«ШАТЫРСЫЗ» ЖАТАҚХАНА немесе АСПАНДА ҚАЛҚЫҒАН МАНСАРД
2005 жылдарға қарай Астана елдегі айтулы қалаға айнала бастады. Қаланың ерекше көркеюі, әлемдік шаралардың жиі өткізілуі мен экономиканың алға басу үрдісі байқала бастаған тұста, жаңа астанаға азаматтар елдің түкпір-түкпірінен ағыла бастады. Бірақ баспана мәселесі ушыға түсті. Өйткені, мұнда коммерциялық үйлер салыну жақсы жүрді де, әлеуметтік баспана салу мейлінше төмен болатын. Елорданы Өмірзақ Шүкеев басқарған тұста, оның баспанасыз қазаққа қолынан келгені сол – ескі жатақханалардың үстінен 1-2 қабат қосып, мансард-қабаттармен арзан бөлмелер салдыруға ыңғай білдірген. Алайда бұл ресми және техникалық жағынан толық шешілмеген еді. Сонда да пысық кәсіпкерлер қаладағы 20-дан аса жатақханаларды басқаратын кооперативтермен келісу құжаттарын жасатып, іске кірісіп кетеді. Соның бірі – бұрынғы Мичурин, қазіргі Бұланты көшесіндегі 4-үйде орналасқан бұрынғы теміржол жатақханасы болатын. Осы жатақхананың меңгерушісі Салтанатпен келіскен Алтиев Сабыржан «2007 жылы «Астана мансард строй» деген серіктестік құрып жіберіп, 5-қабаттың үстінен мансардтық 6-қабатты салуға кіріседі. Ол пәтер бағасының біресе шарықтап, біресе құлдырап тұрған кезі болатын. Сабыржан шаршы метрін 1200 доллардан кейінірек арзандатып 600 доллардан болашақта салынатын 35 бөлмені сатып, барлығы 44 келісім жасапты. Сөйтіп ол барлығы 85 021 587 теңге жинап алады.
Көп ұзамай Астанадағы бітпеген мансард қабаттарының дауы басталған тұста С.Алтиев 7 жылға сотталып кетті. Азаматтық сот шешімі бойынша қала әкімдігінің араласуымен құрылған «Жеңіс-12» тұрғын үй-құрылыс кооперативі бітпеген мансардтың ресми қожайыны, ал бітпеген баспана қожайындары сол кооперативке мүше болды. Бір қызығы, аталмыш сот үкімінің қисыны бойынша көшеде тұрған жатақхананың төбесіне келіп, С.Алтиев бас салып бір қабатты ешкіммен келіспей көтерген секілді. Оның заңсыз тұрғызғанына куәгер жатақхана меңгерушісі қайда, оған жол берген Тұрғын үй қатынастары инспекциясы қайда қарап отырды, олар неге жауап бермеді? Жабулы қазагн сол күйі қалды, бар күнә мен кінәні арқалап кәсіпкер Сабыржан 7 жылға абақтыға түсті.
Сонымен, Бұланты-4 жатақханасы шатырсыз қалды,тіпті кондоминиумға жататын төбе де жоқ, оның орнына бітпеген мансард-қабат қалды. Содан 35 үлескер әупірімдеп жүріп, мансардты жөндеп кіріп алды. Бірақ жаңа қабатты рәсімдеу мүмкін болмады. Содан бері Бастамашы әкім Ө.Шүкеевті санамағанда, елорданы басқарған А.Мамин, И.Тасмағамбетов, Ә.Жақсыбеков тұстарында мәселе мызғымастан, 35 үлескер өмірде бар, қағазда жоқ баспанада тұрғалы биыл 10 жыл болыпты. Осы 10 жыл ішінде әкімдер ауысса да мызғымайтын Хорошун дейтін әкім орынбасары осы мәселемен «айналысып» келді. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Былтыр «Жеңіс-12» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің төрағасы Н. Пропащев Нұр Отан партиясына арызданып жүріп, мансард ісінің «эстафетасын» жаңа әкім Ә.Исекешев қолға алды, бірақ нақты нәтиже бола қойған жоқ.
Мәселе неде? Обаста ресми рұқсатсыз мансард қабатының құрылысы басталып, ол жайында әкімдік «кейін білген», білсе де білмеген сыңай танытқан. Бүкіл аппараттың бас қаладағы мұндай бассыздыққа барған алаяқтардың еркінсуіне жол беру қызық-ақ! Одан да қызығы сол жатақхана кондоминиумын басқарып отырған «Кристалл» пәтер иелерінің кооперативі рәсімделмеген, кондоминимумға бірікпеген мансард қабатына «қызмет еткен» болып ақша талап етеді. Ал жатақхана шатыры қағаздағыдай 5-қабаттың үстіне емес, рәсімделмеген 6-қабаттың үстінде, демек жатақхананың төбесіз,шатырсыз отырғанына — 10 жыл! Бұны тексеріп шарасын алып жатқан ешкім жоқ!
6-қабаттың мәселесі сыйқырлы шеңбер секілді шығатын емес: рәсімдеу үшін жер бөлу актысы керек – сотталған серіктестік директоры жатақхана коммендантымен істемеген, ауызша келіскен. Енді рәсімдеу үшін «Жеңіс-12» тұрғын үй құрылыс кооперативінің басшысы Н.Пропащевке 28 инстанцияны аралап, олардың батасын алу керек, ол үшін шала салынған мансардты сәйкестеп жөндеу керек, оған үлескерлерде қаржы жоқ. Сүріп тастау әкімдіктің ойында жоқ, өйткені, сот үкімімен зардап шеккендер қатарында тұрған 35 үлескерге 35 пәтер бөлуге тура келеді. Сонымен, бұл астанадағы 20 мансардтың бірінің ғана жағдайы осылай. Бір қызығы 2009 жылы кейбір мансардты сүріп тастап, оларға пәтер бөлген, сонда басқасы неліктен солай шешілмегені тағы құпия.
Осылайша, 10 жылдан бері ресми шатырынан айырылған жатақхана елордалық баспана жайынан хабар берер куәгер болып әлі тұр. Бір қызығы сол мансард-қабатта 35 жанұя тұрып жатқанына 10 жыл. Едені жерге тимей аспанда қалқыған 6-қабатта туған балалар бүгінде 10-ға толды. Бұлар әкімдік пен тұрғындар арасында ойналып келе жатқан «футбол ойынына» қатысатын да жасқа жетіп қалды…