Ж.Түймебаев ОҚО-ға келген Парламент депутаттарымен өңірді дамыту жайын талқылады


Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірге келген бір топ ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаттарымен кездесті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын өңір жұртшылығына насихаттау мақсатында келген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының ішінде Сәкен Қаныбеков, Абдіманап Бектұрғанов, Мансұрхан Махамбетов, Ержан Құдайберген  бар.

Кездесу барысында аймақ басшысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілген міндеттерді негізге ала отырып, облыстың әлеуметтік–экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқандығына тоқталды.  Әкім сондай-ақ облыс экономикасын жақсартуда халықаралық байланыстарға аса мән беріліп, ішкі  туризм саласын дамытуға күш салынып отырғанын сөз етті.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы — маңызды саяси-идеологиялық құжат. Себебі, бұл мақалада ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары  туралы кеңінен айтылған. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз — елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Сондықтан Елбасы мақаласында заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесі жан-жақты талданып, облысымызда таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойылып отыр. Әрі халықаралық байланысты нығайту арқылы өңірімізге инвистиция тарту мен кедергісіз кәсіпкерлік ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда»,-деді Жансейіт Қансейітұлы

Елбасының бастамасымен жүзеге асып отырған бағдарламалардың орындалуына қаныққан халық қалаулылары алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы жобаларға барынша өз үлестерін қосып, қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.

Демалыс уақытында облыстың бірқатар өңірлерінде болып, сайлаушыларымен кездесулер өткізетін мәжіліс депутаттары жергілікті жердегі атқарылып жатқан істермен танысып, көпшіліктің ой-пікірлерін тыңдамақ.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі