«Мағжанның мұңы – мұнар, арманы – шың…»
«Мағжан көктемі» республикалық өнер фестивалін тілдерді дамыту жөніндегі басқарма Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен 2011 жылдан бері екі жылда бір рет дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Осынау игілікті шараның тұсаукесері осыдан алты жыл бұрын 700-ден астам көрерменнің қатысуымен Н.Погодин атындағы орыс драма театрында «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған» деген атаумен өткізілген еді. Бірінші фестивальдің тұсауын Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев кесіп, ұлы ақынның шығармашылығын насихаттауға арналған ауқымды фестивальдің қазылар алқасына төрелік еткен болатын. Содан бері осынау игілікті шара Қызылжар өңірінде төртінші рет жалауын желбіретіп отыр.
Мағжан рухына тағзым
Ұлты үшін тар жол, тайғақ кешуден өтсе де, «халық жауы» ретінде тарихтан есімі сызылып, 1988 жылға дейін атын атауға, жырларын оқуға тыйым салынса да, «Ұлтым», «Алашым», «Туған жерім» деп жырлаудан бір таймаған Мағжандай біртума ақынын халқы ұмытқан жоқ. Отыз жылдай уақыттан бері мəңгі өлмес өршіл
рухын, мəңгі жасайтын мөлдір жырларын қолдарынан түсірмей, төбесіне көтеріп, тағзым етіп келеді. Бір ғасырлық тойы Қызылжар өңірінде ғана емес, республика бойынша дүркіреп өткенінен бəріміз хабардармыз. Туған жерінде дəстүрлі түрде екі жылда бір рет өткізіліп келе жатқан республикалық «Мағжан көктемі» өнер фестивалі соның бір дəлелі.
— Мағжан əлемін таныған, тереңіне бойлаған əр адамның жан дүниесі ерекше нұрланып, өрісі ашылары сөзсіз. Фестивальді өткізудегі мақсат — ақынның шығармашылығы арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тəрбиелеп, мəдени-эстетикалық сезімін дамыту, оны рухани ұстанымына айналдыру жəне отандық əдебиет пен өнер, музыка салаларында озық туындылардың дүниеге келуіне, оның авторлары — талантты тұлғалардың шығармашылығының халық игілігіне айналуына жол ашу. Бұл мақсатымыз бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасының міндеттерімен астасып жатыр деуге толық негіз бар. Отансүйгіштік, ұлтжандылық пен елжандылық рухтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің барлығын Мағжан өлеңдерінің əр шумағынан табуға болады. Сондықтан ІҮ республикалық «Мағжан көктемі» өнер фестивалі ұлы ақынның шығармашылық мұрасын жүйелі түрде насихаттап, есімін ел есінде мəңгі сақтау миссиясын атқарып қана қоймай, оның ел ертеңі болып табылатын өскелең ұрпақ тəрбиесінде алар орнын айшықтай түседі, – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы əрі осынау шараны үзбей өткізуге мұрындық болып жүрген Кемел Оспанов.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, өнер фестивалінің өрісі кеңейіп, маңызы артып келеді. Бұған дейінгі сайыстарға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас таланттармен қатар республикамызға танымал ақындар Серік Тұрғынбеков, Елена Əбдіхалықова, композитор Жоламан Тұрсынбаев, тағы басқалары қатысқан болатын. Өнер фестивалі үш аталым бойынша өткізіледі. Жазба ақындар өздерінің бұрын еш жерде жарияланбаған, Мағжанның рухына бағышталған өлеңдерін оқыса, мəнерлеп оқу сайысына қатысушылар ақынның асыл мұрасы — өлеңдерін, поэмаларын жатқа айтуы керек. Əр қатысушы ақынның 50-ден астам өлеңін білуі міндет. Соңғы аталымда сазгерлер бақ сынайды. Олар Мағжан өлеңіне жазылған, бұған дейін еш жерде айтылмаған музыкалық туындыларын ұсынуы тиіс.
