Жылқы мүгедекті де емдейді

Бүгінде әлемдегі ең көп кездесетін аурулардың қатарында остеохондроз, бас ауруы, күйзеліс және гиподинамия сынды аурулар бірінше кезекте тұр. Әрине, бір естігенде бұлар аса қауіпті көрінбейді, алайда аталмыш аурулардың алдын алмасақ, арты үлкен дертке айналып, тіпті адамды мүгедектікке дейін апарады екен. Өкінішке орай, бүгінгі таңда елімізде мүгедектер саны күн сайын артып келеді.

Мына мәселеге көңіл аударыңыз, «емі жоқ» деген сал ауруын да жеңуге болады екен.  Медицинаның соңғы жаңалықтары дәрі-дәрмектің, заманауи құрылғылардың сан түрін ұсынуда. Бірақ дамыған медицина ешқашан халықтық медицинадан алшақ кеткен емес. Әртүрлі шөптермен, табиғи минералды сулармен емдейтін халықтық медицинада адамды жануарлармен де емдейтін әдіс бар. Соның бірі иппотерапия. Ғылыми тілде иппотерапия деп аталатын әдіс бойынша атпен серуендеу арқылы жасалатын емнің бұл түрінен бүгінде талай жан дертіне дауа тауып отыр.

Ат үстіндегі серуен                                                                                                                                                                                 Ат үстіндегі серуен әлемнің көптеген елдерінде балалардың церебалды салдығы (ДЦП) ауруына ең тиімді емдік тәсіл ретінде қолданылады. Атпен баяу серуендегенде адам денесіне минутына 100 шайқау импульсі беріледі. Ол — тамаша массаж, ат үстінде отырған адамның барлық бұлшық еті жұмыс істейді екен. Тепе-теңдікті сақтау үшін салт мінген адам бойын жинақтап ұстауға, өзінің әрбір дене қимылын игеруге жаттығады. Жылқының әрбір адым алшақтығы адамдікімен бірдей, бұл арқылы ол өзінің адымын да есептеп үйренеді. Ал БЦС-ға шалдыққан балаға ең керегі де осы жаттығу. Жылқы — табиғи тренажер.                         Мінсе — көлік, ішсе – қымыз, жесе — ет болған жылқының қаншама қасиетін пайымдағанымызбен, парқын білмеген тұстарымыз да бар екен. Соның бірі де бірегейі осы тұлпар терапия ілімі. Мен бұл ем-шарасын иппотерапия деп емес, тұлпар терапия деп атар едім. Бабалар атқа мінуді биік өнер деңгейіне көтергені белгілі. Теңге ілу, қыз қуу, көкпар сияқты ұлттық қазына — адамның физикалық, психологиялық әлеуетін шыңдайтын ойындар. Атқа отыру адамға биохимиялық тұрғыда ықпал жасап, ағзаны нығайта түседі. Дәрігерлердің айтуынша, жылқы бұлшық еттерінің қозғалысы массаж жасауға қабілетті көптеген элементтен тұрады және адам ағзасын ақырындап қыздырады. Өйткені жылқы температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары болады. Атқа отырғанда тақымға берілетін жылу қан айналымын жақсартады. Тіпті, тақым арқылы тараған қан айналымы саусақтың ұшына дейін жүреді. Ат ақырындап желгеннің өзінде 110 түрлі тербеліс тудырады екен. Атпен желгенде құлап қалмай, дұрыс отыра білу үшін қимыл-қозғалысты бақылап, тепе-теңдікті сақтау қажет. Міне, осындай кезде тірек-қимыл жүйесінің қызметі бұзылған науқастың күнделікті өмірде қимылсыз қалған бұлшық еттері іске қосылады. Бұл жылқының емдік қасиетінің физикалық қыры болса, екіншісі эмоционалдық сипатқа ие. Мәселен, бала жаны жануарды жақсы көреді, онымен сөйлеседі, сырласады, салт ат жүргенде көңілі көтеріледі. Екіншіден, ат үстінде, биікте жүрген бала әлемге жоғарыдан қарайды. Сол арқылы оның өз-өзіне деген сенімділігі артады. Ал дәрігерлердің айтуы бойынша, сенім мен көтеріңкі көңіл күй нәтижелі ем алудың ең басты шарты  болып табылады.                             Атқа міну, жылқы жануарын бағындыру — жарымжан бала үшін үлкен жетістік. Сал ауруымен ауыратын бала өздігінен аяғын баса алмайды, ол өзін салт атты адам сезінгенде өз аяғымен жүргендей, психоэмоционалдық тұрғыдан әсер алады. Жылқы жүрісінің тербелісі және артқа, алға шайқалу арқылы баланың тірек-қозғалыс жүйесіне әсер етуге болады. Бала өзіне назар аударуды сезіне бастайды, ақырындап сөйлеуге тырысады. Мінез-құлқы да өзгеріп, көңіл күйі көтеріледі.

