Кем емес алтын тақтан жар төсегі…
Қоржаң суық келеді кей сасық ми.
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, риаз үстіндегі үй.
Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,
Болмаса мінезінің еш кесегі.
Майысқан, бейне гүлдей толықсыған,
Кем емес алтын тақтан жар төсегі. (Абай)
Көбіне үйде отырып, күйбең тіршіліктен көз ашпаған əйел бір сəт өзіне көңіл аударылғанын қалайды. Əйел заты көп сөйлегенді, сөйлескенді ұнатады. Статистика бойынша əйелдердің күнделікті қолданатын сөз мөлшері ер адамға қарағанда екі есе көп көрінеді. Сондықтан олармен жиі əңгімелесіп отыру артықтық етпейді.
Пайғамбарымыз да (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйіне келген кезде Айша анамызға «Əңгіме айт» дейді екен. Реті келгенде əйелдің көңіл көтеріп, тынығуын да қамтамасыз етуі қажет. Олардың көңілін аулап əзілдесіп тұру да отбасы бақытының баяндылығына оң əсерін тигізеді. Пайғамбарымыз(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соншалықты ауыр міндетіне қарамастан, жұбайларының көңілін табуды да ұмытпайтын. Тіпті, Айша анамызбен жаяу жарысқа түсуі де оның бізге таңсық жаңа қырын ашса, екінші жағынан барлық жанұя үшін үлгі де. Бір жорыққа аттанғанда Рақым Пайғамбары (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзімен бірге Айша анамызды алып шығады.
Біраз жүрген соң Алла елшісі сахабаларын «Сендер жүре беріңдер» дейді. Олар біраз ұзап кеткеннен кейін Айша анамызға «Жарысуға қалай қарайсың?» деп ұсыныс тастайды. Айша анамыз бұл ұсынысты қуана-қуана қабылдайды. Екеуі жарысып, Айша анамыз озып кетеді. Арадан біраз жылдар өтеді. Кезекті бір сапарда тағы да сахабаларын алға оздырып жібереді. Баяғы ұсыныс тағы жасалады. Айша анамыз көңіл көтермек боп ұсынысты құптайды.
Екі бақытты жұп тағы жарысып, бұл жолы Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) озып кетеді. Сол кезде Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Баяғыда сенен қалып қойғанымның есесі қайтты» деп əзілдеген екен. Айша анамыз сол бақытты күндерінің куəсі іспетті осы оқиғаны еске алғанда «екінші рет жарысқанымызда алғашқыдай емес, толыңқыраған едім» деген екен.
Негізінен Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шындап жарысса алғашқы жолы-ақ жеңіп кетер еді, бірақ жан жарының көңілін аулау үшін əдей-ақ жеңілген болса керек. Бір күні эфиопиялықтар мешітте əскери ойын көрсетеді. Ардақты елші кетуге ыңғайланып Айша анамызға қарайды. Анамыз ойынды тамашалағысы келетіндей емеурін танытады. Алла елшісі анамыздың тілегін қабыл алып, анамыз өзі кеткенге дейін күткен екен».
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) су ішер кезде əуелі Айша анамызға ұсынатын. Айша анамыз су ішіп болған соң өзі ыдысты алып, дəл анамыздың ішкен жерінен ішеді екен. Ет жесе де, Айша анамыздың тістеген жерінен тістеп жейтін көрінеді. Бір күні Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Йемендік он бір əйел жайлы баяндайды. Бұл он бір əйел бір жерге жиналып күйеулері туралы əңгімелейді. Барлығы да ағынан жарылып, бір-біріне күйеулерінің кемшіліктерін тізбектепті. Тек бір ғана əйел өзінің ажырасып кеткен күйеуінің жақсылықтарын жыр қылыпты.
Екінші күйеуі оған күнде сый жасап, жақсы қараса да, əлгі əйел өзінің бұрынғы күйеуі Əбу Зəррді еш ұмыта алмағанын айтады. Жасаған жақсылықтарын үнемі сөз етіп отырады екен. Бұл əңгімені естігенде Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген екен «Мен саған Əбу Зəрр секілдімін. Бірақ Əбу Зəрр əйелімен ажырасқан екен, ал мен сенімен ажырасқан жоқпын. Екеуміз біргеміз». Осы жүрекжарды сөздерімен Айша анамызды əлемдегі ең бақытты əйел еткен болатын.
Пайғамбарымыз жұбайларына деген көңілін жылы-жылы сөзімен, ісімен білдіретін. Оның əйелдерін қалай еркелеткені жайлы көптеген риуаяттар кездеседі. Солардың арасында хазірет Хадиша мен Айша анамызға қатысты тəмсілдердің қарасы қалың. Бірде Пайғамбарымыз түнделетіп əлдеқайда барады. Түйесіне Сафия анамызды да мінгестіріп алады. Анамыз қалғи бастағанда «Хуйəйдің қызы, ұйықтап қалма» деп еркелетіп құшағына алып отырған екен!.
Сафия анамыздың (Алла оған разы болсын) ұлты яһуди еді. Бір күні Пайғамбарымыздың пəк жарларының бірі хазірет Хафса(Алла оған разы болсын) анамыз оған осыны бетіне басып, «Яһуди қызы» деп айтады. Сафия анамыз жылап қалады. Мұны көрген Алла елшісі(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хазірет Сафияға: «Сен пайғамбар қызысың, ағаң пайғамбар еді, өзің болсаң Пайғамбар əйелісің, ал олар сенің алдыңда несімен мақтанады?» – деп өте тапқырлықпен жұбатады.
Жұбайларының көңілі жабырқау тартқан сəттерінде, оларды жұбатып, көңілдерін көтеруді ұмытқан емес. Етеккір көрген жұбайларын «Бұл Адам атаның барлық қыздарына Алланың жазғаны» дейтін. Күнде кешкісін Пайғамбарымыз жұбайларының басын қосып əңгіме-дүкен құратын, көңілін көтеретін. Ғибратты əңгімелер айтып, өзара əзілдесетін де.
Байқағанымыздай, рухы биік, жаны кемел ардақты Елші қабырғасын қайыстырар қаншама қиындық көріп жатса да, отбасындағы жауапкершілігін ұмытпаған. Пайғамбарымыздың осындай кең пейілі мен мейірімімен өз өмірімізді салыстырып көрсек, жер шұқып қаларымыз анық. Күйкі тірліктің тарам-тарам жолында шыдас бере алмасақ, отбасымызға келгенде қабағымыздан қар жауып, сазарып, безеріп шаңырақтың құтын қашырамыз.
Тағы бір ескерерлік мəселе, отағасы жұбайының көңілін аулаймын деп жүріп ер кісіге, отағасыға тəн салмақтылығын да жоғалтып алмауы керек. Көңілдерін көтеру осы екен деп орынсыз қылжақ пен сайқымазақтыққа бармағаны жөн. Еркектік абыройды сақтау керек екен деп əйелі мен бала-шағасын тырп еткізбей ұстау да мүлдем дұрыс емес. Əділдік үшін салқынқандылықты, мейірім мен жұмсақтықты мөлшерлей білу қажет-ақ.