекші шопан болып жүрген Валентин деген орысқа отарды өріске шығарып салып тұрып: «Әй, Валентин, там туда, там суда, половина туда, половина суда», — деп тапсырма беріп жатса керек. Оны сыртынан естіп тұрған бай Бадан атанған Өмірәлиев Бадан деген кісі: «Сәдуақас-ау, сенің орысшаң әжептеуір екен ғой», — дейді ғой таңғалған кейіп танытып. Аңғал Сәдуақас соған мәз болып қалыпты.

Әлгі айтқанының аудармасы «Малды ары жай, бәрі жай. Жарты күн өрістетіп, түс қайта бері қайыр» дегенге келеді шамамен.

Әбсамат жәкем шаруасына мығым, сөзді орнымен айтатын кісі еді. Екеуі де ортасына сыйлы, беделді болды. Малшылардың отарды қыстан аман-есен шығарып, мал төлдету науқанын да ойдағыдай тәмамдаған шопандар жайлауда екі күннің бірінде көкпар шауып жатады. Сонда көкпарды ұйымдастыру, салым салатын сөрені белгілеу, салымның ақшасын үлестіру, келіспей қалғандарға төрелік айту тізгіні Сәдуақас, Әбсамат, Рүстемдердің билігінде. Рүстем – Республикада көкпар спортының бұқаралығын арттыруға үлкен үлес қосқан азамат Нәби Момыновтың әкесі. Ол кісілердің шешіміне қарсы уәж айтқан ешкімді көрген емеспін. Өйткені олар бәрін де әділ шешетін. Қара қылды қақ жарған қайран қазақтың ақпейіл, адал жүректі қариялары-ай!

Бүгінде елге тұтқа болған Сәдуақас жәкемдер жоқ, бірақ бірен-саран болса да солардың жолын ұстанатын сарқыттары бар. Бәрібір баяғыдай емес сияқты көрінеді де тұрады маған. «Тура биде туған жоқ» ұстанымындағы қариялар көп болса ғой, шіркін! Бар ғой, бар олар. Бірақ аз! Қазір қариялардың көпшілігі мықтының сөзін сөйлеп, ләббай деп қоғадай жапырылатын жалпақшешей болып бара жатқандай. Болар елдің баласы бірін-бірі батыр деген, Елбасы белгілеп берген айқын бағытпен жарқын болашаққа бет түзеген жастарға аға буын ақсақалдар тарапынан қолдау қажет-ақ. Орынды қолдау олардың арманына қанат байлағандай демеу болатынына дау жоқ. Ал, орынсыз қолпаш ойсыз адамды жарға соқтыратыны сөзсіз. Сондықтан «болатұғын баланың бетін қақпа, белін бу» ұстанымында болайықшы, қариялар!

Жетпістен асып, сексенге аяқ басқан шағымда «бізге осылай болған жарасады-ау» деген оймен пікірімді ортаға салдым. Замандастарым қолдайтын шығар?!

Әңгіме неден басталып еді өзі? Ә-ә-ә, Дария қарындасымның академик болғанынан шыққан екен ғой сөзбасы. Бабасы Қожамжарды көргенім жоқ. Ал, атасы Сәдуақаспен тұздас-дәмдес болып тәрбиесін алдым, әкесі Пернеш – бірге өскен замандасым. Жақсы кісілер еді. Тектіден тегін адам тумайды, ұрпағының ұлағат етіп айтар ісі болған соң, оқырманмен ой бөліскім келді.

Асылбек БАЙДОСҰЛЫ,

    зейнеткер. 

Жамбыл облысы,

Тараз қаласы.