ОҚО әкімі: Мақтаралдың тазалығын автовокзалдан бастау керек
Мақтаарал ауданына жасаған жұмыс сапарында облыс әкімі Ж.Түймебаев жоспардан тыс Жетісай қаласындағы автовокзалдың жағдайын көрді. Облыс үшін транспорттық маңызы бар «Атакент» автовокзалында келуші халыққа жағдай жасалмағанын айтқан әкім қала орталығындағы бұл нысан тиісті талапқа сай еместігін айтты. Сондай-ақ, автовокзалдағы халықпен сөйлесіп, қаланың коммуналдық қызметінің жұмысы туралы өтініштерін тыңдады.
Автовокзалға жапсарлас орналасқан базар да өңір басшының назарынан тыс қалған жоқ. Мұнда ретсіз сауда мəселесі бар екенін жəне санитарлық талаптарға сай еместігін көрген облыс әкімі нысан иесіне автовокзал мен базардағы олқылықты бір ай ішінде ретке келтіруді және ол жұмыстарды үйлестіруді аудан басшысына тапсырды.
«Жалпы әр мемлекетте, әр облыста әуежай, темір жол вокзалы мен автовокзал сол өңірдің кіре беріс қақпасы болып саналады. Сондықтан да тазалықты, көріктендіруді осы жерден бастау қажет. Қысқа уақыттың ішінде автовокзалдың ішін тазалап, жолды жөндеуді және базар ішін санитарлық талапқа сәйкестендіруді тапсырамын»,-деді аймақ басшысы.
Мұнан бөлек, облыс әкімі жоспардан тыс Жетісай қаласындағы Т.Жүргенбаев көшесінің бойында ораналасқан көпқабатты тұрғын үйді аралап көріп, тұрғындарымен тілдесті.
1978 жылы салынған бұл үйлерде кәріз жүйесі жүргізілмеген, әжетханалары сыртта орналасқан. Екі қабатты 24 пәтерлі тұрғын үйдің бүгінгі жағдайын көрген әкім шұғыл түрде төтенше жағдай шараларын қабылдау қажеттігін айтты. Мұнда да тұрғындарға тиісті жағдай жасалмағанына куә болған әкім, кезінде кәріз жүйесіне бөлінген қаржыны мақсатты жұмсамаған азаматтарды тауып, тиісті шара көру жөнінде аудан әкіміне тапсырма берді.
Жетісай қаласында жалпы 171 көпқабатты тұрғын үй болса, оның ешбірінде кәріз жүйесі жүргізілмеген. Бүгінде бұл үйлердің барлығына кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтап, іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, тұрғын үйлердің ауласына ойын алаңшаларын салып, абаттандыру жұмыстары да жүргізілмек.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі