ҰБТ-дан қажетті ұпай жинай алмағандар тегін оқу мүмкіндігіне ие болмақ

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуден қажетті ұпай жинай алмаған түлектер мемлекет есебінен екі жарым жыл бойы Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары сияқты аймақтардағы техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде тегін оқи алады. Бұл туралы бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Солтүстік Қазақстан облысына сапары кезінде айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысындағы күндері аясында Тамара Дүйсенова өңір басшысы Құмар Ақсақаловпен бірге, Қызылжар ауданындағы Бәйтерек аулына барды. Онда Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан қоныс аударғандарға арнайы жатақхана салынған.

“Өткен жылы ішкі көшіп-қонушылар саны 610 мың адамнан асып түсіп, 2010 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге көп болды. Осы орайда жұмыс берушілер ұсынған 26 мыңнан астам жұмыс орны бос қалды. Үкімет тарапы жеке іс ашуға немесе қолданыстағы бос жұмыс орындарына орналасуға мүмкіндік беретін сұранысқа ие мамандықтарға оқуға көмектесіп келеді. Бұл ретте, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуден қажетті ұпай жинай алмаған түлектер, мемлекет есебінен 2,5 жыл бойы техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде тегін оқи алады. Студентке оқу ақысын төлеп беруден бөлек, ыстық тамақ, үлгеріміне қарай шәкіртақы, ал қала сыртынан қатынайтындарға жол мен тұру шығынын өтейтін қаржы қарастырылған. Демек өзге өңірлерге көшугежол ашық”, — деп атап өтті министр облыстың жаңа тұрғындарымен кездесу кезінде.

Халқы тығыз орналасқан облыстардан өз еркімен көшуге ниет білдіргендерге, мемлекеттік қолдау шаралары ретінде, көш шығындарын жабуға, баспана жалдау мен коммуналдық қызметтерді төлеуге субсидия беру көзделген.Үкімет қаулысымен қоныс аударушыларды қабылдауда 7 өңір (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) және көштің қайнар көзі ретінде 4 өңір (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары) белгіленген. 2017 жылы 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына квота бекітілген.

Биылғы көктемде Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында көшті қабылдаушы өңірлердің жұмыс берушілерінің қатысуымен өңіраралық жәрмеңкелер өткені аян. Шара қорытындысында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Алдын ала дерекке сәйкес, 672 отбасы (2019 адам) жәрмеңке барысында ұсынылған жұмыс орындарында еңбекпен қамтыла отырып, еліміздің теріскей аймақтарына қоныс аударуды ұйғарғаны белгілі болды.

Министрдің Қызылжар ауданына сапарынан тыс, халыққа әлеуметтік-еңбек саласындағы реформаларды түсіндіру бойынша бірқатар іс-шаралар, шалғай елдімекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді облыс орталығына сабылмай-ақ алуды қамтамасыз ететін “Е-Халық” жүйесін пайдалануға қатысты аудандар мен ауылдық округтер әкімдерімен кездесуі жоспарланған.

Baq.kz