Оқушылар шықты сайысқа
Фестивальдің бірінші күні облыстық білім жəне білім саласын бақылау жөніндегі басқармалар ұйымдастырған «Мағжан оқуларына» арналды. Бұл шара Қызылжар өңірінде, нақтырақ айтқанда, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылында осымен 13-рет өткізіліп отыр. Оған республикамыздың барлық өңірлерінен жүз елуге тарта дарынды оқушы қатысты. Іс-шара ұлы ақынның туып-өскен жеріндегі Мағжан рухына арналған құлпытасқа жəне ескерткішке тағзым ету рəсімінен бастау алды. Сайысқа қатысушылар ақын мұражайында болып, ондағы жəдігерлермен танысты, осынау шараға арнайы келген зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, қазылар алқасының төрағасы Несіпбек Айтұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, қазылар алқасының мүшесі Ғалым Жайлыбай Мағжан ақын жайлы өз ойларымен бөлісіп, осынау шараға жырдан шашу шашты.
ХІІІ «Мағжан оқулары» 3 аталым бойынша бағаланды: «Өлең — менің Шолпаным, Айым, Күнім» аталымына қатысқан оқушылар ақын шығармаларын жатқа айтты, «Ақын да бір бала ғой Айға ұмтылған» аталымында жарысқа қатысушылар өз шығармаларын орындау арқылы ой тереңдігін, ақындық шеберліктерін танытты, «Толқынмен толқын сырласып» аталымында байқауға қатысушылардың Мағжан Жұмабаев шығармалары бойынша жазған зерттеу жұмыстары сарапқа салынды. Сөйтіп, əр аталым бойынша І — бірінші, ІІ — екінші, ІІІ — үшінші орын иегерлері анықталды. І, ІІ, ІІІ орын алғандар ноутбук, теледидар, смартфон сияқты бағалы сыйлықтармен жəне тиісті дəрежелі дипломдармен марапатталды. «Мағжан оқулары» байқауының бас жүлдесін Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Дəуқара орта мектебінің оқушысы Заманбек Əлібеков иеленді. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушы-профессорларынан құрылған қазылар алқасы байқауға қатысқан оқушылардың жылдан-жылға деңгейі жоғарылап, Мағжанның поэзиясы мен сөздерін өмірлік ұстанымдарына айналдырған жас ұрпақтың көбейіп келе жатқанын, ұлы ақынның жалынды өлеңдерін, рухы жоғары туындыларын тебірене орындап, көпшіліктің көңілінен шыққанын атап айтты.
Ақынын ардақ тұтқан елміз
ІҮ республикалық «Мағжан көктемі» өнер фестивалінің негізгі шарасы облыс орталығындағы Жастар сарайындағы өтті. Оған 900-ге тарта көрермен жиналды. Фестивальге дейін сайысқа қатысушылар
Мағжан туған ауылда болды, облыс орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайымен, «Абылайхан резиденциясы» кешенімен танысты, вокзал алаңындағы ақынның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Ақынның туған күніне орай өткізіліп отырған ауқымды шараны өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан облыс əкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады. Онда былай делінген:
«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Құрманғазының ғажайып күйлері, Мағжанның мөп-мөлдір асыл лирикасы, Мұхтардың эпикалық көркем прозасы, Шоқанның барша əлемді таңғалдырған жаңалықтары, ұлы Абайдың философиялық толғаулары ынта-ықылас қойған əрбір адамның ішкі жан дүниесін байыта түсері анық», — деп жазған болатын. Елбасымыз есімдерін ерекше ықыласпен атаған біртуар тұлғалардың ішіндегі энциклопедист-ғалым Шоқан мен жыр дүлдүлі Мағжанды жерлестері ерекше мақтан тұтады. Қазіргі облыстық «Солтүстік Қазақтан» газетінің іргетасын қалаған, өз есімімен аталатын колледжде ұстаздық етіп, өзі сенетін жастарды білім нəрімен сусындатқан, туған жерін жыр бесігінде тербеткен, сөйте жүріп, бүкіл түркі əлеміне танылған Мағжан Жұмабаевтың біз үшін алар орны ерекше. Жерлесіміз, академик-жазушы Сəбит Мұқанов айтқандай, «Абай — ақылдың ақыны, Мағжан — ақынның ақыны». Ел Тəуелсіздігінің тарихы Мағжан, Ахмет, Жүсіпбек, Міржақып, Сəкен, Ілияс, Бейімбет сияқты қазақтың арыс ұлдарының тағдырымен сабақтас, олар — біздің ұлы тарихымыздың ажырамас бөлігі.
Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарын құрметтеу — біздің қасиетті парызымыз. «Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!» — деп, халқы үшін басын бəйгеге тіккен Мағжан Жұмабаев небəрі 45 жыл ғана ғұмыр кешті, алайда жыр жампозы артына бүкіл түркі əлемі мақтан тұтарлықтай мол мұра қалдырды. Мағжантану ілімі ұлттық руханимəдени құндылықтар қатарында күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Қазақ əдебиетінің сарқылмас қазынасына айналған ұлы суреткердің шығармашылығын көптеген ғалымдар зерттеп, ғылыми еңбектер, оқулықтар жазды, педагогикасына ден қойды.
Қазақтың маңдайына біткен шолпан жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың рухына қандай құрмет көрсетілсе де лайықты. Облыс орталығындағы бас көшелердің біріне есімі беріліп, ақын атындағы алаңға шұғыла шашқан шырайлы ескерткіші орнатылды. «Солтүстік қақпасы» атанған қаламыздың вокзалынан Қызылжар өңіріне аяқ басқан қонақтарды ақиық ақынның алып ескерткіші қарсы алып, олардың Мағжан еліне келгенін танытады. Жыр дүлдүлінің кіндік қаны тамып, балалық балдəурен шағы өткен өңір — бұрынғы Булаев ауданы да ақынның атымен аталып, орталығында еңселі ескерткіш бой көтерді. Өзі жырлаған Сарытомарда мұражайы ашылды жəне ескерткіші бой түзеді. Сонымен бірге облыс орталығындағы іргелі білім ордаларының бірі — гуманитарлық-педагогикалық колледжге 1993 жылы қазақтың атақты ақыны, педагогы, ғалымы Мағжан Жұмабаевтың аты берілді. Бұл кездейсоқ берілген есім емес, себебі өткен ғасырдың 20-жылдары Мағжан Жұмабаев осы педагогикалық техникумда ұстаздық етті.
Жыл сайын облысымызда ақын шығармашылығына арналған байқаулар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылады. Жерлес ақын-жазушылардың бастамасымен оның жинақтары басылып, халқымыздың рухани қазынасына айналды. Осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын жерлес ақынымыз «Мен жастарға сенемін!» деп жырласа, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев егемен еліміздің болашағын жасайтын жастарға зор үміт артып отыр. Мағжан Жұмабаевтың жұлдызы қазақ өлеңінің аспанында əрдайым жарқырай бермек».
«Мағжан — ақынның ақыны»
Республикалық фестивальдегі талапкерлердің өнерін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы (төраға), Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, жерлес-композитор Жоламан Тұрсынбаев, «Мағжан» журналы мен «ҚызылжарАқпарат» ЖШС-нің директоры-бас редакторы Жарасбай Сүлейменов, «Қазақстан ZAMAN» халықаралық газеті директорының бірінші орынбасары, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сəуле Мешітбайқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген əртісі Қапаш Құлышева, СҚО əкімінің орынбасары Анарқан Дүйсенова сынды қазылар алқасы бағалап, сарапқа салды. Қазылар алқасының төрағасы Несіпбек Айтұлының айтуы бойынша, өнер фестивалінің 3 аталымына республикамыздың 12 облысынан 60 үміткер қатысқан, тек жазба ақындар мүшайрасына ғана 40 ақын өз туындыларын ұсыныпты. Алдын ала іріктеуден өткен 15 талапкер, яғни əр аталымға 5 үміткерден ақтық сайысқа жолдама алыпты. Бұл күні жиналған қауым сол 15 үміткердің өнерін тамашалады.
