«МЕКТЕП ҚАЙ ТІЛДЕ БОЛУЫ КЕРЕК?»
«…Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды. Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды. Және басқа түрік ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы қисынсыз. Орта мектеп орыс тілінде жүрсе қазақ тілінде кітап басылудың қажеті болмай қалады. Пән кітаптары қазақ тіліне аударылмайды. Жеткілікті кітап жоқ деген күшті дәлел емес. Бірсыпыра кітап шығып қалды. Орта мектепте қолданылатын лабораторный әдіске қолайлы кітаптарды шығару бір-ақ жылдық жұмыс. Орта мектепте оқу қазақ тілінде болса, алдымен керегі – жаңа түрмен орыс грамматикасын қазақшаға үйлестіру және “Орысша-қазақша толық тілмаш” шығару. Осы күнде орыстарда неміс, ағылшын тілдері қандай әдіспен оқытылса, бізде де орыс тілі сондай әдіспен оқытылу керек. Орыс тілін оқытудан бастамастан бұрын, орыс тіліндегі әдебиет, пән кітаптарын түсініп оқырлық дәрежеге жеткізу, болмаса орысша сөйлеу, орысша сөз, сөйлеммен дұрыс құрастыру көбінесе тәжірибемен болады. Орта мектепте қазақша тиісті пәндерден толық мағлұмат алғандар, орыс тілін толық үйренгендер орыс тіліндегі жоғары мектептерге даусыз түсе алады… Орта мектеп қазақ тілінде болса, жоғары мектеп те бара-бара қазақшаға айналады.
Орта мектеп қазақ тілінде болған күнде округтік қалада ашылатын 2-басқыш мектеп те, педтехникум де жеті жылдық болу керек. Екеуінің де алғашқы үш жылы даярлау болады. Даярлауышқа ауыл мектебін бітіргендер кіреді. Үш жылдық даярлауышта жаңа әдіспен орыс тілін көбірек оқыту керек. Осы даярлауышты бітіргендердің 50 процентін техникумдерге, рабфактарға жіберіп отыру керек. 3 жылдық даярлауышты жақсы бітіргендер техникум, рабфакке кіріп орыс тілінде берілетін сабақтарды тыңдауға әбден жарайды. Әр ауданда жатақты (интернат) 5 жылдық үлгілі мектеп болу керек. Осы күнде мұндай мектеп Өзбекстанда ашылғалы жатыр. Мұны бітіргендер орта мектептің негізгі бөліміне түсетін болсын. Енді ауыл мектептері көпшілікке отырықшылыққа қарай үйлес болу керек, оқытушыларын шақырып отыру керек».