Әрине, елімізде жылқыға қызығушыларға арналған ипподромдар бар, алайда дәл осы емдеу іс-шараларымен айналысатын ұйымдар жоқтың қасы. Қазақстанда иппотерапия секілді сауықтыру әдісі әлі де болса кеңінен тарала қоймаған. Иппотерапияның Қазақстанда таралмай жатуының бірден-бір себебі ол науқастардың көптігі. Бір-екі ғана орталықтың мыңдаған науқастарды қабылдауға шамасы жетпейді. Сонымен қатар, әр баланы емдеуге үш маман қажет. Мамандарды дайындау өте қымбат тұратын дүние, сондықтан бүкіл әлемде бұл салаға мемлекет қолдау көрсетеді. Өскеменде иппотерапевттерді дайындайтын мамандар бар екен. Демек, осы саланы игерем деушілердің енді шетелге бармай-ақ өз елімізде де үйренуге мүмкіндігі бар.

Мұны бизнеске айналдырса, кәнеки!

Қазағыммен біте қайнасып келе жатқан бұл спорт түрі неліктен өзге елдерде өте танымал, ал өз елімізде тіпті оған қызығушылар да жоқ десе де болады. Мүмкін бұл емдеу саласы кей жерлерде бар шығар, бірақ өте қымбат бағада. Ал өзінің мүгедек баласының дәрісіне әрең ақша тауып жүрген ата-аналардың бұл ем түріне баруға қалтасы көтермейтіні айдан анық.

Арамызда мыңдаған жылқылары бар қалталы азаматтарымыз жетерлік. Неге ең болмағанда сол мыңдаған жылқысының 5-6-уын осы бір емдеу шараларына қайырымдылыққа сыйламасқа? Неге елімізде осы салада дәріс беретін қолжетімді бағада курстар ашпасқа? Сонда еліміздегі белең алып бара жатқан талай проблемалар да шешімін табар ма еді? Мәселен, жұмыссыздықтан бастайық: ауылда жұмыссыз жүрген қыз-жігіттеріміз осы сауықтыру әдісін арнайы курстарға барып үйреніп, білімін шыңдап, осындай орталықтарда жұмыс істесе. Сонда мыңдаған кемтар бауырларымыз дертіне шипа тауып, бәрі болмаса да біразы дерлік ауруынан айығып, өздігінен іс-әрекет жасайтын халге жететіні анық. Бұл ата-анаға қандай қуаныш десеңізші! Талай қалталы азаматтарымызды бір арнаға жұмылдырып, сауапты іске толы осы бұл шараны қолға алсақ, қоғамымыздың дамуы үшін кішкентай болса да үлесіміз тиер еді. Қазағыммен туа біткен өнерін дамытсақ, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді осылайша қайта жаңғыртсақ, нұр үстіне нұр емес пе? Меніңше, кешегі ата-бабаларымыздың дені сау, денесі мығым, ойы ұшқыр болуының бірден-бір себебі осы атқа мініп жүруінен деп есептеймін. Күнделікті көз алмай қарайтын планшеттерімізден бас тартып, ең болмаса аптасына бір рет отбасымызбен бірге қала сыртына шығып, таза ауа жұтып,  атқа мініп серуендеп қайтсақ, қандай тамаша күйде болар едік. Тіпті медициналық пайдасын айтпағанда, эмоциялық жағынан қандай керемет сезім бұл… Осы үрдісті дәстүрге айналдырсақ, ат спортына сұраныс та көбейер еді. Ал экономиканың заңдылығы бойынша қайсыбір тауарға немесе қызмет түріне сұраныс көбейсе, әрине, оның бағасы да төмендейтіні анық. Демек, әрқайсысымыз осы мәселеге аса жауапкершілікпен қарап, қолға алсақ, елімізде көкпар, бәйге, қыз қуу сынды керемет сайыстар өтіп, балдай тәтті сары қымызымызды ішіп жүрсек, деніміз сау болып жүреріне сенемін. Әрине, мұның бәрі айтар ауызға, дегенмен «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген тамаша сөз бекер айтылмаған ғой.

Тақырыпты тереңірек ашу мақсатында мен ең бірінші қадамымды Алматы қалалық мүгедектер қоғамынан бастадым. Мұнда маған Әли Аманбаев және Іңкәрбеков Ұлан есімді ағалар үлкен көмек көрсетті. Ол кісілердің айтуынша, терапияның бұл түрі мүгедектерге мүлдем жүргізілмейді екен, тек қалтасы көтеретін азаматтар ғана осы емді қабылдайды екен. Бұл шараны жүргізу үшін міндетті түрде мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, қолдау көрсетілуі тиіс дейді орталықтың басшысы. Мұндай мүмкіндік туса, әрине, мүгедектерге керекті құжаттарды түгендеп, оларды тасымалдау жөнінен көмек көрсететінін білдірді.

Одан соң мен «Жас-Ай» клиникалық орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы, академик Жасан Зекейұлымен осы мәселелер жөнінде әңгіме өрбіттім. Бұл ем түрі қуық безінің қабынуын (простат) жазу үшін массаж ретінде пайдаланылады екен. Яғни адам жылқымен желіп жүргенде табиғи түрде дәрігердің жасаған массажындай әсер алады. Онымен қоса жылқыдан тер шығады, бұл тердің адамның денесіндегі суықты, тамырдағы жүрмей қалған қандарды жүргізетін ерекше қасиеті бар. Жылқының қызу температурасы, энергиясы қазіргі заманауи қыздырушы аппараттың температурасымен бірдей екен. Бұл ем түрі таза ауада, яки өзеннің жағасында жүргізілсе, адам жылқыдан бірте-бірте энергия ала бастайды. Адам атқа мініп, шапқан кезде өміріндегі барлық қиындығын, мұң-қайғысын бір сәтте ұмытады. Жасан аға «бұл мәселені мемлекет қолға алып, үлкен бір қор ашу керек. Қарапайым халыққа қолжетімді бағада ұсынылуы тиіс» дейді. Сондай-ақ дәрігер «мұны елдің рухын көтеретін спорт ретінде дамыту керек» деген пікірде.

Қорыта келе айтарым, мемлекет тарапынан мүгедек жандардың емдік шараларына, дәрілеріне жыл сайын миллиондаған ақша бөлінеді. Неге сол қомақты сомаға әр қаладан бір иппотерапиялық орталық ашпасқа? Бұл емдік шара әлемнің түкпір-түкпірінде қайырымдылық ретінде жүріп жатқанда, неге жылқының отаны — Қазақстанда бұл қалта көтере алмас қымбат? Алматыдағы орталықтардағы жарты сағаттық ем алудың орташа бағасы 6 мың теңгені құрайды. Ал науқас өзінің ауруына қарай 3 ай немесе 6 ай ем қабылдауы мүмкін. Демек, ем қымбат.

Сенесіз бе, Францияда сарбаздарды сауықтыру  мақсатында ашылған иппотерапия орталығы бар екен. Бізде сарбаздар емес кішкентай балаларды емдейтін орталықтар ашылса да қуанар едік.

Қазақ халқы үшін жылқы тектілік пен батырлықтың, достық пен адалдықтың, сұлулық пен асқақтықтың, бостандық пен егемендіктің белгісі болып табылады. Елтаңбамызда жалы төгіліп тұрған пырақты ат бейнеленуі де жоғары айтылған жайттерді меңзейді. Бұл — біздің мәдениетіміз, тарихымыз.

 

                                                                                                                                              Аида Рахим