Сахна шымылдығы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры ұжымының Мағжан шығармалары негізінде əзірлеген қойылымымен басталды. Онда ақиық ақын да, Батыр Баян да, қобызшы Қойлыбай да, Қорқыт ата да көрініс тапты. Өнер фестивалінің көшін қызылордалық Ұлықбек Тəңірберген, алматылық Саят Қамшыгер, ақтөбелік Жұлдыз Қожабекова, алматылық Мақпал Мыса, Шығыс Қазақстан атынан сынға түскен Əділғазы Қайырбеков бастады. Бұл аталымда шабытты жырмен ұлы ақынның шығармашылық-адами келбетін, айнымас ұстанымын, елдік-ерлік қасиетін, ұлт тағдырында алатын орнын таныту қажет болатын. Бесеуі де жыр теңізінде көсіле шауып, осынау додаға жайдан-жай қосылмағандарын танытты.
Біздің жерлесіміз Сəбит пен Ғабиттің Алматыдағы мұражайының шырақшысына айналып отырған, республикамызға сыршыл ақын ретінде танылып жүрген Əділғазы Қайырбеков:
Мағжанның мұңы мұнар, арманы шың,
Үзілген үміт жіптің жалғап ұшын,
Ол жұмбақ жаратылыс болатұғын,
Опасыз мына дүние-жалған үшін, — деп Мағжанның жұмбақ жаратылысына бойласа, Мақпал Мыса «Жалғыз» атты туындысында:
Көңілде төрсің ағам,
Өрсің ағам,
Еліңе беріп кеткен ен сыбағаң.
Ай етіп алақанда аялайын,
Жырыңның жалғыз жолын берші маған! — деп тебіренді.
Күрішті өлкеден келген Ұлықбек ініміз əдебиет əлемінде Мағжанның əлі дəлелденіп болмаған Магадандағы өмірі жайлы айтылып жүрген аңыздардан «Тарих неге сөйлейді кейде өтірік?..» жəне «Абдолла қарттың əңгімесі» атты жыр тудырып, өзіне тəн ой түйді. Республикалық «Мөлдір бұлақ» журналы редакторының орынбасары, ақын Саят Қамшыгер «Сені іздеуде» жыры арқылы: Күннен нұрдай əлемге тараласың, Жасарасың жəне де жаңарасың. Ақындардың ақыны ең арда туған, Сені іздейтін артыңда бар Алашың! — деп, жыр дүлдүлінің сөзі өлмейтіндігін кестелі жырмен өрнектеді. Нəтижесінде қазылар алқасының берген бағасына орай Ə.Қайырбеков бірінші, М.Мыса екінші, Ж.Қожабекова үшінші орындарды еншілесе, С.Қамшыгер мен Т.Ұлықбек ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Мағжан өлеңдерін мəнерлеп оқуда солтүстікқазақстандық Аяхбай Дінмұхамбет шеберлік танытып, көш бастады. Оңтүстікқазақстандық Жұман Байғали мен астаналық Ақмейірім Қуашбаева тиісінше екінші-үшінші нəтиже көрсетті,
Маңғыстаулық Əлия Бекішева мен ақтөбелік Қуандық Қасымов ынталандыру сыйлықтарына қол жеткізді. Бұл күні Мағжан өлеңдеріне жазылған 5 жаңа əннің тұсауы кесілді. Бас жүлдені қанжығасына байлаған Құрмет Сақай: — Осынау дəстүрлі байқауға Мағжан атамыздың көп айтыла бермейтін, алайда əуенге сұранып тұрған «Жан жарымды бір сүйемін түсімде» жырын таңдадым. Қателеспеген сияқтымын. Колледждегі жас əріптестерім — Серік Тасмұхамбетов, Əлия Заманбекова мен Салтанат Əбдірахманова жүрегімді жарып шыққан əннің бағын жандырды. Қазылар алқасының берген бағасы да соған саяды, — деді ағынан жарылып. Сұрастыра келсек, Құрмет Сақай 1992 жылы Көкшетау қаласына Монғолиядан қоныс аударып, содан бері Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінде ұстаздық етеді екен. «Қазақстанның мəдениет қайраткері», «Білім беру ісінің үздігі» деген атақтары бар. Қазақстан Композиторлары одағының мүшесі. Отбасымен түгел өнерпаз көрінеді. Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының əншісі Біржан Есжанов «Туған жерім — Сасықкөл» əнімен екінші орынды еншіледі. Үшінші орын «Алтын Алтай» жырына əн жазған семейлік Сейітқазы Оразғалидың қанжығасында. Қарағандылық Уəли Марғұлан мен павлодарлық Шайзат Оралжанұлы «Сағындым» əндерімен ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Осынау дəстүрлі фестивальге облыстық əкімдіктің арнайы шақыруымен келіп, қазылар алқасына төрағалық еткен ақын, қоғам қайраткері Несіпбек Айтұлы: — Марғасқа ақын ұлт үшін баз кешіп, қаламын қанға малды, азаттықты аңсады, сол үшін талмай күресті. Біз Мағжан арқылы, оның рухы арқылы болашаққа керуен тартып бара жатқан мемлекетпіз, «Мəңгілік Ел» болуға маңдайымызды түзеген елміз. Халқымыз азаттықтың арайлы таңымен бірге ұлы ақынымен қайта қауышты, — десе, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай Қызылжар өңірінен түлеп ұшқан сайдың тасындай сайыпқырандарын тілге тиек ете келіп: — Бұл — рухтың, сағыныш пен өлеңнің, бостандық пен азат ойдың торқалы тойы. Мағжан ақын — ұлтымыздың темірқазығы. Фестиваль қарсаңында Қызылжарға келгенде ақ қайыңдарға арқамды сүйеп, қарағайлармен құшақтасып, Мағжан жұтқан жұпар ауамен тыныстап қайтамын,– деп шабытты ойын түйіндеді.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сəуле Мешітбайқызы: — Мағжан — ғаламат ақындығымен қоса, ағартушы ғалым, көрнекті педагог. Қазақ балаларының келешегіне алаңдаған ақын «Педагогика» деген кітап жазған. Ол ғылыми еңбек күні бүгінге дейін өзінің құндылығын жойған жоқ. Осындай үлкен фестивальге қатысып отырған сіздер бақыттысыңздар, айналайындар. Осының өзі тəуелсіздігіміздің арқасы. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Əуезовтың «Бəріміз де жазамыз, болашаққа алаңдаймыз, бірақ, менің пайымдауымша, келешекте оқылатын, болашаққа риясыз жететін дүние — Мағжанның жазғандары. Қалғандарымыздікі құр əурешілік болмаса қайтсін» деуі үлкен ойға жетелейді. Мағжан — түркі дүниесіне, түркі əлемінің бірігуіне күш салған ақын. Оның Түркия мемлекетіндегі төңкеріс кезінде жазған «Түрік бауырыма» деген өлеңі соның айғағы. Бүгінде Түркия елі Мағжан ақынды атаусыз қалдырмайды. Ақынды ардақтап, оның отты жырларына құрмет көрсетіп, атақты қалаларында оның есімін ұлықтап жүр. Мағжан орыстың демократ ақындарымен жақсы қарым-қатынаста болған. Əсіресе Александр Блокпен достығы, Максим Горькиймен сыйластығы бөлек əңгіме. Ол «Мен жастарға сенемін» деп, өздеріңдей жастарға сеніп өткен. Енді сендер ақын аталарыңның сенімін ақтауға тырысыңдар, қарақтарым, — деп, өнер сайысына қатысқан жастарға ақ батасын берді.
Сонымен, осы жолғы республикалық өнер додасында да ақынға арналған 5 үздік жырдың, ақын жырына жазылған 5 үздік əннің тұсауы кесіліп, ақынның 5 жыры көркемсөз оқушылардың шеберлігімен көрермендердің көкейінен өшпейтіндей, Қызылжар аспанында қалықтады.
Нұрсайын Шəріп