Оларды Құдайдың құдіреті құтқарған еді…
Бұл оқиға сонау нәубет жылдары болған екен. Халық аштан қынадай қырылып жатыр. Ел ішінде аяқ артар мал қалмаған. Тірі қалғандар өзен-көлдерді сағалап өзек жалғау үшін босып кеткен. Аяғы жеткендер қала-қыстақты жағалап, тұяқ іліктіріп тірі қалудың қамы үшін қаңғып кеткен.
Көктемнің көкөзек шағы. Даланың қары әлі толық еріп бітпеген. Ересек ұл баласын жетектеп, үш жасар қызын арқалаған жас әйел зорға жүріп келеді. Әлсін-әлсін аялдап, аштық өзегіне түскен қос балапанын өкпек желдің өтінен қорғап, сонау көз ұшында бұлдыраған адыр төбеге қарай ұмсына аяңдайды.
Өлдім-талдым дегенде күңгей бетінің қары еріп, бауыры қасқаланған адыр төбеге де тұяқ іліктірді. Терістен соққан ызғар жатаған төбенің ескі селеуін жапыра жығып, шөп басындағы болымсыз дәнді сыпыра жинап бұта-бүргеннің түбіне үйген екен, жас әйел қармаусыз қолын созып селеудің кепкен дәнін жинады.
Қар суымен еріген дәнде қайдан құнар болсын, қос құлыншағы шөптің нілін жұтып, қарысуға шақ қалған жақ сүйегін қозғағандай болады. Жас әйел қос құлынын бауырына басып ұзақ отырды. Еңкілдеп жылағысы келді, бірақ көзінің жасы суалған екен, жылай алмады, жай кемсеңдеді.
Анасының бауырына жабысқан жас қыз, жанары мөлдіреп, бүйрегі бүлкілдеп, солықтап отырған анасына бір қарайды, сонау көз ұшында мұнартқан сағымға бір қарайды. Қу мекиен дала, жорғалаған тірі жан, татып алар түйір дән жоқ, үш мұңлықтың өмірі қыл үстінде…
Күн жамбасқа ауған соң жас әйел бойына бар қуатын жинап, бұта-бүргеннің түбін тіміскіледі. Түртінектеп жүріп, дала тышқанының інін тауып алды. Құдайға шүкір, жұт жеті ағайынды дегендей аштық басталғалы даланың өріп жүретін сұр тышқаны да құрып кеткелі қашан. Әлде қырғидай тиген аштардан қорқып бір жаққа ауып кетті ме екен…
Жас әйел жалма-жан тышқаның інін қазды. Қар суы сіңген жер қыртысы жұмсақ екен, қара топырақ опырылып тез қазылды. Іннің түбі көрінді. Ой, Алла, жиегін ұялап, ортасын шұңқырлаған жұмсақ сары шөптің ішінде көзін әлі ашпаған қызыл шақа тышқанның төрт баласы шиқылдап жатыр. Сәл арғы жағында бір уыс бидай үйіліп тұр.
Бидайды көрген жас әйелің үміт оты оянғандай болды. Осы бір уыс бидайды талғажау етіп, аштан өлмей ел шетіне ілініп кетуге болатын шығар. Бидайды шашау шығармай жинап алмаққа қолын созғаны сол еді, шақалақ тышқандар шиқылдап шырылға басты.
Жас әйел қолын тартып алды. Егер мына бидайды жинап алар болса, сөз жоқ мына тышқанның балалары аштан өледі, алмаса өзінің балалары аштан өледі. Жүрегі езіліп ұзақ отырды. Содан Аллаға тәуекел етті. Аштықтың не екенін міне бір кісідей көріп келеді, бидайын тартып алып байқұс тышқандарды аштан өлтірсе, жолы болмақ па?! Әлде сабыр сақтап, Алладан үміт еткен дұрыс па?!
Жас ана бидайға қол тигізбеді. Бұл шақалақтардың анасы бар ғой, ол балаларын аштан өлтірмеу үшін қиналып жүріп мына бидайды жинаған шығар…
Бейбақ әйел екі баласын жетелеп орнынан тұрды. Қараңғылық түспей тұрғанда анау бір сағымданған бөктердің жиегіне жетіп алмаққа бекінді. Сөйтіп, төбеден түсті. Жүріп келеді. Екі баласы «анамыз бір уыс бидайды неге алмады» дегендей артқы жаққа жалтақ-жалтақ қарайды. Жас әйел қос құлыншағының жанарына қарай алмады, қараса «бізді аштан өлтірмексің бе?» деген үнсіз жанайқайды көрер еді.
Жас ана «Аллаға тәуекел еттім емес пе, бізді ызықтандыруы керек» деген нық сенімнен басқа түгі де жоқ аяңдап келе жатты. Бір заманда зу еткен қанат дыбысы естілді. Қараса, бір қу түлек бүркіт, еліктің шыбышын қуып жүр. Елік бұларға қарай қашып келеді. Дәл алдарына қашып келген елікті бүркіт шүйіліп келіп бүріп түсті де, тырп еткізбей басып қалды.
Анасы балаларына қосылып шулап қояа беріп еді, үріккен бүркіт елікті тастады да, көкке көтеріліп кетті. Алланың рахым көрмейсіз бе, шалажансар елікті үш мұңлық бауыздап алды. От жағып етін қақтап жеді. Қалған етін мүшелеп, арқалап алды да жолға шықты.
Ел шетіне ілінді. Бес шалқардың бойына қос тігіп балық аулап күн көріп жатқан адамдарға қосылды. Қарға тамырлы қазақ емес пе, жас әйелдің нағашылары сол жерден табылып, олар қамқорлығына алды.
Арада жылжып жылдар өтті, жас әйелдің ұлы медицина ғылымдарының докторы болды, қарындасы Мәскеуде оқып бітіріп, ұзақ жыл стандарттау саласында еңбек етті. Бұлардың бойында басқа адамдар жоқ айырықша бір қасиет бар еді. Бұл аналарынан қалған өсиет: «Адам баласына қайырымды болу». Өйткені, бұлар алапат аштықтан бір Алланың қалауымен тірі қалған жандар болатын.
Бекен Қайратұлы