Еліміздің 18 миллионыншы тұрғынына 3 бөлмелі пәтер сыйға берілді (Видео)
Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны дүниеге келген Талдықорғандағы Бестібаевтар отбасына арнайы барып құттықтап, жас отбасыға 3 бөлмелі пәтер берілетінін айтты, деп Қамшы хабарлайды. Елбасының атынан нәрестеге арналған құрал-жабдықтар, атап айтқанда бесік, төсек, бесік арба, ойыншықтар секілді қажеттіліктерді сыйға тартқан облыс әкімі А. Баталов: «Еліміздің он сегіз миллионыншы тұрғынының Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында дүниеге келгені — бәріміз үшін ерекше қуанышты оқиға. Демографиялық өсімінің жылдан жылға ұлғайып келе жатқаны халықтың Елбасымыздың салиқалы саясатына, Қазақстанның болашағына деген сенімінің зор екенін білдіреді. Жас ұрпақтың алаңсыз өсіп, білім алуына елімізде барлық жағдай жасалып келеді. Елбасының атынан, Жетісу жұртшылығының атынан осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Кішкентай нәресте аман-сау өсіп, ер жетіп, елдің абыройлы азаматы болсын!» — дей келе, қалада күзге таяу пайдалануға берілетін жаңа тұрғын үйден жас отбасына 3 бөлмелі пәтер берілетінін жеткізді. Муслиманың атасы Еркінбек Бестібаев пен әжесі Бибітай Жасыбаева кішкентай нәрестеге, жас отбасына, жалпы өз әулеттеріне көрсетілген үлкен құрмет пен сый үшін Президентке, облыс басшылығына ризашылығын білдірді. «Муслима — біздің жетінші немереміз. Біз ұл-қыздарымыз бен немерелерімізді елге қызмет ететін, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосатын білікті азамат етіп тәрбиелеуге бар күш-жұмсайтын боламыз», — деді Бибітай апа. Сәбидің анасы Диана Омарханова 1991 жылы туған, қаладағы № 16 мектепте дефектолог маман болса, әкесі Бестібаев Самат 1982 жылы туған, № 5 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың 11 мамырында Қазақстан Республикасы халқының саны 18 млн.-ға жетіп, есеп бойынша Талдықорған қаласында туған Муслима Саматқызы 18 миллионыншы тұрғын атанған.