Көз ауруы жасарып барады
Өткен жылдары «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы енгеннен кейін, көз ауруымен ауыратын науқастар саны арта түсті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеуінше, әлем халқының 95-135 млн-ға жуығы суқараңғылық дертінен зардап шегеді екен. Бүгінде жасы егде тартқан қариялардың көз ауруы кәріліктен болады десек, еңбектеген баланың көз ауруы смартфонмен мен теледидарға, компьютер алдына телміргендігінен болып отыр. Жастар арасында қазіргі таңда алыстан көрмеушілік дерті асқынып тұр. Одан қалды көз ісініп, бұлыңғырлану, көз аллергиясы мен көз қысымы сынды аурулар жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл қайдан, қалай пайда болады? Одан құтылудың жолы қандай? Міне, осы сұрақтарға тұшымды жауапты Алматы қаласындағы көз аурулары институтының көз дәрігері Серғазы Дәулетбаевтан алған едік.
— Көз дәрігеріне көбіне алыстан не жақыннан көрмейтін емделушілердің жиі келетіні белгілі. Мұндай жағдайда қандай емдік шаралар қолданылады?
— Қазір заман жетілген. Соған сай технологиялар жұмысы қарқынды дамып келеді. Медицина саласының ішінде көз дәрігерлері үшін арнайы «светомаг», «визулон» аппараттары мен виртус құрылғылары қолданылады. Бүгінгі таңда көз ауруымен ауыратын науқастардың дені — жастар. Оның ішінде көз қысымы, астигматтық не дальтонизм, глаукома, сынды аурулар түрі ең қиын дерт түріне жатады. Мұны емдеу ұзаққа созылады. Лазерлік емдеу арқылы немесе ота жасаумен ғана аурудан айығуға болады.
— Қазір көп жастардың көзілдірік кигісі келмейді. Басым көпшілігі линзаға көшкен. Мұның зияны жоқ па?
— Кез келген нәрсенің пайдалы және зиянды тұстары болады ғой. Линза — көздің көруі төмен науқастар үшін тапсырмас құрал. Оның қатты, жұмсақ түрлері бар. Одан басқа бір күндік, бір ай көлемінде қолдануға болатын линзалар бар. Үнемі линзамен жүру, әрине, көзге зиян. Өйткені одан ауа өтпейді. Көзілдірік тағып, екі жақты балансты сақтап отырған жөн. Көзге линзаны дұрыс орналастырмау мен линзамен ұйқыға жатудан көз қызарып, инфекция түсіп, қабыну пайда болады. Басты себеп — линза тазалығын сақтамау, құтысындағы суды алмастырмау. Сондықтан линза тағатын науқастар осыған аса ден қойғаны жөн.
— Көз ауруларын болдырмас үшін не істеу керек?
— Ең алдымен оның тазалығына мән беру керек. Жұмыс жасағанда жарық бөлмеде отырып, арқа мен басты түзу ұстаған дұрыс. Теледидарды қараңғыда қарауға болмайды. Көз аурулары тұқым қуалауы немесе сыртқы ортаның жағымсыз әсері нәтижесінде жүре пайда болуы мүмкін. Көздің көруін бір қалыпта ұстау үшін, ең бастысы, еңбек, тұрмыс гигиенасын сақтаған жөн. Яғни көзге шамадан тыс салмақ түсірмеу керек. Газды сусындар мен фасфуд өнімдерін тұтынудан бас тартып, дәруменге бай тағамдарды жеген дұрыс. Көзілдірікті дер кезінде кию, оны дұрыс таңдап алу көздің бірқалыпты көруіне жәрдемдеседі. Компьютер алдында жұмыс жасайтын болсаңыз, әр сағаттың 15 минутында көзді демалдырыңыз. Ақпаратты сәуле едәуір жоғары смартфоннан емес, бір мезгіл кітаптан да алуға болатынын ұмытпағанымыз жөн.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Жұлдыз Әбіл