Күнәңнің кешірілгенін қалай білуге болады?
Біз қашан да Алла Тағаланың жәрдемінен, мейірімінен үміттіміз. Біз құлшылық жасағанда Алланың разылығы үшін жасаймыз. Оны қабыл алу, алмау – тек Алла Тағаланың құзырында. Сол сияқты жасаған күнәларымыз үшін Алладан кешірім сұраймыз. Бұл да Оның қалауымен болатын нәрсе. Ол біздің күнәларымызды кешіруге Уәде беруші! Ал Алла сіздің күнәңізді кешіргенін қалай білуге болады?
«Тәубе еткен адам – күнә жасамаған адаммен тең…»
Жер бетінде жеті миллиард адам бар десек, әрқайсысының әртүрлі деңгейде (кішігірім, үлкен) жасаған күнәлары бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Егер сендер күнә істемесеңдер, Алла сендерді жоқ етіп, күнә істейтін әрі оған тәубе ететін қауымды жарататын еді» (Муслим, 2747) деген болатын. Иә, күнә жасаған жүректен Алладан кешірім сұрап, тәубеге келген жүрек жақсырақ. Аса Мейірімді Алла тәубе етушінің тәубесін әрқашан және әр уақытта қабылдайды. Сондықтан ешкім, күнәлары қандай үлкен болса да, тәубе ету мүмкіншілігін назарсыз қалдырмасын, өйткені, Алла Тағала былай деді: «Әй, Менің өздеріне зұлымдық жасаған құлдарым, Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер! Шын мәнінде, Алла күнәларды толығымен кешіреді: өйткені Ол – аса Кешірімді, Мейірімді!» («Әз-Зүмар» сүресі, 53-аят). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Күнәсы үшін тәубе еткен адам күнә жасамаған адаммен тең», – деді (Ибн Мәжаһ 4250). Сондықтан да адам Алланың мейірімінен күдер үзбеуі және күнәлары мен айыптарының көп екенін әрі олардан құтыла алмайтынын сылтауратып, мойынсұнбаушылықтары мен күналарын жалғастырып, Мейірімді Раббысын ызаландырмауы қажет. Алладан кешірім сұрап, тәубе етуші адамның ризығы артып, дүниесіне береке бітеді әрі ол адамның перзенті болмаса, Алла оған перзент береді. Бірде Хасан әл-Басриге (оған Алла разы болсын) бір диxан келіп жерінің құнарсыз әрі өнімсіздігіне шағымданады. Сонда ол кісі «Алладан кешірім сұра» деп насиxат айтады. Келесі кісі өзінің кедейлігін айтып шағымданады. Хасан әл-Басри оған да «Алладан кешірім сұра» дейді. Үшінші кісі өзінің перзентсіз екенін айтып шағым түсіреді. Сонда ғалым оған да: «Алладан кешірім сұра» дейді де артынан «Нұx» сүресінің мына аяттарын оқиды: «…Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол – көп Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді, сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды…» («Нұx» сүресі,10-12-аяттар). (Фатх аль-Бари).
«Кімде-кім тәубе етсе, жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады»
«Алла Тағала мені кешірмейді» деп үмітсіздікке босқа бой алдырмаңыз. Алла Тағала сабырлық сақтап, Өзінен үміт үзбеген құлдарын жақсы көреді. Себебі, «Алла көп нәрсеге кешірім етеді» («Шура» сүресі, 30-аят). Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) мына бір жүрек сыздатар оқиғаны жеткізген: «Бір күні жаныма бір әйел келді. Сөйтті де: «Мен зина күнәсін жасадым. Одан туған баланы өлтіріп тастадым. Енді мен үшін тәубе етуге мүмкіндік бар ма?» деді. (Мен күнәнің ауырлығына қарап): «Жоқ, сенің тәубең енді қабыл болмайды дедім. Әлгі әйел: «Әй, сорлы басым-ай, сонда менің шынында да тозаққа күю үшін жаралғаным ба?» деп еңкілдеп жылап қоя берді. Жылап-жылап үйіне қайтты. Ертесіне болған жайдың бәрін Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түгел жеткіздім. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қабағын шытып: «Сен не істеп қойғаныңды білесің бе? Сен Құрандағы мына аятты оқып жүрген жоқсың ба деп «Фурқан» сүресінің мына аяттарын оқып берді: «Кімде-кім тәубе етсе, сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне, Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады.
Алла – өте Жарылқаушы өте Мейірімді. Кімде-кім тәубе етіп, түзу іс істесе, рас ол, Аллаға лайықты түрде қайтқан болады» («Фурқан» сүресі, 63,71-аят.) Мен дереу әлгі әйелді тауып алып, осы аятты оқып бердім. Әйел: Маған шығатын қақпаны көрсетіп берген Аллаға шүкір» деп сәждеге бас қойды. Міне, бұл оқиға Ислам дінінде Алладан кешірім тілеп, тәубеге келудің қаншалықты маңызды екенін білдіреді.Құранда: «Ол құлдарының тәубесін қабыл етеді де, күнәларын кешіреді. Әрі не істегеніңді біледі», – деп баян еткен («Шура» сүресі, 25-аят). Сіздің адамдарға жасаған жақсылығыңызды да, зұлымдықтарыңызды да Алла Тағала біледі. Біз қандай сөз айтсақ та, қандай (дұрыс, бұрыс) амал жасасақ та, ертең Оның алдында сұраламыз. Ешнәрсе сұраусыз қалмайды. Алайда, жасаған күнәларыңыз үшін дер кезінде тәубеңізге келіп, Алла Тағаладан кешірім сұрай біліңіз, көбірек Аллаға тәубе етіңіз. Біз күн сайын Алладан бір емес, мың рет кешірім тілеуге мәжбүрміз. Алла Тағала бізді Өзінің кешірген құлдарынан болуды нәсіп еткей!
«Асыл Арна»