«ҮШ ҚАЗАҚТЫҢ» КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ

Бүгін – Олжас Сүлейменов «Адамға табын, Жер, енді!» деп жырға қосқан айтулы күн. Иә, 1961 жылдың 12 сәуірінен бері бұл күн әлемдік деңгейде аталып өтіледі. «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан Қазақстан үшін де бұл күннің орны ерекше. Әлемнің алғашқы ғарышкері Юрий Гагарин көкке көтерілген киелі – мекен түрлі тағдырдың куәсі, талай қаһарманның тұсауын кескен де осы – Байқоңыр. Ал, Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов есімдерін балабақшадағы баладан бастап баталы қартқа дейінгі күллі қазақ біледі әрі құрметтеп мақтан тұтады. Қаншама дарын жасынан «космонавт» болуды армандаса да әзірге үш қазақ баласы ғана мақсатына жеткен. Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1991 жылдың 2 қазанында көкке көтеріліп 7 күн 22 сағат 13 минут аспан әлемін зерттесе, Талғат Мұсабаев 1994, 1998 және 2001 жылдары ғарышқа үш рет саяхаттап 341 күнін сонда өткізген. Ал, тұңғыш Қазақстан азаматы ретінде 2015 жылдың күзінде Айдын Айымбетовтің зымыранға мінген сәті әлі көз алдымызда. Осындай миллионнан дара шыққан қазақ азаматтарын халқы әрқашан ардақтап өтпек. Ғарышкерлердің кәсіби мерекесі құтты болсын!

«ЕлАна»