Елбасының Иран Ислам Республикасына сапары туралы
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Тегеранға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы келісімге қол қою рәсімі өткізілді.
Аталмыш келісімге Қазақстан тарапынан Бас Прокурор Асхат Дауылбаев, Иран тарапынан Әділет министрі Мостафа Пур-Мухаммади Рухани қол қойды.
Осыған дейін Қазақстан Иранмен Адамдарды ұстап беру туралы, сондай-ақ Құқықтық көмек, азаматтық және қылмыстық мәселелер бойынша құқықтық қатынастар туралы шарттар жасасқан болатын. Осылайша, Иран Ислам Республикасы таяу шығыс елдері арасында Қазақстан Республикасының екі ел құқық қорғау органдарының тиімді ынтымақтастығы үшін барлық қажетті халықаралық нормативтік-құқықтық база құрылған алғашқы мемлекет болды.
Тараптар атап өткендей, аталмыш халықаралық құжатқа қол қою қылмысқа қарсы тұру, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сонымен қатар екі ел азаматтарының негізгі құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы қазақстандық-ирандық әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Осы күні А.Дауылбаев Әділет министрі Мостафа Пур-Мухаммади Руханимен, Бас прокурор Мохаммад Джафар Монтазеримен, Жоғарғы сот төрағасының бірінші орынбасары, Иранның бұрынғы Бас прокуроры Мохсени Еджеймен екіжақты кездесулер өткізді, олардың барысында өзара мүдделілік туғызатын кең ауқымды мәселелер талқыланды.
Сұхбаттасушылар халықаралық күн тәртібіндегі неғұрлым өзекті мәселелер туралы пікір алмасты. Ынтымақтастықтың басым бағыттары, оның ішінде трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, терроризммен, экстремизммен, киберқылмыспен, есірткі тасымалымен күресу, сондай-ақ тәжірибе және ақпарат алмасу мәселелері қозғалды.
Ведомстволардың басшылары қазіргі әлем тұрғысындағы халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Қазақстан мен Иранның пікірлестігін баса айтып, құқықтық ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделілік білдірді.
Иранның Әділет министрі және Бас прокуроры қазақстандық прокуратураның елдің халықаралық-құқықтық саясатын жүзеге асырудағы рөлін жоғары бағалап, екіжақты ықпалдастықты тереңдетуге қатысты ниетін растады.
Иранның Бас прокурорымен кездесудің нәтижесінде тараптар Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Иран Ислам Республикасының Бас прокуратурасы арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қабылданған құжат екі мемлекеттің қылмыспен күрес, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, экстремизмге, сыбайлас жемқорлыққа, заңсыз қару-жарақ, есірткі және психотроптық заттар айналымына, экономика саласындағы және ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы тұруда өзара ынтымақтастықты дамытуға, құқықтық ықпалдастықтың барлық басты аспектілері бойынша екіжақты әріптестікті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі