Ж. Түймебаев «Қылмысты азайтудың ұтымды жолы — жұмыссыздықты жою»
Оңтүстік Қазақстан облысында қылмыстық ахуал тұрақты. Соңғы бес айда қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 25,1 пайызға, көшелерде жасалған қылмыстар 32,4 пайызға төмендеген. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция бастығы, полковник Әбдіғани Сейдуалиев мәлім етті.
«Қылмыстық құқықбұзушылықтардың түрлеріне сараптама жасасақ, ауыр қылмыстар 22,4 пайызға , денсаулыққа орташа зиян келтіру 54,2 пайызға, ұрлық 18,7 пайызға , тонау 16,5 пайызға , қарақшылық 45,5 пайызға, бұзақылық қылмыстары 38,9 пайызға төмендеген. Ахуалдың біршама сауығуына департаменттің салалық қызметтері, басқа да құқық қорғау органдары және мүдделі мекемелермен бірлесе отырып өткізілген «Құқық тәртібі», «Қадағалау», «Нүктелік», «Учаске» кең-көлемді жедел алдын-алу шаралары да оң әсер етті»,-деді Әбдіғани Тайжанұлы
Оның айтуынша, тіркелген қылмыстардың негізгі бөлігін яғни ал 64,6 пайызын ұрлық қылмыстары құрап отыр. Жүргізілген сараптама негізінде, қоғамдық орында жасалған қылмыстардың 0,3 пайызы адам өлтіру, 0,2 пайызы денсаулыққа ауыр дене жарақатын салу, 7 пайызы тонау, 0,1 пайызы қарақшылық, 11,9 пайызы бұзақылық, 15,6 пайызын басқа да қылмыстар құраған. Саннан сапаға көшуді ескерткен облыс әкімі сала басшыларына қылмыспен күресуде шетелдік озық үлгілерді енгізіп, ұтымды тәжірибелерді пайдалануға кеңес берді.
«Қылмысты азайтудың ұтымды жолы — жұмыссыздықты жою. Жасыратыны жоқ, құқық қорғау орындары негізінен пайыздық көрсеткіштерді төмендетуге күш салады. Алайда бұл әрекет мәселені шешпейді. Пайыздық көрсеткіштер төмендегенімен қылмыс азайып отырған жоқ. Сондықтан жергілікті полиция жұмысты жүйелі әрі тиянақты атқаруы тиіс. Қылмыспен күрес жұмыстарына қоғамдық белсенді топтар мен жастар ұйымдарын тарту қажет», — деді Жансейіт Түймебаев.
Комиссия отырысында қылмыспен күрестi күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында атқарылатын шаралар барысы талқыланды. Нәтижесінде сала басшыларына облыс басшысы тарапынан тиісті нұсқау, тапсырмалар берілді.
Жиында сондай-ақ облыстағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың жағдайы, жаяу жүргіншілер өткелдерін салу, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, апаттылықты азайту мәселелері талқыланып, нақты шаралар қабылдау жүктелді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі