Шіркейге «таланған» өңірлер көмекке зәру

Мəжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста ҚР Үкіметінің жəне Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөніндегі заң жобасы қаралды. Мəжілісмендер талқылау барысында көптеген өзекті мəселелерге назар аударды. Бəрінен бұрын, бюджеттің орындалуы мен қаржылық тексерулердің сапасына жəне жауапкершілікке баса көңіл бөлінді. Мəжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «мəселе тексерудің жүргізілуінде емес, нəтижесінде» деп кесіп айтты. Кінəлілерді жауапкершілікке тартып, келтірілген шығын көлемінің орнын толтыруды қатаң талап етуге шақырды.

Сонымен бірге төраға заң жобасын талқылау барысында: «Елбасымыз əрқашанда əр тиынды дұрыс пайдалану жəне оның экономикаға жұмыс істеу керегін айтып келеді. Осы жолда біз, бəріміз Үкімет те, Парламент те мемлекет қаржысын дұрыс жұмсау үшін бірлесіп, аянбай жұмыс жасауымыз керек», — деп мəлімдеді. Сондай-ақ, жалпы отырыста мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мен құқық қорғау жүйесін жетілдіру мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады. Жиын соңында депутаттар əдеттегідей үкіметке депутаттық сауалдар жолдады. Соның ішінен өзекті деп танылған депутаттық сауал иесі Мəжіліс депутаты Ержан Құдайберген Төлепұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Ержан Төлепұлы, бүгін Үкімет басшысына сауал жолдауыңызға не себеп болды?

— Анықтап айтайын, Үкімет басшысына депутаттық сауалды бірнеше мəжілісмен бірігіп жолдап отырмыз. Олар: Е. Бектұрғанов, Ж. Жарасов. Ш. Өтемісов жəне мен. Ондағы мақсат — көптің сөзі өтімді бола ма деген дəме. Біздің депутаттық сауал жолдауымызға себеп болып отырған — еліміздің өңірлерінен келіп отырған арыздар. Оның негізі — кейінгі бес жылдың ішінде Батыс Қазақстан, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында ерекше өршіп тұрған шіркей мəселесі. Бұл құбылыстың мамыр-маусым айларында, ауыл шаруашылығы жұмыстары қызған кезде, іс барысына кедергі болып тұрғаны алаңдатуда.

— Сіздер сөз етіп отырған шіркейлерден қорғануға мемлекет жылда қаржыны аямай бөліп отыр ғой. Оның нəтижесі болмас па?

— Шынын айтайық, бүгінгі таңда елімізде су тасқыны жəне шегірткемен күресуге бөлінген қыруар қаржы мардымсыз жұмсалуда. Халқымыздың «Аузы сүтке күйген, суды үрлеп ішеді» деген мақалы əлі де сабақ болмай отыр. Жылда қайталанатын қауіптердің алдын алу нəтижелі жолға қойылмағаны байқалады. Керісінше, осы жағдайларды туындатуға қолайлы жағдай туғызып жатқандай.

— Шыбын-шіркейлерден келетін қауіп-қатерлер жайлы қандай да бір мəліметтер бар ма?

— Əрине, бар. Шіркейлер адамдар мен малдарды шаққан жерлері қызарып, уының əсерінен қатты ісініп, дене қызуы көтеріледі екен. Сонымен қатар, біз сөз еткен өңірлердегі аудандардың эпидемиологиялық ахуалына да теріс ықпал етуде. Олар тарихи деректерге сəйкес, туляремия, сібір жарасы, онхоцеркоз, тіпті оба сияқты аса қауіпті аурулар қоздырғыштарын тасымалдауы мүмкін. Шіркейлердің еліміздің басқа да өңірлерінде, Астана, Алматы қалаларында да кездесіп жатқанын ескеріп жəне аталмыш аурулардың адам денсаулығына аса қатерлі екенін айтып өткен жөн.

— Дəл қазіргі уақытта шіркей «шабуылынан» қиындық көріп жатқан қай өңірлер?

— Өте қатты зардап шегіп жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс, Отырар, Шардара, Мақтарал ауданының тұрғындары.

— Депутаттық сауалда Үкімет басшысына қандай талап-тілектер айтылды? Қанша дегенмен қалың елді алаңдатқан мəселенің жүгі ауыр ғой…

— Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мырзадан туындап отырған жағдайдың өте күрделі екенін ескере отырып, аталған елді мекендерде тұратын халықтың денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен бірге, ауыл тұрғындарының қалыптасқан тіршілігі мен шаруашылықтарын тыңғылықты жүргізу мақсатында осы мəселелердің шешілуіне қатысты тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруін сұрадық. Аталған кемшіліктердің жылдан-жылға жалғасып келуіне байланысты, осы проблемаға қатысты басшы қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтуді талап еттік. Сонымен қатар, орталық жəне жергілікті органдардың жауапты қызметкерлерінен жəне осы мəселемен айналысатын ғалымдардың қатысуымен жедел комиссия құрылып, аталған өңірлерге тез арада жіберіліп, тиісті шаралар қолданылса деген ойымызды жеткіздік.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК