«ЭКСПО көрмесі Қазақстанда өтеді деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті»  

ОҚО Созақ ауданынан Астанаға арнайы келген ардагерлер «ЭКСПО-2017» көрмесін аралап, өз әсерлерімен бөліскен болатын. Аталмыш ауданның Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспембетов:

    -Шынын айтайық, ЭКСПО көрмесі Қазақстанда өтеді деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген. Осындай дәрежеге жетіп, әлем танып, дүниежүзінің халықтары Астана төрінде қонақ болып жатқанын көріп қуанып отырмыз,-десе, 77 жастағы ақсақал Абдулла Ижанов:

-Мен соңғы рет 2012 жылы Астанаға келген едім. Қазір қарап отырсам, ол кездегі Астана мен бүгінгі Астананы салыстырудың өзі артық. Айналдырған бес жылдың ішінде бас қала осыншама сұлуланып кетеді деп ойлап па едік?.. Оның үстіне өңір басшылығымен қолдауымен «ЭКСПО-2017» көрмесіне куә болуға мүмкіндік алдық. Қариясын сыйлаған жастарымызға жақсылықтары Алладан және ұрпағынан қайтсын!,-деп тілегін де арнады.

    Айта кетейік, құрылғанына 30 жыл толған республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің аймақтық филиалдарынан «ЭКСПО-2017» көрмесіне алғаш болып Созақ ауданының қариялары келген болатын. Бүгінде аудандық Ардагерлер кеңесі 16 бастауыш ұйыммен жұмыс істесе, қариялардың жалпы саны – 5220 адам. Оның ішінде 6-уы – Ұлы Отан соғысының ардагерлері (ең үлкені 96 жаста) болса, 625-і – соларға теңестірілген тыл ардагерлері. Солардың бірі, тарихшы, ес білгеннен еңбекке ерте араласқан, бүгінде төрге озған ақсақал Дулат Тұрантегін де сөзге тартқан болатынбыз.

-Көңіл-күйіміз керемет! Құдай бұйыртып, «ЭКСПО»-ны да көрдік. Барынша толығырақ танысып шығуға тырыстық. Айтайын дегенім, көрме қалашығында Қытайдан келген қандас бауырымызбен әңгімелескен едік. Өзі егін егіп күн көріп жүрген нағыз шаруаның адамы екен. Таңғалысын жасырмады, қуанғаннан мені құшақтап та алды. Атамекеніне алғаш рет табаны тиіп отырған болуы керек, «Бауырларымыз сондай қонақжай, ал еліміз дамыған екен» деп ағынан жарылды. «АЛЖИР» музейіне барып тіптен толқыған жайым бар. Өйткені, жерлесіміз, Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожановтың жұбайы Күләндам апайымыз да «АЛЖИР»-дің азабын тартқан. Көзінің тірісінде тілдесіп, ол туралы «Егемен Қазақстан» газетіне көлемді мақалам да шыққан болатын. Кейін өзі соны оқып ризашылығын білдірді. Одан қайтыс боларынан бір-екі ай бұрын ауылға келіп, баршамызбен қоштасқандай болған. Мінеки, осының бәрі музейде жүргенде еске түсті. Менен басқа қарияларға да музейдегі көріністер әсер етпей қоймапты,-дейді Д.Тұрантегі.

           Сондай-ақ Оңтүстік өңірінен келген қарияларымыз жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен Астананың символы «Бәйтерек» монументі және «Бейбітшілік пен келісім сарайында» болып, зәулім ғимараттар жайында құнды мәліметтермен таныс болды.

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