Отқа май құю» жоралғысы дұрыс па?
Әссәләмуғалейкум! Қазақта «отқа май құю» рәсімі бар. Үйге жаңадан келін түскенде орындалатын ырымдардың бірі. Осы ырым Ислам діні бойынша дұрыс па? Рахымжан.
Уағалейкумсалам! Кейбір деректерде «отқа май құю рәсімі отты құдірет тұтуға байланысты қалыптасқан дәстүр» делінген. Осыған қарағанда, отқа құйылған майдың қоңырсыған иісінен екі жақтағы аруақтар риза болып, екі жасты әрдәйім желеп-жебеп жүреді екен. Бұндай түсінік шариғатымызға теріс. Сондықтан бұл жоралғылар осындай ниетте, осындай түсінік пен сенімде жасалатын болса, онда оның күнәсі бар.
Дегенмен қазіргі таңда отқа май құю жоралғысын көбіне оның арғы жағындағы пәлсапасын ұғынбай орындап жатады. Яғни, отқа табыну ниетімен емес, ата-бабадан келе жатқан рәсім ретінде істеп жатады. «Амалдар ниетке байланысты» демекші, егер, жай дәстүр ретінде орындаған адамның бұл әрекеті Алланың құзырында кешірілер деген үміттеміз. Сондықтан, ондай әрекетті көрген мұсылман бірден «ширк» деп байбалам салмай, салмақты түрде орайын келтіріп түсіндіргені жөн.
Тоқетерін айтқанда, отқа май құю жоралғысы шариғатқа келіңкіремейтіндіктен ләж болса, орындамаған дұрыс. Ол үрдісті Абай атамыз да «шаманизмнен қалған ескінің сарқыншақтары» деген. Нақтырақ, өзінің сөзімен келтірсек:
«…Арабтан бұл Орта Азияға дін исламды үйретушілер көп әскермен келіп, халықты жаңа дінге қаратып жүргендерінде Құтайба атты кісі Қашқарға шейін келіп, халықты исламға көндіргенде, бұлар да мұсылман болдық депті. Сөйтсе де, бұрыннан бақсы-балгерге инанып, отқа, шыраққа табынатын әдеттерімен исламға тез түсініп кете алмапты… Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені құдай қылып тұр деп, дін тұтынатұғын әдеттерінің сарқынын біз де кей жерде көргеніміз бар: келін түскенде үлкен үйдің отына май құйып, «от ана, май ана, жарылқа!» дегізіп, бас ұрғызған секілді, «өлі аруаққа арнадық» деп шырақ жаққан секілді, жазғытұрым әуел бұлт күркірегенде, қатындар шөмішімен үйдің сыртынан ұрып, «сүт көп, көмір аз» деген секілді. Бұған ұқсаған ырымдар көп еді, құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды.
Абдусамат Қасым