Сұлуға емес, ақылдыға үйленген еркек бақытты
Ерте заманда бір байдың жалғыз ұлы болыпты. Ұлы алды-артын ойламайтын ақылсыз, келіні өте ақылды әйел екен. Баласы жылда базарға барған сайын құмар ойнап, ақшасын, малдың бәрін ұтқызып, сымпиып өзі қайта беріпті. Бір күні байдың өзі базарға мал айдап барады. Ол баласын құмарға ұтқызған дүниесінің бәрін ұтып алып қайтады. Орта жолда байға қарақшылар кездеседі. Сонда бай:
— Мен ауылдан көп мал алдырып берейін, босатыңдар, — дейді. Қарақшылар бұған көнеді. Бай хат жаза бастайды: «Қырық ат, алпыс атан, үйдің екі алтын босағасын, оны талқандайтын балта беріп жіберіңдер. Біз Ащысай деген жердеміз».
Екі қарақшы хатты алып барып, байдың ұлына табыстайды.
— Әкем ұтылып қалған екен, — деп, баласы мал жинай бастайды. Хатты келіні оқып көреді де, күйеуін оңашаға шақырып, әкесінің жау қолына түскенін айтады:
— Қырық ат дегені — қырық қарақшының саны, алпыс атаны — алпыс кісі әкелсең, жеңесің дегені. Екі алтын босаға және балтасы — мына келген екеуінің көзін жой деген», — дейді.
Сол күні екі қарақшыны байлап тастап, алпыс адамымен барып, қарақшылардан әкесін босатып алыпты. Міне, ақылдылықтың күші. Ата-бабамыз «сұлуға емес, ақылдыға үйленген еркек бақытты болады» деп бекерге айтпаған екен ғой.
Мен үйленсем, ақылды қызға үйленемін!
Санжардың хатынан БҚО, Орал қаласы