Еркек айбатты болмай, әйел ұятты болмайды
Дәл осы жолдарды жазуға қазір әлеуметтік желіні жарып тұрған қазақ қызының ары, өзге ұлттардың етегіне жармасуына қатысты қызу пікірталас, бітпейтін дау мәжбүр ететіндей. Осы мәселе әлеуметтік желіде әлсін-әлсін көтерілген сайын, ойлары бір жерден ешқашан шықпаған екі армия интернетте ат құйрығын кесісіп, тіпті, достықтан кетісіп жатқаны. Бұл айтысқа елдің танымал азаматтары да араласып жүр. Ерлер жағы қыз-келіншектерді күстәналайды. Қыздар жағы жігіттердің жасықтығын, жұмыссыздығын, жауапкершіліктен жұрдайлылығын алға тартады.
Жалпы, қазақтың қызы қандай азаматқа бағынады өзі? Осы сұрақтың төңірегінде отыз күн ойланып, қырық күн толғанып жатпай-ақ, айналаңызға зер салып қарап көріңізші. Ағайындарыңыздың, дос-жарандарыңыздың өміріне үңіліңіз. Әйелін қабағымен ұстайтын үйдің азаматы қандай болады өзі?
Әйелдер де қандай азаматқа бағыну керектігін сөзсіз біледі.
Әйел қанша тырысса да, ойы жоқ, түсінігі жоқ, жауапкершілікті сезініп өспеген еркекке жұмсақ айт, қатты айт, ой кірмейді екен. Еркекте ең алдымен жауапкершілік деген ұғым болуы керек. Сол кезде әйелі, тіпті аузын ашпайды. Бізде қазақта келінді әкеледі, сосын кейбір енелер келінге жын көргендей тиісе береді. Ал еркек әйелінің сөзін сөйледі деп айтпасын деп, ұрыс-керістен басын алып қашады. Керісінше, мәселені, шиеленісіп тұрған жағдайды шешудің орнына. Сосын, келін де біреудің қызы, өзіне әділетсіз тиісе берген соң, күйеуі қорғамағаннан кейін амалсыздан өзін қорғауға көшеді. Түбінде кім жаман? Сөз қайтарған келін жаман. Тиіскен ене таза, қорғамаған күйеу де таза. Ер адам таңдап әкелген әйелін қорғауға міндетті. Өзінің таңдауы дұрыс екенін ұрыс-керістен қашпай, түсіндіруі қажет. Күйеуі сыйлап, күйеуі қорғамаған әйелді ешкім де қорғамайды. Ал соңында жүйке де тозып бітеді, бала да тірі жетім. Орталарына от жаққан ененің дымы да кетпейді», дейтін дәйектер де бар.
Дегенмен, бұл жерде мәселеге бір жақты қарауға болмайтыны сөзсіз. Ене біткен жауыз, келіндердің барлығы шетінен кесір емес қой.
«Егер менен туған ұл өз әйеліне асқар таудай пана бола білсе – онда ол менің мақтанышым! Демек, мен жақсы азамат өсірдім. Ал қандай бала тапқанымды менің қарттық шағым көрсетеді», дейтін алтын сөзді аналар да бар.
Бірақ, бұл жерде басты кілтипан – ер-азаматтардың өзін сыйлата білуінде. Ісімен, мысымен отбасын бағындыруында болып тұр.
Мына жердің бетінде әйелден қу халық жоқ. Махаббатымен өзіне пана бола білетін, асырап сақтайтын, туып берген балаларына жоқтық көрсетпейтін күйеуден өлсе де айырылмақ емес. Әйел адамда аналық түйсік дамыған. Есі дұрыс шеше бірінші кезекте ішінен шыққан перзенттерінің қамын ойлайды. Болашағы не болатынын арнайы жоспарламаса да, сол біз айтқан түйсікпен ақыл тоқтатпаған бойжеткендердің өзі кейде саналы және санасыз түрде табыскер азаматтың етегінен ұстауға тырысады. Әйелде ұлттық мүддеден гөрі, аналық инстинк басым екені айдан анық.
Бірақ, осының бәріне қарамай, аз сөйлеп, көп іс тындыратын, малтабар, айналасына сыйлы азаматтардың кейде өз ошағының басында қадірі болмайтын жайттар да кездесіп жатса, онда не болмақ? Өмірдің мұндай мысалдары да бар. Азаматтың қадірін білмейтін шайпаудан, ерінің абыройын ойламайтын мінезсіз әйелдерден де қашып құтыла алмай жүрген жігіттер қаншама? Жар таңдауда жіберген қателік өміріңнің соңына дейін ілесіп жүреді.
Ал дұрыс, иманды адам пешенеңе кез келді ме, онда, ей, еркек, сен де өзіңе аманатқа берілген жартыңның жанын жаралама . «Ер адам Алланың тыйымдарының шеңберінен шыққан күні әйелінен мінез шығады» деседі.
Өйткені, әйел де адамның баласы. Сатқындықты кешірмейді. Ер-азаматының жеңіл жүрісін кешірмейді.
Әйел де адамның баласы, қорлағанды кешірмейді. Бөтен адамға да айтуға болмайтын былапыт сөздердің өзіне айтылғанын кешірмейді.
Осы арада мына бір тәмсіл еске түседі. Бір күні ұстаз шәкірттерінен:
– Неге адамдар дауласқанда дауыс көтеріп сөйлейді? – деп сұрады.
– Себебі, адам ұрысқанда сабырдан айырылады, – деді бір шәкірті.
– Ендеше, неге адам дәл қасында тұрса да айқайлайды? – деп қайта сұрайды ұстаз. – Жәй сөйлесе болмай ма? Неге ашуланған адам даусын көтереді?
Шәкірттер әртүрлі жауаптар бергенімен ұстаз ешбір жауапқа қанағаттанбайды.
Ақырында өзі былай түсіндіріпті: «Адамдардың бір-бірінен көңілі қалғанда, ашуланып ұрсысады. Бұл мезетте жүректер алыстайды. Сол арақашықтықта жақындау үшін, бір-бірін есту үшін, дауыстарын көтеріп сөйлеуге мәжбүр болады.
Ғашықтарды мысалға алайық. Ғашықтар неге дауыстарын көтермейді, керісінше, сыбырлап қана сөйлеседі? Себебі, олардың жүректері жақын, арада қашықтық жоқ. Адам ғашықтықтың тереңіне бойлаған сайын сыбырға көшеді. Махаббат лаулайды. Ақырында, тіпті сыбырласудың да қажеттілігі болмайды. Олар бір-біріне қарағаннан-ақ ыммен түсінеді. Мұндай жағдай шын жақсы көретін адамдар арасында болады.
«Айтпағым, тіпті дауласқан жағдайда да жүректерің алыстамасын, араны одан әрі алыстатар сөздер айтпаңдар. Себебі, бір күні араларың жақындасар жол да қалмайтындай қашықтыққа дейін алыстап кетуі мүмкін». Бұл осы тәмсілдегі ұстаздың сөзі.
Біздің айтпағымыз, қарапайымдылық пен ар-ұят кімнің үйінде болса Алла соның үйінде. Небір тамаша отбасылар бар. Әкелері дауыс көтеріп, зіркілдеп жатпайды. Түзде ісі берекелі, үйде бала-шағасын мейірімімен үйіріп отырады. Әдемі бір әзілімен-ақ әйелін зыр жүгіртеді. Отағасы деген сол!
Әйел де адамның баласы. Өтірікті кешірмейді. Оны өз балаларының әкесі өкіндіретін болса, өзгелер онда оған не істемейді?!
Сондықтан да еркектің айбаты – адалдығы, бір сөзділігі мен жауапкершілігі және иманы!
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»