Әңгіме жазуды қалай үйренуге болады..? (кеңес)

 КЕҢЕС1

Жас қаламгерлердің көбісі мықты жазушы болуды көксейді де дереу роман жазуға кіріседі. Прозаның майын ішкен майталмандар жазу шеберлігін игеру үшін шағын формадан бастаған жөн деп кеңес береді. Егер расында жақсы жазушы болғыңыз келсе, әңгімені қолға алған жөн секілді.

Сізге қажетті мыналар:

Қағаз бен қалам/компьютер, ойдан қиыстыра білу, төзімділік

  Инструкция

Тақырыптың басын ашып алыңыз. Ең абзалы өзіңізді толғандырған жәйтті жазған дұрыс. Егер сіз көпшілікке қызықты, бірақ өзіңіздің қолайыңызға жағыңқырамайтын материалды таңдайтын болсаңыз  — ақыр аяғында бір сүлесоқ әңгімені ғана тудыру қауіпі бар. Сюжетті ой сүзгісінен өткізіңіз. Әңгіменің аяғы қалай аяқталатынына мән бермей жазатындар яки кемеңгер, яки графоман.  Әрине, өзіңізді графоман санаудан аулақсыз. Кемеңгер болсаңыз, хош делік. Дейтұрғанмен сюжетке жауапкершілікпен қарап, сақтанғаныңыз абзал. Сіз әу бастан қахарманыңыздың ұстанған бағыты мен мақсатын және ең маңыздысы: осы әңгімеңіз арқылы не айтқыңыз келгенін де.анық білуіңіз тиіс.   Әңгіме басын көрнекті және тартымды түрде бастау керек. Егер сіз өзіңіз үшін емес, елге арнап жазсаңыз – онда алғашқы азат жолдан-ақ  оқырманның назарын жаулап алуға тырысыңыз. Әдебиетте есімі танымал жазушы он беттік әңгімеде бір құлап жатқан үйдің қирандысын тәптіштеп суреттеуге қақылы. Ал жазары тырнақалды жазарманға ондай кеңшілік жоқ. Бастапқы жолдан елітіп әкете алмаған бейтаныс автордың жазбасын интернет-пайдаланушы да журнал редакторы да оқуға құлықсыз келеді.  Әңгіменің аяғын сұрапыл қиыстыру керек! Алдын-ала аяғы болжауға келетін әңгімеде сән қалмайды. Оқырманды таң қалдырып, сілкілеп алсаң ол келесі шығармаңды тағатсыз тосады. Кейіпкерлердің мотивировкасын мұқият ойлап шық. Олардың әр іс-қыймылында өміршең бір негіз болуы тиіс. Егер оны келтіре алмасаң, оқырманның басын қатырғаным деп біл. Әңгіменің логикасы бүлдыр, түсініксіз болса ол оны оқи қояры неғайбыл. Жазған әңгімеңізді қайыра оқып шығыңыз. Мүмкін қиыспай тұрған келеңсіз жерлерін немесе стилистикалық қателіктерін байқарсыз. Өңдеп шығыңыз. Тағы бір мәрте оқыңыз. Кім біледі, өзгеде қателіктер де табылып қалуы кәдік. Жалықпай түзеңіз, ерінбей қайталап оқыңыз, қашан көңіліңіз толғанда ғана қоярсыз. Пікіріне құлақ асатын бір адамыңызға дүниеңізді оқуға беріңіз. Алайда ол өзіңіз байқамаған қателіктерді аңғаруы мүмкін. Осындай өткелдерден өткен соң ғана барып, жазбаңызды оқырманға немесе редакторларға ұсынуға болады.

  2: ӘҢГІМЕНІ ҚАЛАЙ БАСТАУ КЕРЕК

Әдебиет әлемінде танымал болуды армандау ерсі емес. Ерсілігі: соны армандай тұрып, жазушылық шеберлігіңді шыңдау үшін шыбық басын сындырмау. Сондықтан әңгіме жазуға құштар кімде кім болмасын — өз кәсіби деңгейін жатпай-тұрмай өрлетуге ниетті болуы тиіс.

Инструкция

Шығарманың ұтымдылығы үш тағанға байланысты: сюжет, стиль, ойлануға мүмкіндік беретіндей толық айтылып тасталмауы. Осы үшеуінің бастапқысын алыстан іздеп қажеті шамалы, өзіңіз жақсы білетін жәйтті негізге алыңыз. Егер әңгіме жазуға ниеттеніп, баяндалуға тиістің жалпы сұлбасы ойыңызға қонақтаса – отырыңызда жаза беріңіз. Басыңызға әңгіменің алғашқы керемет бір жолдары мен талдырып түсіретін соңғы тіркес қашан келеді деп уақыт жоғалтпаңыз. Сосын шығарманың барша мәтінін ретімен тізбектеп жазып шығуға ұмтылмаңыз. Редакциялаумен кейінірек шұғылданасыз.   Барлығы жазылып болған соң, қағаздарыңа тиыштық бер, біраз жатсын. Соңыра таман қайта оралып, мұқият ежіктеп тұрып оқуға кіріс. Логика жағынан шалыстық жоқ па? Сюжеттік тарамдары қиюласып тұр ма? Стилің ақсап жатқан жоқ па? Шығарманың осы тұсында маңызды жүк арқалаған ой-оралымдарды, диалогтарды, суреттеулерді өңдеуден өткізу керек. Өз талантыңның жанашыры кім екенін естен шығарма: ортақ идеяға қызмет етпейтіннің барлығын аяусыз жойа бер, іш пыстыратын қайталаулардан арыл және тартымсыз баяндауларға бой алдырма. Әрине, ақылын тыңдайтындай біреуге оқытып алғанда жақсы. Жазған дүниең қолма-қол жарық көріп кетуі екіталай. Сондықтан тоса білу де керек. Редактормен хабарласып кем-кетігі болса, сұрап білген де жөн. Егер ол түзетулер енгізу керек десе, қыңыраймай көнген дұрыс. Себебі ол кәсіби білікті адам. Ал өзің болсаң бұл саладағы сарыауыз балапансың.

КЕҢЕСТЕРДІҢ ПАЙДАСЫ ТИДІ МЕ?

Әдебиет әлемінде қамтылмаған сала қалмаған да шығар. Сондықтан жүз процент жаңалық аштым деп өзіңді алдама. Онанда осы тақылеттес тақырыптарға жазылған кітаптарды оқып, өз тарапыңнан қаншалықты үлес қоса алғаныңды пайымда.

Заман Төлеуов

adebiportal.kz