Дастархан басына шақыру
Қалыптасқан әдеп бойынша дастархан басына әуелі жасы үлкендерді шақырады. Оларлың жас ерекшелігі, жолы-жөніне қарай рет-ретімен алатын орны – төр. Келген қонақтар дастархан басына орналасқаннан кейін әлдебір себептермен кешігіп келетіндер болады. Әдетте арнайы шақыртылған қонақ кешікпеген. Ал, кешігіп келсе қазақ «неге кешіктің?» деп сөкпеген. Кешігіп жатса тиісті сыбағасын сақтап қойған. Ал себепсіз келмей қалса, «Сыбағанды ит ішкір (жегір)» деп ренжіген. «Шақырғанға бармасаң, шақырғанға зар боласың»; «шақырусыз тойға барғанша, таяқ ал да қойға бар»; «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген мақал-мәтелдер осындайдан шықса керек. Ретіне қарай дастархан басына орналасқан қонақтардың жасы кішісі өзінен кейін келген жасы үлкенге төр жақтан орын береді. Лұқпан айтты деген сөз бойынша жас адам өзінен кейін келгендердің үшеуіне ғана орын бере алады. Одан кейін келгендерге орын бермейді. Берсе өз беделін, өз қадірін, құрметін түсіреді. «Тойға барсаң бұрын бар, бұрын барсаң орын бар» деген ғой қазақ.
«Қонақ – қойдан жуас, май берсе де жей береді.» дегенде оның момындығын емес, әдеп сақтағышын, көргенділігін, инабаттылығын айтқаны. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дегенде үй иесіне үлкен жауапкершілік арқалатқаны. «Жаман үйдің қонағы билейді» дегенде қонақ күтуде сынға түсіп, ұятқа қалмасын дегені.