Балаға тыйым салуға болмайтын дүниелер
Бала тәрбиесі барысында оларды көптеген нәрседен сақтандырып, біршама дүниелерге тыйым салатынымыз өтірік емес. Осы тыйым салу кейде шектен шығып та кетіп жатады. Біздің қазақ менталитетінде «Мынаны істеме, ұят болады», «Ондай сөз айтпа, ел не дейді?» деген тиымдар баланың қиялына жиі тосқауыл қояды. Баласы аспаз болуды армандаса «Аспаз дейді? Қай атаң аспаз болып еді? Сен заңгер боласың. «Соттың әкесімін» деп мақтанбаймын ба?» — деп, ұлына өз арманын арқалатып жіберетін ата-аналар да жоқ емес. Қабілеті мен мүмкіндіктерін айқын байқау үшін балаға белгілі бір мөлшерде еркіндік керек. Жапон халқы бала бес жасқа толғанша оны еркін жіберіп, ешқандай нәрсеге тыйым салмайды. Тек бес жастан кейін қатал тәртіпке көшіреді екен. Ал Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бес жасқа дейін тұрмақ, өз тәрбиесінде болған 10 жасар Әнас ибн Мәлік тапсырылған істі ұмытып, ойнап кеткенде бір рет те кейімегенін, ұрыспағанын көреміз. Әрине, балаға тыйым керек. Бірақ оның белгілі бір шегі де болуы тиіс. Бұл мақаламызда біз балаға қандай істе тиым салмау керектігіне тоқталып кетпекпіз.
Мына 13 істе балаға мүлде тыйым салмаңыз
- Өз бетімен тамақтану. Әрине, қасықпен өзіңіз тамақтандырсаңыз жылдам әрі таза болады. Көп уақытыңыз да кетпейді, артынан тамақ жұққан киімдерді де жуып жүрмейсіз. Бірақ бұл әрекетіңізбен балаңыздың өз бетінше іс-қимыл жасауына кедергі болатыныңызды білесіз бе? Қасықты, ондағы тамақты құлатып алмай, аузына апара білу де кішкентай бала үшін үлкен өнер. Әрі ол сәбиіңізді шыдамдылыққа, жауапкершілікке үйретеді. Ертең балабақшаға бергенде де, бұл қылығы үшін тәрбиешілерден мақтау еститініңіз сөзсіз.
- Ата-анасына көмектесу.Көптеген ата-аналардың балаларына кішкентай кезінде “Ыдысты ұстама, шағып аласың!”, “Ары қарай тұр, үстіңе төгіледі”, “Тамақ пісіріп жатырмын, маған кедергі келтірмей мультфилм көрші” деген тиымдарын жиі естиміз. Кейін, арада біраз уақыт өтіп, балалары есейгенде сөйткен аналардың құрбыларына: “Қызым – жалқау. Үйде ештеңе істемейді. Кешке дейін бөлмесінен шықпайды”, — деп шағым айтқанын көзіміз жиі көріп жүр. Сондықтан, сіз жұмыс жасап жатқанда жаныңызға балаңыз келсе, оны қууға асықпаңыз. Керісінше, үй жинап жүрсеңіз, қолына сыпыртқы беріп қойыңыз. Шкаф жөндеп жатсаңыз, жаныңызда балға ұстап тұрсын. Кішкентай ұлыңыз қолыңыздағы пакетті көтермекке ұмтылса, жеңілдеуін ұстата салыңыз. Бастысы, балаңық ұсынған көмектен бас тартпаңыз. Сізге көмектесу арқылы ол өзін үлкен әрі керекті сезінетін болады. Көптеген жақсы қасиеттер балаға кішкентайынын сіңетінін ұмытпаңыз.
- Бояумен сурет салу.Балаңыздың сурет арқылы өз ойын сыртқа шығаруына тиым салмаңыз. Бояу – шығармашылықтың бастауы. Ол баланың фантазиясын дамытады, ойлау жүйесін кеңейтеді, стрестен арылтады, жүйке жүйесін тыныштандырады. Кішкентайынан суретпен дос болған баланың өзін-өзі бағалауы да жоғары болады. Балаңызға әдемі бояу қарындаштар, акварель алып беріңіз. Үстіне ескі футболка немесе фартук кигізіп, алдына сурет салуға арналған қағаздарды жайып тастаңыз. Кішкентайыңыз қалағанынша сурет салсын. Ал одан жалығып, қабырғаға сурет салуға көшсе, оның да шешімі бар. Үйдің қабырғаларына плакат немесе ватмандар жабыстырып тастаңыз. Сонда керегені жуып немесе әктеп жүрмейсіз. Бастысы – бала қиялына ерік беру.
- Эмоциясын білдіру.Жүгіру, секіру, айқайлау, күлу, жылау, яғни бала болуға тиым салмаңыз. Бала, сонысымен бала. Әрине, емханада, қонақта белгілі бір тәртіпке бағындырғаныңыз жөн. Бірақ үйде қалағанын істесін. Бойдағы толассыз энергенияны бірдеңе етіп шығару керек қой!
- Турниктер мен спорт кешендерінен шектемеу.Балаңызды аулада ойнатып жүргенде “Онда шықпа, қауіпті” деп, турниктерден түсіріп алып, құмға алып қашудың қажеті жоқ. Керісінше, ата-ана оған қалай шығатынын, қалай түссе құламайтынын көрсетіп, қауіпсіздік шараларымен таныстыру керек. Сонда сіз жоқ кезде, турникке шығуға талпынған балаңыз құламайтын болады.
- Сумен ойнау.Әрине, балаңыз үйді көл жасауы мүмкін. Бірақ анда-мұнда сумен ойнауға да мүмкіндік беріп тұрыңыз. Рас, бастан-аяқ үсті-басы су болар. Бірақ сәбиіңіздің сол сәттегі көздерінен ұшқындаған бақыт оттары мен көтеріңкі көңіл-күйіне ештеңені айырбастамасыңыз анық.
- Шалшықта секіру. Шалшықтың үстінен бір жүгіріп өтуге кішкентай бала тұрмақ, ересек адам да қызығады. Кейде балаңызға су өтпейтін етік кигізіп, жаңбырдан кейін жиналып қалған немесе суық күндері беті қатып тұрған шалшықтың үстінен қалағанынша жүгіріп өтуге рұқсатыңызды беріңіз. Жақсы эмоция – салауатты өмір кепілі.
- Сынатын заттарды ұстау. Баланың барлығына тән қасиет, олар кез-келген жаңа нәрсені ұстап, зерттеп, тамақ болса, жеп көргісі келеді. Өзіңізге сыйланған ыдыс немесе статуэтканың балаңыз да ұстап көргісі келсе, беріңіз. Бірақ, берердің алдында бұл заттың өзіңізге қымбат екенін, байқап ұстау керектігін, құласа сынып қалатынын түсіндіру керек. Түсіндіргеніңізге қарамастан, қолынан түсіріп, сындырып алса, ұрсып, баланы шошытпаңыз. “Ештеңе етпейді” деп оны жұбатып, қалдықтарын бірге жинап алыңыз.
- Өз пікірін қалыптастыру. Балаңызға қай шалбармен қай жейденің сәкес келетінін немесе ойыншықтарының қалай жиналуы керектігін әрине, сіз жақсырақ білесіз. Соған қарамастан, оның өз пікірін де тыңдап тұрыңыз. Пікірін айтып болған соң, неге олай ойлайтынын сұраңыз. Ал пікірі тіпті қиыс кетіп жатса, өз дәйектеріңізді келтіріп, солай істеуге шақырыңыз. Анда-санда балаңызбен де келісіп тұрған жөн.
- Ыдыспен ойнау. Балаңыз келе жатса, ыдыстарды шкафтың арғы қуысына қарай жасырып, бәрін тыға жөнелудің қажеті жоқ. Қазан, кострюль, контейнерлерге бір уақыт ыдыс деп емес, баланың дамуына арналған зат деп қарап, ойнауға беріп тұрыңыз.
- Жарық жағып ұйықтау. Үш-төрт жастағы балалар әдетте қараңғыда ұйықтауға қорқады. Анасының жанынан бөлек кетіп, жеке төсекке, басқа бөлмеге көшкен бала үшін түнде қорқу – қалыпты жағдай. Сондықтан светильник жоқ болса, жарықпен ұйықтауына рұқсат беріңіз.
- Қаламаған нәрсесін істетіп, қинау. Балаңыз ішкісі келмеген кей ботқа, сорпаларды қинап ішкізудің қажеті жоқ. Әрине, ішпеске болмайтын жағдай – басқа әңгіме. Балаңыздың тәбетін қалыпқа келтіру үшін аз-аздан жиі-жиі тамақтандырыңыз әрі тамақтану тәртібін қатаң бақылауға алыңыз.
- Сұрақ қою. Өсіп келе жатқан бала сұрақ қойғыш келеді. Олар көп нәрсені білгісі келіп тұрады. Көптеген ата-аналар «Мазамды алмашы, жұмыстан шаршап келдім» немесе «Кейін жауап берейінші» деп баласының қызығушылығына немқұрайлы қарап жатады. Ал сұрақтарына жауап ала алмаған баланың білуге, үйренуге қызығушылығы төмендейді. Керісінше, осы кездері баласының Ислам, иман туралы сұрақтарына кеңінен жауап беріп, дін туралы түсіндірсе, бойына сіңірсе, осындай әңгімеден сусындап өскен бала кейін өскенде де діннен алыс болмайды.
Хадиша Ермекқызы