Түркияның бұрынғы басшысы «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі Жұма намазына қатысты
Түркия мемлекетінің бұрынғы президенті Абдулла Гүл бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіне келіп, жұма намазына қатысты деп хабарлайды muslim.kz порталы. Лауазымды тұлға «Әзірет Сұлтан» мешітіне бұған дейін де бір мәрте бас сұғып, құлшылық ордасының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатын. Бұл жолы түрік қайраткері Рамазан айындағы соңғы жұма намазын «Әзірет Сұлтан» мешітінің жамағатымен бірге оқуды жөн санапты.
Құрметті қонаққа жамағатпен оқылған жұма намазынан соң қазақы дәстүрімізге сай шапан жабылып, естелік сыйлық тарту етілді. Қазақ халқының қонақжай дәстүрі мен пейіліне риясыз ризалығын білдірген Абдулла Гүл мырза ізгі тілегін жолдап, ақ батасын арнады.