Қостанайда тек егіз туатын ауыл бар

 Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Тәгіл селолық округінде бала көтерген келіншектер егіз туады.

Араға 20 жыл салып, аяғы ауыр келіншектер жаппай егіз туатын ауылдағы түсініксіз құбылысты тұрғындар «Алланың сыйы» деп отыр. Егіздер туылатын ауылдағы ерекше жағдайға ғалымдар зерттеу жүргізбек.
«Біздің табиғатымыз сұлу, ауамыз таза, топырағымыз құнарлы. Соңғы жылдары 28 егіз дүниеге келді. Келіндер чемпион, егіздер туып жатыр. Егіздердің ұлты әртүрлі: орыс, украин, неміс, башқұрт, татар, әзірбайжандар бар. Егіздердің туылуы – Тәгілге тәңірдің берген сыйы боп тұр. Мені кейде адамдар мазақтайды «егіздерді әкім шығарады» деп жатады. Ауылда егіздердің тууы кеңес үкіметі уақытынан бар. Мүмкін оған дейін де болған шығар. 1955 жылдары ауылда егіздер көп туған. Босанған әйелдердің барлығы егізден тапқан. Бір жылдары болмай кетті. 1980 жылдары қайта ауыл келіншектері егізден тапты. Тұқымында егіз бала жоқ келіншектер егіз туып, таң қалғанымыз бар. Осыдан кейін басылды. Араға уақыт салып, 2000-жылдан бастап егіздер қайта туыла бастады. Ауылға көшіп келіп жатқан кісілер егіз балалы болды. Себебін білмейміз», — дейді Тәгіл селолық округының әкімі Сағынай Сүндеталин.
20-25 жыл сайын қайталанған құбылысқа ешкім зерттеу жұмысын жасамаған. Ауыл тұрғындары құбылысты ерекше құдіретке балап отыр. Ауыл әкімі бұл жағдайды зерттеуге ауылға ғалымдар келуге ниетті болғанын айтты.

«Бір кездері осы ауылға «ғалымдарды жібереміз» деді. Себебі, Қазақстанда жаппай егіздер тек осы ауылда туылады екен. Жерден бе, ауадан ба, белгісіз. Біздің ауылға келген келіншектер тек егізден табатын ерекшелігіміз болып тұр», — дейді ауыл әкімі Сүндеталин.

Егіздердің ата-аналарының көпшілігі балаларын суретке түсіртуден қорықты. «Балама көз тиеді» деген олар сақтанумен болды.
Ауыл әкімі 28 жұп егізді аттарымен біледі.

«Егіздердің арасынан бұзақылық шыққан емес. Шеттерінен спортшылар мен өнерпаздар. Егіздерім ауылдағы барлық шараға қатысып, мерекелерді жандырып жүреді. Біздің егіздерімізге қызығатындар көп. Астанадан, Алматыдан түсіруге келеміз деп жатқандар көп», — дейді ауыл әкімі.

 alashinform.kz